2022 жылдың басындағы деректер бойынша Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) жалпы белгіленген қуаты 2010 МВт болатын 134 нысаны жұмыс істейді. Осы нысандардың (күн электр станциялары (КЭС), жел электр станциялары (ЖЭС), биогаз станциялары (БГС), шағын ГЭС) электр энергиясын өндіру көлемі 2021 жылы 4 220,3 млн. кВтс құрап отыр. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Нарықты дамыту» департаменті дайындаған Қазақстан Республикасындағы жаңартылатын энергия көздері нарығына шолуда айтылып өтеді.
Аталған құжатқа сәйкес, Қазақстанда ЖЭК саласындағы барлық жобалар инвесторлардың меншікті және қарыз қаражаты есебінен іске асырылады. Және де мемлекет өз тарапынан ЖЭК нысандары өндіретін электр энергиясының барлық көлемін белгіленген тариф немесе аукциондық баға бойынша кепілді сатып алу арқылы қолдау көрсетіп, ЖЭК нысандарын қолдауға арналған тариф бойынша дәстүрлі станциялар арасында бөледі. Бұған қоса, шағын көлемді ЖЭК жобалары үшін мемлекет жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шығындарды ішінара субсидиялайды.
Республикада жаңартылатын энергия көздері тұрақты түрде өсуде. Соңғы 7 жылда ЖЭК объектілерінің белгіленген қуаты 11 есеге, яғни 2014 жылғы 177,52 МВт көрсеткіштен 2021 жылғы 2010 МВт-қа дейін өсті.
ҚР Энергетика министрлігінің деректеріне сілтеме жасалған талдамалық шолуда атап өтілгендей, Қазақстандағы ЖЭК ресурстық әлеуеті мынадай көрсеткіштермен бағаланады:
- жел энергетикасы - жылына 920 млрд кВтсағ;
- гидропотенциал - жылына 62 млрд кВтсағ;
- күн энергетикасы - жылына 2,5 млрд кВтсағ;
- геотермалдық сулардың жылу әлеуеті - 4,3 ГВт.
Қазақстандық ірі электр энергетикалық холдинг саналатын «Самұрық-Энерго» АҚ құрамында бүгінде 5 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. 2021 жылы олардың электр энергиясын өндірудегі жиынтық көлемі 325,3 млн. кВтс құрады. Бұл ҚР-дағы барлық ЖЭК объектілері өндіретін электр энергиясы көлемінің 7,7% құрап отыр.
«Самұрық-Энерго» кәсіпорнында күрделі жобалардың, оның ішінде компанияның 2022-2031 жылдарға арналған Даму стратегиясына енгізілген энергия ауысу мақсатындағы «жасыл» жобалардың тізбесі әзірленді. Бұл жерде әңгіме қазіргі таңда Ақмола облысының Ерейментау қаласы ауданында салынып жатқан қуаты 50 МВт болатын, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы қуаты 60 МВт болатын жел электр станциялары туралы, сондай-ақ Шелек дәлізіндегі қуаты 240 МВт-тық ЖЭС пен қуаты 71 МВт болатын су электр станциясының құрамдастырылған жобасы, және Іле өзеніндегі қуаты 40,6 МВт болатын Кербұлақ СЭС-і туралы болып отыр.
Қазақстан Республикасындағы Жаңартылатын энергия көздері нарығын шолудың толық нұсқасымен мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.samruk-energy.kz/ru/press-center/analytical-review.