2023 жылдың 10-наурызында «Самұрық-Қазынада» Болат Жәмішевтің төрағалығымен Қоғамдық кеңестің кезекті ашық отырысы өтті. Отырыстың тақырыбы – Қор компаниялары тобындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі.

Жиынға қазақстандық қоғам белсенділері, саясаткерлер мен сарапшылар қатысып жатыр. Олардың сұрақтарына «Самұрық-Қазына» қорының Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов жауап берді. Отырысқа БАҚ назары бірден ауды. 

Қызметкерлердің денсаулығы – басшылықтың жеке жауапкершілігінде

Ауғановтың айтуынша, былтыр «Самұрық-Қазына» тобында өндіріс қауіпсіздігі бойынша алғашқы мамандандырылған форум өтті. Жиында қор өзіне қарасты 13 ірі компания басшыларына қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығына жеке өздері жауапты екенін ескертті. Жыл бойы мұндай еңбекті қорғауға қатысты іс-шаралар «Қазақтелеком», KEGOC, QazaqGaz және SK Ondeu компанияларында да алғаш рет өткізілді. Онда еншілес ұйымдардың, филиалдардың және құрылымдық бөлімшелердің басшылары қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер алды. 2022 жылы жүргізілген жұмыстың арқасында Қор тобы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің жалпы саны 2021 жылмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеді.

Өндіріс қауіпсіздігіне жауапты «Самұрық-Қазына» компанияларының 1-деңгейдегі бас директорлары өндіріс орындарын кемінде 2 айда бір рет тексеруге міндетті. 2022 жылы олар 43 тексеру жүргізген.

2022 жылы атқарылған жұмыстардың арқасында Қор тобы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан зардап шеккендердің жалпы саны 2021 жылмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеді. LTIF мүгедектік жарақаттарының жиілік коэффициенті 0,16 болса, өлім деңгейі 11 пайызға төмендеді.

Үздік халықаралық стандарт бойынша оқыту

«Самұрық-Қазына» тобында өндіріс қауіпсіздігін жақсарту мақсатында оқыту тренингтері, семинарлар тұрақты түрді өткізіліп тұрады. Оның мақсаты – қызметкерлер мен жетекшілер қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарап, мәселеге бей-жай қарамайтынын көрсетіп, үлгі болу. Оқыту Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау, өндіріс және өрт қауіпсіздігі туралы заңнамасымен шектеліп қалмай, сонымен қатар заманауи халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

98 қызметкер Ұлыбританиядағы Еңбекті қорғау жөніндегі ұлттық емтихан кеңесінің (NEBOSH) курсынан өтіп келді. Британиялық Қауіпсіздік және еңбекті қорғау институтының (IOSH) курсын 286 қызметкер оқып келді. Тағы 2430 қызметкер ұқыпты жүргізу курсын аяқтады.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» «Еңбек қауіпсіздігі мәдениеті» корпоративтік оқыту курсын әзірледі, оған британиялық IOSH оң бағасын берді. Қор өндірісте жұмыс істейтін барлық қызметкерді аталған курс бойынша оқытуды жоспарлап отыр.

Оған қоса еңбекті қорғау саласындағы тәжірибе алмасу қор тобындағы компаниялармен шектелмей, Қазақстанның басқа да жетекші компанияларымен тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Жақында «Самұрық-Қазына» қорының өндіріс қауіпсіздігі қызметінің мамандары «Теңізшевройл», North Caspian Operating Company, Karachaganak Petroleum Operating компанияларындағы әріптестеріне барып қайтты. Тәжірибе алмасу аясында «Қазпошта» қызметкерлері «Сауда-көлік компаниясында» болды. АлЭС қызметкерлері «СКЗ-U» ЖШС энергетика кешенінде электр қауіпсіздігімен танысты.

Сондай-ақ Қор компаниялары тобында жарақаттануды азайтуға және өнеркәсіптегі апаттарды болдырмауға бағытталған цифрлық шешімдер мен автоматтандырылған жүйелер белсенді енгізіліп жатыр. Болуы мүмкін төтенше жағдайды жою үшін портфель компаниялар оқу дабылдары мен апатқа қарсы жаттығулар өткізіп жүр.

Сарапшылар пікірі

Еңбек қауіпсіздігі тақырыбы мамандар мен қоғам белсенділерінің қызығушылығын тудырды. ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің басшысы Төлеген Оспанқұлов көптеген өндірушінің жұмысы денсаулыққа қауіп төндіретінін атап өтті. Ғибрат Ауғанов «Самұрық-Қазына» Қор тобының әрбір компаниясында  жазатайым жағдайдан сақтандырудың тиімді жүйесі болуын бақылайтынын жеткізді.

Bureau Veritas компаниясының қызметкері Асқар Аманбай «Самұрық-Қазына»  тобының еңбекті қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтығы қандай деңгейде екенін сұрады. Ғибрат Ауғанов холдинг компанияларының әрқайсы шетелдік серіктестермен ұдайы тәжірибе алмасып отыратынын білдірді. Мысалы, ҚТЖ Халықаралық теміржолдар одағымен, мұнай-газ компаниялары және бизнестегі шетелдік серіктестермен байланыста екенін атап өтті.

ҚР ЕХӘҚМ Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Әлімжан Бекмағамбетов «Самұрық-Қазынаға» еңбекті қорғау саласындағы халықаралық тәжірибені ғана емес, қазақстандық мамандардың еңбектерін де пайдалануды ұсынды. Ғибрат Ауғанов Қордың жаңа ұсыныстарға ашық екенін және отандық сарапшылармен кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Болат Жәмішев оларға Қор тобының еңбекті қорғау саласындағы іс-шараларына тәуелсіз сараптама жүргізуді ұсынды.

«Еңбекті қорғау мәселесіне көп көңіл бөлу керек. Бір орында тоқтап қалуға болмайды. Қауіпсіздік шараларын күнделікті ескеру маңызды. Бұл «Самұрық-Қазына» қоры жұмыс істейтін ESG қағидаттарына сәйкес келеді. Біз еңбек қауіпсіздігіне қатысты инвестициялардың деңгейі мен бағыттары туралы нақты шешім қабылдайық. Мәселен, жаңа техникалық жабдықты сатып алу жолдары. Біздің тәжірибеде осындай инновациялық шешімдердің сәтті шыққандары аз емес. Бұл ретте біздің кәсіпорындарда ғана емес, мердігер ұйымдарда да еңбекті қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет», - деп түйіндеді Қоғамдық кеңес төрағасы, «Самұрық-Қазына» Директорлар кеңесінің мүшесі Болат Жәмішев.

Бөлісу:

Баспасөз байланыстары

Телефон:

+7 (7172) 55-30-62

E-mail:

zh.temirbayeva@samruk-energy.kz

"Самұрық-Энерго" АҚ-дағы жаңалықтарды әлеуметтік желілерде қадағалаңыз: