Күзгі HR Connect: Озық тәжірибелер алаңы

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның  Адам ресурстарын басқару департаменті күзгі HR Connect шарасын ұйымдастырды. Оған «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының HR-мамандары қатысты. 

Самұрық-Энерго HR қызметкерлері әріптестерімен еңбек эргономикасы туралы, жұмыс берушінің бренді, компанияда жүргізіліп жатқан үздіксіз жақсартулар бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, олар Самұрық-Энерго әйелдер клубының жұмысы жайлы, зейнеткерлерді қолдау және еншілес ұйымдардағы дуальды оқыту бағдарламалары туралы кеңінен ақпарат берді.  

Іс-шараға қатысушылар тақырып аясындағы өзекті мәселелерді белсенді талқылап, тәжірибе алмасты. Осылайша, HR Connect қызметкерлерді басқару бойынша инновациялық шешімдерді енгізудің маңызды алаңына айналды. 

. 

  

 

Самұрық-Энерго және Kazenergy өкілдері АлЭС әйелдер клубының отырысына қатысты

«Самұрық-Энерго» АҚ «Корпоративтік басқару және Орнықты даму» департаментінің директоры Мәдина Айсариева мен KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ақмұрзина «АлЭС» АҚ әйелдер клубының өкілдерімен кездесу өткізді. Клубтың кезекті тоғызыншы отырысында қыркүйек айының басында Астанада өткен «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының бірінші әйелдер форумының қорытындысы қаралды.   

. 

 

Мәдина Айсариева әйелдер күн тәртібінің стратегиялық міндеттерін және энергетика саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлары туралы айтты.       

«Бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобындағы әйелдердің үлесі 26%-ды құрайды. Біз әрбір әйел өз әлеуетін іске асыра алатын инклюзивті жұмыс кеңістігін құруға тырысамыз», - деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ әйелдер клубының негізін қалаушы Мәдина Айсариева.  

KAZENERGY атқарушы директоры Ләззат Ақмұрзина отырысқа қатысушыларға Қауымдастықтың Әйелдер энергетикалық клубының қызметі, өткізілетін тренингтер мен семинарлар туралы айтты. Атап айтқанда, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында іске асырылатын «Энергетикадағы әйелдер көшбасшылығы» ЕМВА бағдарламасы туралы. Бағдарлама энергетика саласындағы әйелдерге сапалы білім беру мен қолдауды қамтамасыз ете отырып, болашақ көшбасшыларды даярлауға бағытталған.   

  

 

«АлЭС» АҚ персоналды даярлау бөлімінің бастығы компаниядағы Әйелдер клубының жұмысы туралы айтып берді.  Клубтың 300-ге жуық қатысушысы бар. Осы уақыт ішінде кадр резервіндегі әйелдердің үлесі 25%-ға жетті, қызмет бабы бойынша 25 ілгерілеу байқалды. Әйелдер компанияның өзекті міндеттерін талқылауда белсенділік танытып, өз құзыреттерін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, қоғамдық қызметті белсенді атқаруда.   

Әйелдер клубы өкілдерінің кездесуі 2025 жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтетін 1-ЖЭО-ға экскурсияға барумен аяқталды.  

Самұрық-Энергоның бес жас маманы «Жеті қадам» бағдарламасын сәтті аяқтады

Жас көшбасшыларды дамыту бағытындағы «Жеті қадам» модульдік бағдарламасының екінші кезеңінің жабылу рәсімі болды. Оған «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларының және олардың еншілес ұйымдарының 50 маманы қатысты.   

Аталмыш жобаға «Самұрық-Энерго» АҚ-дан 5 жас маман қатысты: Төлеулиева Әйгерім («Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік орталығы), Әмірбеков Әсет («Алматы электр станциялары» АҚ), Нәби Перизат («Алатау Жарық Компаниясы» АҚ), Кавун Алена («Богатырь Көмір» ЖШС) және Жұмажанов Данияр («Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ).  

Қатысушылар 5 ай бойы коммуникативтік дағдыларын, көшбасшылық әлеуеттерін және басқару құзыреттерін дамыту, бюджеттік жоспарлау қағидаттарын түсіну  бағытында оқыды. Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар жобалық жұмыстарын сәтті қорғады.   

