Еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру

«Самұрық-Қазына» АҚ «Health & Safety Young Workers Centre» өндірістік қауіпсіздік жөніндегі жас қызметкерлер орталығының өкілдері Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС-те болды. Олар компанияның өндірістік бөлімшелеріне барып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайымен танысты.

Мамандар қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталмауы жағдайларын қарастырып, өндірістік қауіпсіздікті басқару мәселелерін талқылады. Кездесу соңында Health & Safety Young Workers орталығының төрағасы Ерзатхан Абылайханов еңбек қауіпсіздігі мәдениеті бойынша шеберлік сыныбын өткізді.

 

Самұрық-Энерго мен China Energy ЖЭК жобасын бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойды

«Самұрық-Энерго» АҚ және China Energy Overseas Investment БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптары конференциясы 29-шы сессиясының (СОР 29) алаңында қуаты 800 МВт жаңартылатын энергия көздері жобасын бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойды.

Жоба аясында Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын және Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу жоспарлануда. Құжат тараптардың Қазақстанда тұрақты энергетиканы дамыту жөніндегі ниеттерін бекітті. Нысандарды пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған.

Бұған дейін, 2024 жылғы 2 шілдеде Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ мен China Energy Overseas Investment арасында Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі аясында Жаңартылатын энергия көздері саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын.

 

Самұрық-Энергоның үздік өнертапқыштарының есімдері белгілі болды

«Самұрық-Энерго» АҚ жыл сайынғы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру тақырыбында үздік өнертапқыштық ұсыныстар байқауының қорытындысын шығарды. Жарысқа 12 жоба қатысты. 

Бірінші орынды Екібастұз 2-МАЭС қызметкері Бектемір Хабиболлаев иеленді. Оның химиялық тұзсыздандырылған суды үнемдеу бойынша жобасының экономикалық тиімділігі 24 млн теңгені құрады.

Екінші орынға Виктор Лопатин («Богатырь Көмір» ЖШС) және Аршидин Құрбанов («АлЭС» АҚ) ие болды. Виктор Лопатиннің ұтымды ұсынысы локомотивтерге техникалық қызмет көрсетуді оңтайландыруға бағытталған. Электр энергиясын тұтынуды азайтудың экономикалық тиімділігі 23 млн теңгені құрады.

Үшінші орынды Бақтияр Ғабдулин («Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС), Анна Рыжкова (Екібастұз ЖЭО), Нұржан Найзабеков («АлЭС» АҚ) иеленді.

Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай барлық қатысушыларға «Самұрық-Энерго» АҚ-ның құрмет грамоталары берілді. Іс-шараны «Самұрық-Энерго» АҚ «Энергия тиімділігі, инновациялық даму және экологиялық қауіпсіздік» департаментінің қызметкерлері ұйымдастырды.   

2024 жылдың 10 айы бойынша Самұрық-Энергода 23 өнертапқыштық ұсыныс мақұлданды. Олардың экономикалық тиімділігі шамамен 190 млн теңгені құрады.

 

 

Самұрық-Энерго қызметкерлері VI Халықаралық энергия үнемдеу форумына қатысты

Энергия үнемдеу күні қарсаңында «Самұрық-Энерго» АҚ жұмыскерлері VI Халықаралық энергия үнемдеу форумына қатысты. 

Форум аясында энергия үнемдеу саясатын дамытудың және энергия тиімділігін арттырудың негізгі аспектілері талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар маңызды жобалар мен өзекті  мәселелер бойынша пікір алмасты. 

Сондай-ақ, форум елдегі өнеркәсіпті декарбонизациялау және энергия үнемдеуді автоматтандыру, цифрландыру және стандарттау тақырыптарын қамтыды.

«SK Әзіл Fest» қайырымдылық кеші

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қызметкерлерінің арасында «SK Әзіл Fest» қайырымдылық кеші өтті. Көңілді тапқырлар клубы сайысына «Самұрық-Энерго» АҚ атынан АлЭС-тың  «Токи в шоке» командасы қатысты. Олар көрермендерді ерекше әзілдерімен қуантып, әртістік шеберлігін көрсетті.

Қордың портфельдік компаниялары құрама командаларының өнер көрсету қорытындысы бойынша АлЭС электр монтері Әсет Губашев «SK Әзіл Fest серісі» аталымы бойынша марапатталды.

