Самұрық—Энерго ұжымы «Самұрық-Қазына» АҚ және оның портфельдік компанияларының қызметкерлерімен бірге Президенттік саябақтың аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Компания қызметкерлері саябақты қоқыс пен құрғақ жапырақтардан тазартты, осылайша Астананы абаттандыруға өз үлестерін қосты.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың төрағалығымен «АлЭС» АҚ-да көшпелі жиын өткізілді.
Жиналыс барысында АлЭС-те іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ағымдағы жағдайы бойынша есеп тыңдалды. 2024-2028 жылдарға арналған бизнес-жоспарға түзетулер енгізу аясында «АЖЭО-2-ні жаңғырту», «АЖЭО-3-ті реконструкциялау» жобаларын дамыту және қаржыландыру жоспарлары қарастырылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта су электр станциясын жаңғырту бойынша атқарылатын іс-шаралар талқыланды.
Қайрат Мақсұтов жиналысты қорытындылап, жобаны дамыту жоспарын жүзеге асыру және Жол карталарын жаңарту шеңберінде нақты тапсырмалар берді.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қызметкерлері өз еріктерімен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударуға шешім қабылдады. Олар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 29,4 млн. аударды.
Екібастұз ГРЭС-2 қызметкерлері Солнечный ауылының тұрғындарымен бірлесе қаржы жинап, Атырау мен Оралға гуманитарлық көмек жөнелтті. Станция ұжымы ең қажетті заттардан тұратын жинақтарды Атбасар қаласы тұрғындарына да жіберді. Сонымен қатар, олар табиғи апаттан зардап шеккен аймақтар үшін гуманитарлық көмек қабылдау пунктін ұйымдастырды.
«Самұрық-Энерго» АҚ жастар кеңесі белсенділік танытып, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына жағалауды нығайту жұмыстары үшін қапшықтар жөнелтті. Сонымен қатар, «АлЭС» АҚ жүктерді тасымалдауға арнайы көлік ұсынды, ал компания жастары гуманитарлық көмекті тиеуге атсалысты.
Іс-шара Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылған. Осыған байланысты барлық еншілес ұйымдарда қауіпсіздік техникасы бойынша семинарлар, тренингтер және алғашқы медициналық көмек көрсету сабақтары өтуде.
Сонымен қатар ЕТҰ құрылымдық бөлімшелері арасында «Зияткерлік конкурс бойынша үздік команда», «Спорттық-тактикалық жарыстар бойынша үздік команда», «Үздік GIF-дизайн, бейнеролик» конкурстары өткізіледі. Сонымен қатар, «Ашық есік күндері», балалар конкурстары мен еңбекті қорғау бойынша викториналар өтіп жатыр.
Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен үздік қызметкерлер құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Бүгін «Jas Energy» жастар кеңесі мүшелері әріптестері арасында салауатты өмір салтын қолдау мақсатында «Дәрумендер күні» акциясын өткізді.
Іс-шараның мақсаты –таңғы жаттығулардың пайдасын дәріптеу арқылы қызметкерлерді зиянды әдеттерге деген құштарлықтан арылуға шақыру. Ережеге сәйкес жаттығу жасаған жұмыскерлерге сыйлық ретінде дәрумендер мен көкөністер табысталды.
Осылайша жұмыс күнінің көңілді басталуы қызметкерлерге сергектік пен позитив сыйлады
«Самұрық-Энерго» АҚ еншілес ұйымдары су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына көмек көрсетуді жалғастыруда.
О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ СЭС қызметкерлері бірінші кезектегі қажетті заттарды жинастырып, су тасқынынан зардап шеккен Орал тұрғындарына гуманитарлық көмек жолдады. Қиын жағдайға тап болған отандастар үшін мойнақтықтар ауыз су, тамақ, гигиена құралдары, төсек-орын жабдықтары және басқа да тұрмыстық заттарды жөнелтті.
Шардара СЭС ұжымы табиғи апаттан зардап шеккендерге азық-түлік тауарларын, олардың ішінде ұн, қант, жарма, көкөністер және басқа да азық-түлік өнімдерін жіберді. Жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізу үшін қажетті материалдар мен гигиена құралдары да жіберілді.
Шүлбі СЭС қызметкерлері де қолдау білдіріп, қаражат жинады. Әрбір қызметкер зардап шеккендерге көмек қолын созып, өз үлесін қосты. Материалдық көмек Biz birgemiz Qazaqstan қоғамдық қорына жіберілді.
«Самұрық-Энерго» АҚ еншілес ұйымдары су тасқыны жүріп жатқан өңірлердің тұрғындарына көмек көрсетуде.
«Samruk-Green Energy» ЖШС қызметкерлерінің күшімен табиғи апаттан зардап шеккендерге ең қажетті заттардан жинақталған гуманитарлық көмек жөнелтті. Оның ішінде күрек, шелек, құм салуға арналған қаптар, резеңке етік, генератор, су сорғыш және басқа да керек-жарақтар бар.