Комиссия шешімі бойынша «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қызметкері Нәби Перизаттың «SMART Каска» жобасы Самұрық-Энерго компаниялар тобы бойынша  ұсынылған жұмыстардың ішінде үздік деп танылды. Ақылды каска биометрия құрылғылары арқылы адамның жүрек соғысы, қан қысымы, дене температурасы туралы ақпарат береді. Сонымен қатар каска жұмысшылардың қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша бақылауға арналған. Озық деңгейдегі жүйе еңбек тәртібін арттыруға, жұмыс және демалыс режимін реттеуге және өндірістегі жарақаттанудың алдын алуға мүмкіндік береді. 

 

 

«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Алматы 2-ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жұмыс сапарымен Алматы 2-ЖЭО-ға барды. Самұрық-Энерго басшысы Қайрат Мақсұтов оған «АлЭС» АҚ құрамына кіретін станциялардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы туралы баяндады.   

Бүгінгі таңда станциялардағы барлық жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Жөндеу науқаны белгіленген мерзімде аяқталады. «АлЭС» АҚ объектілері күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортын алу бойынша іс-шаралар өткізуде. 

Самұрық-Қазына басшысы қазіргі уақытта көмірмен жұмыс істейтін Алматы 2-ЖЭО-ның жұмысымен танысып, жылу электр орталығының аумағындағы жаңа бу-газ станциясының құрылыс алаңында болды.  

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. 2-ЖЭО-ны жаңғырту және кейіннен оны газға көшіру ауаға шығарылатын шығарындыларды азайтуға, сондай-ақ электрмен және жылумен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

. 

 

Ақмола облысының әкімдігінде Көкшетау қаласында ЖЭО салу жобасы бойынша кеңес өтті

Көкшетау қаласында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «Интер РАО-Экспорт» ЖШҚ Бас директоры Максим Сергеевтің қатысуымен кеңес өтті.  

Кеңесте «Көкшетау қаласында ЖЭО салу» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, станцияны жобалау, 2024 жылға арналған жұмыс жоспарлары, сондай-ақ ЖЭО үшін жеткізу инфрақұрылымын салу мәселелері қозғалды. 

Қайрат Мақсұтов 2024 жылғы тамызда қол қойылған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу шарты және құрылыс алаңында басталған дайындық жұмыстары туралы хабардар етті. Өз кезегінде, Интер РАО-Экспорт басшысы жабдықты жеткізу, қаржыландыруды ұйымдастыру жөніндегі мәселелердің егжей-тегжейлері туралы хабарлады. 

Кеңес қорытындысы бойынша Ақмола облысының әкімі әкімдіктің уәкілетті басқармалары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарға жобалау үшін барлық қажетті бастапқы деректерді беру, сондай-ақ сыртқы инфрақұрылым салу жөніндегі жоспарларды ЖЭО салу жоспарларымен үндестіру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. 

 

 

 

Экочеллендж: Тазалық жұмыс орнынан басталады

«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері «Таза Қазақстан сенен басталады» экологиялық челленджіне белсене қатысуда. Эко іс-шараның мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы табиғатты қорғауға шақыру.  

Сондай-ақ, акция қызметкерлер арасында күнделікті эко әдеттерді қалыптастыруды көздейді. Осы орайда компания қызметкерлері жұмыс орындарын дұрыс ұйымдастыру бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.   

Корпоративтік орталық қызметкері Әсел Баймахан жұмыс орнын жасыл желекпен көмкеріп, айналасын әдемі гүлдерге толтырды.  

«Кеңсе өсімдіктерінің денсаулыққа пайдасы зор. Сонымен қатар олар айналаға сән беріп, көңіл-күйді көтереді. Бұл өз кезегінде жұмыс процестерінің тиімділігін арттырады», - дейді Әсел 

 «АлЭС» АҚ қарасты Батыс жылу кешенінің қызметкері Ақерке Иембергенова жұмыс орнында тазалық сақтауға аса назар аударатынын айтты.   

«Жан-жағыңды қажетсіз заттардан тазартып, айналаны реттеп отыруды әдетке айналдырудың маңыздылығын түсіндім. Жұмыс орнында қызметкерге кедергі жасайтын артық заттар болмау керек. Бұл жұмыс барысында қойылған міндеттерге баса назар аударып, жетістіктерге қол жеткізуге септігін тигізеді», - деп санайды Ақерке Иембергенова. 

