Олжас Бектенов еліміздің электр энергетикасы саласын дамыту бойынша кеңес өткізді: «Самұрық-Қазына» қорының жобалары қаралды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов электр энергетикасы саласының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Онда «Самұрық-Қазына» қорының жобалары және елдің энергетикалық егемендігін нығайту жөніндегі шаралар қаралды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Экономиканың өсуі, жаңа өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру және цифрлық инфрақұрылымды жедел дамыту аясында энергия жүйесіне жүктеме айтарлықтай арта түседі. Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге қол жеткізу міндеті үш бағыттың, атап айтқанда генерация қуаттарын арттыру мен электр желілерін дамыту және тұтыну көлемінің өсуін толық үйлеструді талап етеді», — деп атап өтті Үкімет жетекшісі. 

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың ағымдағы мәртебесі туралы баяндады. Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағының электр желісін күшейту жобасы Алматы – Жамбыл – Шымкент транзитінің өткізу қабілетін 440 МВт-қа арттырады. Оны пайдалануға беру мерзімі 2027 жылдың шілдесіне жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру оңтүстік аймақты электрмен жабдықтау сенімділігін нығайтады, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау үшін қосымша жағдайлар жасайды.

Батыс Қазақстанның энергожүйесін Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жөніндегі жоба өңірдің энергияға тәуелсіздігін күшейтуге және өткізу қабілетін 500 МВт-қа дейін ұлғайтуға бағытталған. Оны жүзеге асыру батыс аймақты электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырады, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы электр стансаларының өндіру қуатын еселеп, Ақтөбе энергия торабына түсетін жүктемені жеңілдетеді. Жобаны аяқтау келесі жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. Одан бөлек, батыс аймақты Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобасының екінші кезеңі 2035 жылы жүзеге асырылмақ. Осылайша жоғары вольтты энергия желісін бір-бірімен айналдыра байланыстыру жұмыстары аяқталмақ.

Сондай-ақ Алматы облысы мен Жетісу облысының электр желілерін дамыту жоспарлары ұсынылды. Бұл гидроэнергетиканы дамыту және жаңа ЖЭК нысандарын қосуға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталған жобалар Оңтүстік пен Батысты сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету, еліміздің энергетикалық жүйесі тұтастығын нығайту және Қазақстанның энергетикалық дербестігін арттыру сияқты негізгі міндеттерді шешуге бағытталған. 

Кеңесте «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Аңсар Айдаров Мемлекет басшысының сын-ескертпелеріне орай жұмысты күшейту жоспарлары туралы баяндады. Жұмыстың сапасын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларға, сондай-ақ жаңа генерациялаушы қуаттарды салу және пайдалануға беру мерзімдерін қатаң сақтауға ерекше назар аударылды. 

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту, Алматы ЖЭО-3-ті реконструкциялау, Көкшетау мен Семей қалаларында жылу электр орталықтарын салу, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту, Қызылорда, Түркістан облыстарында бу-газ қондырғыларын салу, сондай-ақ энергия жинақтау жүйелері бар ЖЭК-ті дамыту және гидрогенерация жобаларын жүзеге асыру барысы баяндалды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр Ұлттық электр желісін дамыту жұмыстары тұтыну көлемінің артуына сәйкес озық қарқынмен жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, келесі жылдың қыркүйегіне дейін елдің энергетикалық теңгерімін өзектендіру жұмыстарын аяқтауды қамтамасыз ету тапсырылды. Электр энергетикасы саласындағы инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын бақылауды күшейту бойынша бірқатар тапсырма берілді. 

KEGOC алаңында Премьер-министр Ұлттық электр желісін күзгі-қысқы кезеңге дайындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты және елдің энергетикалық егемендігін одан әрі нығайту мәселесі бойынша кеңес өткізді. KEGOC мәліметтері бойынша, цифрлық технологиялар мен ЖИ енгізу электр энергиясының ағынын оңтайландыру және шығындарды азайту есебінен 5,5 млрд теңге немесе EBITDA-ның шамамен 3% мөлшерінде жыл сайынғы қаржылық әсерді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар электр стансаларын жиілікті және белсенді қуатты автоматты реттеуге қосу жыл сайын шамамен 4 млрд теңгені қосымша үнемдеуді қамтамасыз етеді.