«АлматыЭнергоСбыт» ЖШС ұжымы Атырау облысындағы су тасқынымен күресу жұмыстарына қажетті материалдарды сатып алу үшін өз еркімен 4 миллион теңгеден астам қаражат жинады. Материалдық көмек «Атырау» корпоративтік әлеуметтік даму қорына жіберілді.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетика Министрліктері арасындағы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Келісімге ҚР Энергетика Министрі Алмасадам Сәтқалиев пен РФ Энергетика Министрі Николай Шульгинов қол қойды. Құжатқа қол қою бейнеконференция байланысы арқылы жүргізілді.
Келісім тараптардың негізгі міндеттемелерін, жобаларды іске асыру кезеңдерін, жаңа жылу станциялары үшін шығарындылар бойынша экологиялық талаптарды және қаржыландыруды тарту шарттарын айқындайды.
«Энергетикалық көмірдің мол қорын ескере отырып, үш облыс орталығында, Семей, Көкшетау және Өскеменде үш жаңа ЖЭО салу өңірлердің одан әрі дамуына қуатты серпін береді», - деп атап өтті ҚР Энергетика Министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Тараптардың әрқайсысынан жобаларды іске асыру жөніндегі уәкілетті ұйымдар болып «Самұрық-Энерго» АҚ және «ИНТЕР РАО – Экспорт» ЖШҚ белгіленді.
2023 жылғы 9 қарашада Қазақстан мен Ресей мемлекеттері басшыларының кездесуі аясында ҚР және РФ энергетика Министрліктері арасында меморандумға қол қойылғанын естеріңізге сала кетейік. Меморандумды орындау аясында Жол картасын әзірлеу және жобаларды іске асырудың негізгі шарттарын айқындау үшін жұмыс тобы құрылды.
Алматы әкімдігінің қаулысына сәйкес қалада 2023-2024 жылғы жылыту маусымы 15 сәуірде аяқталды.
«Жылыту маусымы сәтті өтті. Қала мен Алматы өңірінің тұтынушылары жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етілді. Осы жылыту маусымында Алматы электр станциялары тұтынушылар алдындағы шарттық міндеттемелерді толық көлемде орындап, 2,9 млрд кВт*сағ электр энергиясын және 4,6 млн Гкал жылу энергиясын өндірді», – деп атап өтті «АлЭС» АҚ Басқарма төрағасы Ерік Маширов.
АлЭС Алматы мен Алматы өңірінің негізгі энергия көзі болып табылады. Компания орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағы бойынша жылудың шамамен 76% -ын және электр энергиясының 60% -ын қамтамасыз етеді. «АлЭС» АҚ құрамына: үш ЖЭО, Батыс жылу кешені, Қапшағай ГЭС, Каскад ГЭС, «Энергожөндеу» өндірістік-жөндеу кәсіпорны, ОҚТО кіреді.
Сәуір айында жоспарларға сәйкес Компания энергия көздерінің негізгі және қосалқы жабдықтарында жөндеу науқанын бастайды.
Корпоративтік мәдениетті нығайту, ұжымдардағы әлеуметтік тұрақтылықты, инклюзивтілікті, гендерлік теңдікті және компаниялар тобы ішіндегі ынтымақтастықты қамтамасыз ету. Осы және басқа да мәселелер «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының HR басшылары мен мамандарының жыл сайынғы есеп беру бойынша кездесуінде қаралды.
Іс-шараны «Самұрық-Энерго» АҚ «Адам ресурстарын басқару» департаменті ұйымдастырды. Оған еншілес ұйымдардың 50-ден астам қызметкері, сондай-ақ Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты – өзекті мәселелерді талқылау, компаниялар арасында коммуникацияның тиімділігін арттыру, HR саласында тәжірибе алмасу және іс-тәжірибемен бөлісу. Кездесу барысында «Самұрық-Энерго» АҚ кадр саясатының міндеттері мен негізгі бағыттарын ескере отырып, болашаққа арналған жоспарлар айқындалды.
Айта кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде "Самұрық-Энерго" АҚ-ның кадрлық саясаты қайта қаралып, кадрлық әлеуетті дамытуда және қызметкерлердің біліктілігін арттыруда жаңа негізгі бағыттар анықталды.
Директорлар кеңесінің 2024 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен Қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегібасқарушы директор Асқар Балтабаев «Самұрық-Энерго» АҚ Басқармасының құрамына сайланды.
Асқар Қуатбайұлы Балтабаев 1979 жылы 16 қыркүйекте дүниеге келген.
Білімі: жоғары құқықтық және экономикалық.
2001-2012 жылдар аралығында Ішкі істер және қаржы полициясы органдарында басшылық лауазымдарды атқарды.
2012-2018 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ бас менеджері, «Сатып алу» департаментінің директоры, Басқарма Төрағасының кеңесшісі, коммерциялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры болды.
2018-2023 жылдары құрылыс секторында жұмыс істеді, жеке компаниялардың басшысы қызметін атқарды.
2023 жылдың шілдесінен бастап «Самұрық-Энерго» АҚ Қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегібасқарушы директоры қызметін атқарады.