Бұл кеш көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қайырымдылыққа да өз үлесін қосты. Барлық жиналған қаражат мектептерде инклюзивті кабинеттер ашуға жұмсалатын болады.

 

Самұрық-Энерго жылдық есептер байқауының жүлдегері атанды

«Самұрық-Энерго» АҚ Мәскеу биржасының XXVII жыл сайынғы «Жария емес компанияның үздік жылдық есебі» жылдық есептер конкурсы «Гран-при» аталымының күміс жүлдегері атанды.

Оған экономиканың түрлі салаларынан 100-ден астам ірі компания қатысты. Сараптамалық топ пен нарықтың кәсіби қатысушыларының, мемлекеттік органдардың және тәуелсіз сарапшылардың өкілдерінен құралған жоғары білікті қазылар алқасы есептерді мынадай критерийлер бойынша бағалады: стратегия және басқару, компанияның жетістіктері мен мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жылдық есебі ақпараттың ашылу сапасы мен толықтығы, деректерді ұсынудың инновациялық тәсілдерімен жоғары деңгейдегі дизайн үшін жоғары бағаланды. «Гран-при» аталымындағы марапат Компанияның корпоративтік басқару саласындағы көшбасшылық ұстанымын, оның жоғары деңгейдегі жариялылық пен ашықтық стандарттарына бейімділігін, сондай-ақ есептіліктің заманауи талаптарға сәйкестігін растайды.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жылдық есебімен ресми интернет-ресурста танысуға болады.

«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Абай облысының әкімімен өңірдегі маңызды жобаны іске асыру бойынша кездесу өткізді

«Самұрық-Энерго» АҚ Семей қаласын электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ету сапасын арттыру мақсатындағы жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) салу жобасын іске асыруға кірісуде. Абай облысына жұмыс сапары аясында Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов жобаның негізгі аспектілерін талқылау үшін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевпен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуде тараптар болашақ ЖЭО орнының нақтыланғаны туралы айтып, жобалық құжаттаманы дайындау, бастапқы деректер мен техникалық шарттарды ұсыну бойынша алдағы қадамдарды талқылады. Сондай-ақ, ЖЭО-ны өңірдің энергия жүйесіне кіріктіру үшін қажетті күл үйіндісіне, су жинау және сыртқы инфрақұрылым құрылысына учаске бөлу мәселелері қаралды.

Станция заманауи, экологиялық таза жабдықтармен жасақталатын болады. Ол энергия тиімділігі деңгейінің жоғары және қоршаған ортаға тигізетін әсерінің мейлінше аз болуын қамтамасыз етеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны іске асыру жұмыстарын тездету үшін бірлескен іс-қимылдарды белгіледі. Облыс басшылығы жаңа жұмыс орындарын ашатын және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуінің маңызды бөлігіне айналатын осы бастаманы табысты іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

 

«Самұрық-Энерго» АҚ делегациясы Шығыс Қазақстан облысының басшылығымен кездесті

«Самұрық-Энерго» АҚ делегациясы Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтовтың басшылығымен Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында облыс әкімімен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Кеңесте «Өскемен қаласында ЖЭО салу» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта ЖЭО салуға арналған алаң анықталды. Тараптар станцияның өндірістік инфрақұрылымы үшін жер учаскелерін анықтау (күл үйіндісі, су жинау), бастапқы деректерді жобалау және алу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ЖЭО-ның сыртқы инфрақұрылымының құрылысы талқылады.  

Кездесу барысында «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдері осы өңірде іске асырылып жатқан басқа да инвестициялық жобалардың – Шүлбі СЭС-тің II кезегін салу және Өскемен СЭС 4-гидроагрегатын жаңғырту жұмыстарының барысы туралы хабардар етті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлесіп бірқатар іс-шараларды белгіледі. Өз кезегінде облыс басшылығы жергілікті атқарушы органдарға жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.

 

Lifelong learning: Өндірісте үздіксіз білім беру

«АлЭС» АҚ үздіксіз білім беру стратегиясын тәжірибе жүзінде іске асыруда. Ағымдағы жылдың басынан бастап Компанияның персоналды даярлау бөлімінде 2 мыңнан астам қызметкер, оның ішінде жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлер оқу курсынан өтті.

Энергетика саласында үздіксіз оқыту, біліктілікті растау, білімді жетілдіру қажеттілік қана емес, сонымен қатар өндіріс қауіпсіздігінің кепілі.  Сондықтан «АлЭС» АҚ-да қызметкерлердің барлық санаттарын – жұмысшыдан бастап топ-менеджерге дейінгі персоналды даярлау мен оқытудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді.