Ұлттық диспетчерлік орталықта энергожүйені басқару бойынша жұмыс таныстырылды және саланы басқару тиімділігін арттыру мен желілердегі шығындарды азайту үшін жаңа цифрлық шешімдерді енгізу жоспарлары ұсынылды. Цифрлық технологияларға және жасанды интеллектті енгізуге, сондай-ақ KEGOC базасында диспетчерлік басқару жүйесін жаңартуға назар аударылды. Орталық базасында электр энергиясын өндіру және тұтыну теңгерімі бақыланады, сондай-ақ барлық KEGOC-тың 83 қосалқы стансаларының жабдықтарын басқару жүзеге асырылады. 50 мыңнан астам көрсеткішті жаңарту төтенше жағдайларды жедел жоюға мүмкіндік береді. Мәселен, жыл басынан бері «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік желісінде жүктеменің күрт артуына байланысты шамамен 70-тен астам жағдай тіркелген. Оның 95%-ы тұрғындарды электр энергиясынан ажыратпай-ақ реттелген. AI-KEGOC интеллектуалды платформасы 21 энергия торабы мен жаңартылатын энергия көздерінің 169 нысаны бойынша электр энергиясын өндіру мен тұтыну көлемін бір тәулік бұрын болжайды. Синхрофазорлық өлшеулер негізінде жүйені мониторингілеу мен басқарудың цифрлық жүйелері «Солтүстік – Оңтүстік» негізгі энергия көпірінің өткізу қабілетін 250 МВт-қа арттыруға мүмкіндік берді, Бұл көрсеткіш тұтас бір қаланың электр энергиясын тұтыну көлемімен шамалас. Бұған жаңа нысандар салуға қосымша шығын жұмсамай қол жеткізіліп, электр энергиясының шығындары да азайтылды.

Ақпарат көзі: https://primeminister.kz/news/olzhas-bektenov-elimizdin-elektr-energetikasy-salasyn-damytu-boyynsha-kenes-otkizdi-samuryk-kazyna-korynyn-zhobalary-karaldy-32087

 

Аңсар Айдаров Құрылтай комитетінің отырысында ірі энергетикалық жобалардың іске асырылу барысы туралы баяндады

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аңсар Айдаров Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің отырысында компанияның негізгі энергетикалық жобаларының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады.

Ол Алматы 2-ЖЭО-ны жаңғырту, 3-ЖЭО-ны қайта құру, Екібастұз 2-МАЭС-ты кеңейту, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу, сондай-ақ Қызылорда облысында бу-газ қондырғысының құрылысына дайындық жұмыстары туралы баяндады.

Комитет Төрағасы Наталья Годунова құрылыс жұмыстарын жеделдету қажеттігін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының Жолдауында инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу қарқынына қатысты сын айтылғанын еске салды.

Самұрық-Энерго басшысы аталған жобалардың ерекше бақылауда екенін, құрылыс жұмыстарының барысы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына бақылау күшейтілгенін хабарлады.

Бұл жобаларды іске асыру еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және өңірлердің электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Самұрық-Энерго басшысы Аңсар Айдаров Алматы ЖЭО-ларындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді

2026 жылғы 30-31 қазанда «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аңсар Айдаров Алматы жылу электр орталықтарындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. «АлЭС» АҚ басшылығымен бірге 2-ЖЭО және 3-ЖЭО құрылыс алаңдарын аралады.

Алматы 3-ЖЭО-да «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы станцияны қайта құру жобасының іске асырылу барысымен танысты. Бас мердігердің ақпараты бойынша, №1 газ турбинасы мен генератор іргетасқа орнатылып, жобалық ось пен белгіге сәйкес орналастырылды. Қосалқы жабдықтарды монтаждау жұмыстары жалғасуда. №1 бу турбиналық қондырғысының іргетасын салу жұмыстары аяқталды, кәдеге жаратушы қазандықтың металл конструкциялары орнатылып, қыздыру беттері мен барабандары монтаждалды, түтін мұржаларын монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар газ дайындау пунктін, циркуляциялық сорғы станциясын, градирнялар мен су дайындау қондырғысын қоса алғанда, станцияның қосалқы нысандарын салу жұмыстары күшейтілді.

