«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Екібастұзға жұмыс сапары барысында қала әкімі Аян Бейсекинмен кездесті. Тараптар ағымдағы жылу беру маусымының өту барысын және «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қаланың әлеуметтік жобаларына қатысуы мәселесін талқылады.
Содан кейін Самұрық-Энерго басшысы компанияның Павлодар облысында орналасқан энергетикалық нысандарын аралады. Қайрат Мақсұтов «Богатырь Көмір» ЖШС басшылығының алдына еліміздің электр станцияларына көмірді тұрақты әрі сенімді жеткізуді тапсырды. Компания жаңа өндіруші қуаттарды енгізуді ескере отырып, кәсіпорынды дамыту мен өндірістік қуатты ұлғайтудың кешенді бағдарламасын ұсынды.
Екібастұз 2-МАЭС-те Самұрық-Энерго басшысы №3 энергия блогын салу жобасының іске асырылуын тексеріп, мердігерлердің құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалу барысы туралы ақпаратын тыңдады.
Келесі нысанға - Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС-ке барып, Қайрат Мақсұтов жұмыс кеңесін өткізді. Станция басшылығы жөндеу бағдарламасының аяқталғаны, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарды өткізгені, сондай-ақ отын беруді қайта құру және жаңғырту, жаңа түтін құбырын салу бойынша іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы баяндады.