#тазақазақстансененбасталады 

#ecoenergy  

 

Самұрық-Энерго басшысы өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өткізді

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов еншілес және тәуелді ұйымдармен өндірістегі жарақаттанудың алдын алу мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Жиында еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру аясындағы іс-шаралар қаралды.      

«Богатырь Көмір» ЖШС, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Алматы электр станциялары» АҚ-ның бірінші басшылары баяндама жасады. Олар жазатайым оқиғаларға қатысты тергеу нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабардар етті.  

Самұрық-Энерго басшысы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерінің осал тұстарын атап өтті. Бұл ретте өндірістік қауіпсіздікті тиісінше бақылауға және ұйымдастыруға жауапты тұлғалардың орындаушылық тәртібінің  төмендігіне баса назар аударылды. 

Кеңес қорытындысы бойынша Қайрат Мақсұтов еңбек жағдайларын жақсарту, өндірістік қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау туралы бірқатар тапсырмалар берді. 

 

 

 

Астанада «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы бойынша алғашқы Әйелдер форумы өтуде

"Women in power" әйелдер форумын "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов ашты. Ол іс-шараға қатысушыларды құттықтап, энергетика саласындағы әйелдер жұмысының маңыздылығын атап өтті. 

"Самұрық-Энерго" АҚ компаниялар тобы қызметкерлерінің 26%-ын әйелдер құрайды. Біздің компания 2011 жылы БҰҰ-ның жаһандық шартына қосылды және өзінің Стратегиясында және күнделікті қызметінде осы құжаттың принциптерін ұстанады. Біз гендерлік теңдік қағидаттарын ұстанамыз және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмысты жалғастырамыз", - деді Қайрат Мақсұтов. 

"Самұрық-Қазына" АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі Басқарушы директоры Салтанат Сатжан құттықтау сөз сөйледі. 

"Самұрық-Қазына" қорында 68 мыңнан астам әйел жұмыс істейді. Бұл ретте топтың жоғары басшылығындағы әйелдердің үлесі 17%-ды құрайды және көрсеткішті 2030 жылға қарай 30% - ға дейін арттыру жоспарлануда", - деп атап өтті Салтанат Сатжан. 

Сонымен қатар ол аталған көрсеткіштерге қол жеткізу тек гендерлік теңдікке ұмтылу емес, пікірлердің екіжақтылығы мен әртүрлілігі қолдау табатын, гендерлік теңдік қана емес, сонымен қатар кәсіби, мәдени және т. б. ортаны құрудың кең стратегиясының бөлігі екенін айтты. 

Форумда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова, Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" Құрылымы Кеңсесі басшысының м.а. Дина Амришева, KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ахмурзина сөз сөйледі.  

Іс-шараға Самұрық-Энерго еншілес ұйымдарының 150-ден астам әйел қызметкерлері қатысты. Панельдік сессия аясында олар энергетика саласындағы әріптестіктің, прогрестің және әйел болашағының өзекті мәселелерін талқылады. 

Жиын қорытындысы бойынша форум қарарын қабылдау және қатысушыларға сертификаттар тапсыру жоспарлануда. 

Astana Finance Days 2024. Энергия ауысуын қаржыландыру. Тұжырымдаманы практикада іске асыру.

2024 жылғы 5 қыркүйекте «Астана» Халықаралық Қаржы орталығы алаңында жыл сайынғы Astana Finance Days 2024 қаржы конференциясын өткізу шеңберінде «Энергия ауысуын қаржыландыру». Тұжырымдаманы практикада іске асыру» тақырыбына арналған сессия өтті. Сессия модераторы болып Президент Кеңесшісі – ҚР Президентінің Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова тағайындалды. «Самұрық-Энерго» АҚ тарапынан спикер ретінде Экономика және қаржы жөніндегі Басқарушы директор Алмасби Камалов шақырылды. 

Самұрық-Энерго баяндамасы энергетика саласының ағымдағы даму үрдістеріне және компанияның даму векторын қалыптастыратын факторларға арналды. Баяндамада атап өтілгендей, «Самұрық-Энерго» АҚ энергетика саласының әлемдік көшбасшыларымен серіктесе отырып жалпы қуаты шамамен 6 ГВт болатын ЖЭК-генерациялау жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр.  