Алматы 2-ЖЭО-да Аңсар Айдаров үш газ турбинасын, бу турбинасын және су жылыту қазандығын аралап, олардың жай-күйімен танысты. 2026 жылғы 31 қазанда табиғи газға көшірілген су жылыту қазандығы Алматы қаласының орталық жылу желісіне алғаш рет жылу берді. Осылайша, жаңғыртылған стансадан жылу энергиясы желіге алғаш рет жеткізілді.

Құрылыс алаңдарын аралау қорытындысы бойынша Самұрық-Энергоның басшысы Аңсар Айдаров «АлЭС» АҚ және мердігер ұйымдардың қатысуымен кеңес өткізді. Ол жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтіп, энергетикалық нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін тиісті шараларын қабылдауды тапсырды.

 

Аңсар Айдаров «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының шешімімен Аңсар Айдаров «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды.

«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов компания ұжымына жаңа басшыны таныстырып, жұмыс кеңесін өткізді. Кеңес барысында ол негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін қатаң сақтау қажеттігін атап өтіп, электр станцияларының уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді талап етті.

Аңсар Айдаров «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін «Энергия Семиречья» ЖШС бас директоры, «Самұрық-Энерго» АҚ Жобалық кеңсесінің басшысы және инвестициялар жөніндегі бас директоры қызметтерін атқарған.

 

Еңбек қауіпсіздігі: Самұрық-Энергода өндірістік бөлімдер үшін басым бағыттарды айқындады

«Самұрық-Энерго» АҚ-да еншілес және тәуелді ұйымдардың өндірістік бөлімшелерінің басшыларымен кеңес өтті. Жиын Өндіріс жөніндегі басқарушы директор Ғалымбек Ауталиповтің төрағалығымен өтті.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе өндірістік нысандардағы ағымдағы жағдайды талдау және аудит қорытындылары бойынша қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қатаң бақылау болды. Еңбекті қорғауға формалды түрде қарауға және қауіпсіздік талаптарын елемеуге мүлдем жол берілмейтіні атап өтілді.

«Самұрық-Энерго» АҚ өндірістік қауіпсіздікке мониторинг жүргізуді күшейтеді. Компания бөлімшелерге жүйелі аудит жүргізуді жалғастырады. Ал еншілес және тәуелді ұйымдардың барлық деңгейдегі басшылары қызметінің тиімділігін бағалаудағы негізгі көрсеткіш жұмыс орындарындағы еңбекті қорғаудың нақты жай-күйі болмақ.

 

Самұрық-Энерго 2026 жылдың тоғыз айында электр энергиясын өндіру жоспарын шамамен 3%-ға асыра орындады

«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының кәсіпорындары 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 29,6 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірді. Бұл жоспардан 2,9%-ға және 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 1%-ға жоғары.

Жалпы нәтижеге негізгі үлесті қосқан - жылу электр станциялары. Олар 24,7 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіріп, жоспарды 3%-ға асыра орындады. Екібастұз 1-МАЭС станциясы 18 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіріп, жоспардағы көрсеткіштен 4%-ға жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Самұрық-Энерго су электр станциялары 4,64 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірді. Бұл да жоспардан 4%-ға жоғары. Су электр станциялары арасында ең жоғары нәтижелерді Шардара және Өскемен СЭС-тер көрсетіп, жоспарлы көрсеткіштерді 108%-ға орындады.

 

Самұрық-Энергоның өкілдері Қазақстан мен Қытайдың энергетика саласындағы техникалық ынтымақтастық форумына қатысты

Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық жабдықтар саласындағы техникалық ынтымақтастық форумы өтуде. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, энергетика және машина жасау кәсіпорындарының, салалық қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Форумда «Самұрық-Энерго» АҚ атынан компанияның Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ғалымбек Ауталипов сөз сөйледі.

Қатысушылар энергетикалық жабдықтарды жаңғырту, сервистік қызмет көрсетуді жергіліктендіру, қосалқы бөлшектерді жеткізу, техникалық мамандарды даярлау және бірлескен кәсіпорындар құру мәселелерін талқылады.

Форум аясында «Қытай – ШЫҰ» сауда-экономикалық институтының Жасыл энергетикаға сервистік қызмет көрсету орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Орталық энергетикалық машина жасау саласындағы Қытайдың жетекші кәсіпорындарының ресурстарын біріктіреді.