Оларды тек Персоналды даярлау бөлімінде ғана емес, сонымен қатар бейінді оқу ұйымдарында да оқытады. Компания серіктестерінің қатарында Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Satbayev University, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы мемлекеттік энергетика және электрондық технологиялар колледжі бар. Жыл басынан бері 4 мыңнан астам маман түрлі оқу курстарынан өтті.

«Компанияның өндірістік активтерін жаңғыртуды, сондай-ақ қауіпсіздік бойынша жоғары талаптарды ескере отырып, біз персоналдың кәсібилігі мен құзыреттілігін арттыруға баса назар аударамыз. Қызметкерлер негізгі энергетикалық жұмысшы мамандықтары және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқытылады», - деп атап өтті «АлЭС» АҚ Адам ресурстары басқармасының басшысы Жанна Сапарғалиева.

 

 

 

Республика күніне орай Самұрық-Энергоның еңбек сіңірген қызметкерлері мемлекеттік марапаттарға ие болды

Республика күні қарсаңында «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының бірқатар еңбек сіңірген қызметкерлері мемлекеттік наградалармен және құрметті атақтармен марапатталды.

«Құрмет» орденімен «Samruk - Green Energy» ЖШС Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары-бас инженері Нұржан Темірбаев марапатталды. 

«Ерен еңбегі үшін» медаліне «Шүлбі СЭС АЭС» ЖШС пайдалану цехының бастығы Қайрат Кеңесбаев, «Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС турбина жабдықтарын жөндеу цехының бастығы Батырхан Шабақбаев, О.Д.Қантаев атындағы «Мойнақ СЭС» АҚ цехының бастығы Полат Бәкіров, «Бірінші жел электр станциясы» ЖШС қосалқы станциясының бастығы Владимир Васильев ие болды.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның құрметті қызметкері» құрметті атағы «Самұрық-Энерго» АҚ «Генерация және отын» департаментінің бас менеджері Байтас Оспановқа, «Екібастұз 2-МАЭС станциясы» АҚ пайдалану жөніндегі бас инженері Болат Бұлымбаевқа, «Шардара СЭС» АҚ релелік қорғау, автоматика және өлшеу қызметінің байланыс электр монтері Жандарбек Жолдасовқа және Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО электр станциясының ауысым бастығы Александр Елкинге берілді.  

Сондай-ақ, «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес ұйымдарының бірқатар қызметкерлері «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. 

 

 

 

Самұрық-Энерго басшысы еншілес ұйымдардың басшыларына еңбекті қорғау мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов компанияның 2024 жылғы 9 айдағы өндірістік қауіпсіздік жөніндегі қызмет қорытындысы бойынша кеңес өткізді. «Еңбекті қорғау» департаментінің директоры Дүйсенбек Шардарбеков жазатайым оқиғаларды тергеу нәтижелері, Басқарма Төрағасының хаттамалық тапсырмаларының орындалуы және «Қауіпсіз өндіріс» жобасының іске асырылуы туралы баяндады. 

«Алматы электр станциялары» АҚ және «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның бірінші басшылары кеңеске қатысушыларды қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және станцияларда жарақаттанудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы хабардар етті.   

Самұрық-Энерго басшысы өз сөзінде компания тобының Vision Zero қағидаттарын ұстанатындығын атап өтіп, қызметкерлер арасындағы еңбек қауіпсіздігі мәдениетін және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қажеттігіне назар аударды.  

Кеңес қорытындысы бойынша Қайрат Мақсұтов еншілес және тәуелді ұйымдардың бірінші басшыларына еңбекті қорғау мәселелерін ерекше бақылауға алуды және өндірістік қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Компания басшысы жасанды интеллектті қолдану және бейнеталдауды енгізу мүмкіндігін қарастыру қажеттілігі туралы айтты. Бұдан басқа, Самұрық-Энерго басшысының тапсырмасы бойынша жақын арада барлық өндірістік кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша аудиторлық тексерулер жүргізілетін болады. 

«Қауіпсіздік дегеніміз қызметкерлердің өмірін сақтау, сондықтан еңбекті қорғау мәселелері әрқашан басымдыққа ие болуы тиіс. Әрбір қызметкер өз шаңырағына, отбасына аман-есен оралуы тиіс», - деп қорытындылады Қайрат Мақсұтов.