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін «Самұрық-Энерго» АҚ энергетикалық ауысудың қаржы құралдарын белсенді пайдалануды жоспарлап отыр. Бұған дейін компания Самұрық-Қазына компаниялар тобы бойынша дебюттік жасыл облигациялар мен тұрақты даму облигацияларын сәтті орналастырған болатын. Қазіргі уақытта компания шетелдік экспорттық кредит агенттіктерімен және MIGA секілді қаржылық даму институттарымен белсенді диалог жүргізуде. Бұл құралдар шетелдік инвестицияларды ұзақ мерзімге және қолайлы шарттармен тартуға мүмкіндік береді. 

 

Самұрық-Энерго Көкшетау қаласында ЖЭО салуға кірісті

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында Көмір жылу электр орталықтарын салу жөніндегі келісімді іске асыру шеңберінде «Көкшетау ЖЭО» ЖШС мен «ИНТЕР РАО-Экспорт» ЖШҚ арасында ағымдағы жылғы 29 тамызда «Көкшетау қаласындағы ЖЭО құрылысы» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қатысты шартқа қол қойылды.

«Көкшетау ЖЭО» ЖШС аталған жоба бойынша Тапсырыс берушінің функцияларын орындау және жаңадан салынған ЖЭО-ны одан әрі пайдалану мақсатында «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірлескен шешімімен құрылған болатын.

Жоба бойынша Көкшетау қаласында электр қуаты 240 МВт және жылу қуаты 520 Гкал/сағ болатын жаңа жылу электр орталығын салу көзделген. Осы айтылғандарға қоса ЖЭО-ны кейіннен көмірден табиғи газға ауыстыруға мүмкіндік беретін технологиялық шешімдер көзделетін болады.

Көкшетау қаласында ЖЭО нысанын салу өнеркәсіп кәсіпорындарының, бизнестің және жергілікті халықтың электр және жылу энергиясына деген жылдан-жылға өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ЖЭО құрылысын жүргізу кезеңінде 1500-ге жуық адам жұмысқа жұмылдырылатын болады, станцияны одан әрі пайдалану негізінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Болашақ ЖЭО құрылысы жұмыс істеп тұрған РК-1 және РК-2 аудандық қазандықтары маңындағы бос алаңда жоспарланып отыр. Жаңа ЖЭО-дан атмосфераға тарауы мүмкін ластаушы заттардың шығарындылары Көкшетау қаласындағы қолданыстағы қазандықтардың жиынтық шығарындыларынан төмен болады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында ЖЭО құрылысы алаңында құрылыс жұмыстарын бастауға кірісу жоспарланып отыр және жыл соңына дейін негізгі және қосалқы жабдықтарды дайындауға тапсырыстар орналастырылатын болады.

Екібастұз 2-МАЭС №3 және №4 энергия блоктарын салу бойынша ЕРС-келісімшартқа қол қойды

Екібастұз 2-МАЭС-те «Екібастұз 2-МАЭС-ті №№3,4 энергия блоктарын салу арқылы кеңейту және реконструкциялау» инвестициялық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 2024 жылы 27 тамызда Ресей-Қазақстан Консорциумымен ЕРС-келісімшартқа қол қойылды.

ЕРС-келісімшартта әрқайсысының қуаты 540 МВт №3 және №4 энергия блоктарын жобалау, жабдықтарды жеткізу және толық аяқтап салу көзделген. №3 энергия блогын пайдалануға беру 2028 жылға және №4 энергия блогын пайдалануға беру 2030 жылға жоспарланған. Құрылыс аяқталғаннан кейін Екібастұз 2-МАЭС-тің жалпы қуаты 2080 МВт-ны құрайды.

Жобаны қаржыландыру болжам бойынша экспорттық бағдарлама шеңберінде өз қаражаты және субсидияланған сыйақы мөлшерлемесі бойынша ресейлік қаржы институттары беретін жеңілдікті қарыз есебінен болады.

Биыл жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, негізгі және қосалқы жабдыққа тапсырыс орналастыру, сондай-ақ дайындық құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарлануда.

Екібастұз 2-МАЭС-ті «№3 және 4 энергия блоктарын салу арқылы кеңейту және реконструкциялау» жобасын іске асыру энергия тапшылығын жабуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.

Анықтама үшін: «Екібастұз 2-МАЭС» акционерлік қоғамы «Самұрық-Қазына» АҚ (50%) мен «Самұрық-Энерго» АҚ (50%) компанияларының еншілес компаниясы болып табылады.