 

«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері Республика күніне орай мемлекеттік наградаларға ие болды

Республика күні қарсаңында «Самұрық-Қазына» АҚ-да Қордың компаниялар тобы қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Жоғары кәсібилігі және энергетика саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері мемлекеттік наградалармен маратталды.

«Құрмет» орденімен:

Асылов Абай Ноғайұлы — «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен:

Наурзғалиев Асан Әкімғалиұлы — «Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС бас директоры;

Рахимжанова Жұлдыз Тілектесқызы — «Екібастұз 2-МАЭС станциясы» АҚ химия цехының бастығы;

Салимов Фазоил Фазиолович — «Алматы электр станциялары» АҚ А. Жақұтов атындағы 2-ЖЭО өндірістік департаментінің директоры марапатталды.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының құрметті қызметкері атағына:

Горохов Александр Савельевич — «Алматы электр станциялары» АҚ 3-ЖЭО өндірістік департаменті логистика бөлімінің бастығы ие болды.

Әріптестерімізді лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта кәсіби табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!

Самұрық-Энерго Павлодар облысының тарихи және мәдени мұраларын сақтауға үлес қосуда

«Самұрық-Энерго» АҚ өз қызметін жүзеге асыратын өңір – Павлодар облысында тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды абаттандыруға және келушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаны іске асырды. Бұл ретте Қазақстанның екі көрнекті тұлғасы – ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен академик Шапық Шөкиннің есімдерімен байланысты тарихи-мәдени мұра нысандарына ерекше назар аударылды.

Павлодар облысының Баянауыл ауданы аймағындағы ағартушы, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі – еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келетін жұртшылық тәу ететін маңызды рухани орталық. «Самұрық-Энерго» АҚ тарихи кешеннің айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Кешен қасбеттеріне жарық шамдары орнатылып, санитарлық нысандарға апаратын жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды. Санитарлық тораптар жарықтандыру жүйесімен, сантехникалық жабдықтармен және автономды жылыту жүйесімен қамтамасыз етілді. Модульдік нысандардың кіреберіс алаңдары, қоршаулары бар баспалдақтармен, пандуспен жасақталды. Жаңартылған инфрақұрылым кешенге жылдың кез келген мезгілінде қолайлы жағдайда келуге мүмкіндік береді.

Мәшһүр Жүсіп өмірінің соңғы күндерін өткізген кесененің маңында шамамен 300 ағаштан тұратын саябақ сақталған. Ағаштарды сақтап, олардың жайқалып өсуіне жағдай жасау мақсатында «Самұрық-Энерго» АҚ автоматты суару жүйесін орнатып, сорғылар мен күн панельдерін қойды. Сондай-ақ аумақта су жинауға арналған резервуарлар орналастырылып, олар өзара құбырлар арқылы жалғанды.

Мәшһүр Жүсіптің және оның отбасының өмірімен тарихи тұрғыдан тығыз байланысты Сарыбұлақ бұлағын абаттандыруға да айрықша көңіл бөлінді. Бұлақты сақтау және қорғау мақсатында оның айналасы ретке келтірілді: су арнасы қоршалып, бастаудың үстіне ағаш қалқа орнатылды, маңына тас төселген алаң жасалды. Ал су ағынының үстінен металл қоршаулары бар жаяу жүргіншілер көпірі салынды.

 

Ағынды сулардың табиғи су айдынына түсуіне жол бермеу үшін оларды автономды септикке бұру көзделген.

Тағы бір маңызды жоба – Павлодар облысы Баянауыл ауданының Жаңажол ауылында орналасқан көрнекті ғалым-энергетик, академик Шапық Шөкиннің мемориалдық музейін жаңғырту жұмыстары болды.

Ұзақ жылдар бойы музей негізінен ауыл мектебінің күшімен күтіп-ұсталып келді. Ғимарат жөндеуді, ал келушілерді қабылдау жағдайлары жақсартуды қажет етті. «Самұрық-Энерго» ұжымының қатысуымен ғимараттың қасбеті жөнделіп, жарықтандыру жүйесі мен жиһаздары жаңартылды. Компанияның бұл жобаға қатысуының кәсіби мәні ерекше. Бұл – кезінде энергетика саласының негізін қалаған тұлғаның рухына көрсетілген құрмет. Бүгінде осы энергетика саласын еліміздің мыңдаған кәсіби мамандарынан құралған ұжым одан әрі дамытып келеді.

Іске асырылған барлық жобаның ортақ мақсаты – Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, атақты, елге белгілі отандастарымыздың есімдері мен еңбегін ұлықтау және тарихи маңызы бар нысандарға келушілер үшін қолайлы жағдай жасау. Осылайша, «Самұрық-Энерго» АҚ тарихи жадыны сақтауға, ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге және рухани мұрамызды дәріптеуге елеулі үлес қосып келеді.

Самұрық-Энерго және China Energy International Group ЖЭК саласындағы бірлескен жобалардың іске асырылуын талқылады

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов China Energy Overseas Investment Co., Ltd компаниясының Басқарма төрағасы Линь Сяоданьмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаның іске асырылу барысын талқылады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында фотоэлектрлік модульдердің шамамен 70%-ы орнатылған. Тараптар құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарының келесі кезеңдерін, құрылыс кестесін сақтау және қажетті ресурстарды тарту мәселелерін қарастырды.

Электр энергиясын желіге алғаш рет беру 2026 жылғы желтоқсанға, ал станцияны толық пайдалануға беру 2027 жылдың I тоқсанына жоспарланған.

Сондай-ақ Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасының іске асырылу барысы қаралды. Құрылыс алаңында бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жел энергетикалық қондырғыларын монтаждау мен электр беру желілерінің құрылысын бастау 2027 жылдың басына жоспарланған. Алғашқы электр энергиясын өндіру 2028 жылы күтілуде. Алдағы кезеңдерді уақтылы орындауға, жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етуге және Қазақстанда өндірілген жабдықтарды қолдану аясын кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, тараптар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясындағы перспективалы жобаларды талқылады. Атап айтқанда, Жетісу облысында энергия жинақтау жүйесі бар, жалпы қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу жобасын іске асыру перспективалары қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады. Сондай-ақ жобаларды іске асыру жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға, олардың орындалу барысына, белгіленген бақылау кезеңдері мен мерзімдерінің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізуге уағдаласты. Ынтымақтастық жаңартылатын энергетиканы дамытуға және Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

 

«Самұрық-Энерго» Орталық Азияның бес елінен келген ЕҚЫҰ және GWNET бағдарламасының қатысушыларына жел энергетикасы саласындағы тәжірибесін таныстырды

«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобына кіретін «Бірінші жел электр станциясы» ЖШС ЕҚЫҰ Энергетикалық ауысу жөніндегі жаһандық әйелдер желісінің (GWNET) қатысуымен ұйымдастырған Орталық Азияның энергетика секторындағы әйелдердің кәсіби даму бағдарламасына қатысушылардың халықаралық делегациясын қабылдады.

Сапарға Орталық Азияның бес елінен — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан, сондай-ақ ЕҚЫҰ мен GWNET ұйымдарынан 20-дан астам өкіл қатысты.

Жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытудағы қазақстандық тәжірибемен танысу үшін Ақмола облысының Ерейментау қаласы маңында орналасқан Бірінші жел электр станциясы таңдалды. Сапар барысында қатысушылар станцияның инфрақұрылымымен, жел энергетикалық қондырғыларын пайдалану ерекшеліктерімен және Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайларында жаңартылатын энергия көздерін қолданудың практикалық қырларымен танысты.

Бірінші жел электр станциясы — Қазақстандағы өнеркәсіптік жел энергетикасының алғашқы ірі жобаларының бірі. Станция 2015 жылы пайдалануға берілді. Іске қосылған сәттен бері өндірілген электр энергиясының жалпы көлемі 1,57 млрд кВт·сағ-тан асты.

Іс-шара ЕҚЫҰ-ның «Энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты даму үшін Орталық Азияның энергетика секторындағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесу» халықаралық жобасы аясында өтті. Жоба әйелдердің кәсіби және көшбасшылық құзыреттерін дамытуға, олардың энергетика саласына қатысуын арттыруға бағытталған.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның осындай халықаралық бастамаларды қолдауы ЖЭК жобаларын іске асырудағы практикалық тәжірибені таратуға, салалық құзыреттерді нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.