«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов China International Water & Electric Corp. (CWE) компаниясының бас директоры Чэнь Милимен кездесті. Тараптар гидроэнергетикалық жобаларды іске асырудағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, соның ішінде Қазақстан Республикасында гидроаккумуляциялық электр станциясын (ГАЭС) салу мәселесін қарастырды.
Жобалық шешімдерді әзірлеу, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, сондай-ақ осындай жобаларды жүзеге асыру кезінде серіктестікті құрылымдаудың ықтимал тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
China International Water & Electric Corp. (CWE) өкілдері Қазақстанның жоғары гидроэнергетикалық әлеуетін атап өтіп, одан әрі өзара іс-қимылға мүдделілігін растады. Сондай-ақ заңнаманы жетілдіру және инвестицияларды қайтару тетіктерін енгізу бастамаларының маңыздылығы айтылды. Бұл өз кезегінде жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттырып, барлық қатысушылардың мүдделерін ескеретін және ұлттық реттеуші талаптарға сай келетін теңгерімді ынтымақтастық моделін қалыптастыруға ықпал етеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар конструктивті диалогты жалғастыруға және жобаны іске асырудың оңтайлы конфигурациясын бірлесіп пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.
CWE – China Communications Construction Group компаниясының еншілес құрылымы және гидроэнергетика мен су шаруашылығы саласындағы жетекші халықаралық компаниялардың бірі. Компания әлемнің 80-нен астам елінде 800-ден астам жобаны жүзеге асырған және ENR нұсқасы бойынша ірі халықаралық мердігерлер қатарында. Қытайлық корпорацияның Қазақстанда жұмыс тәжірибесі бар — бұған дейін ол Мойнақ ГЭС-тың құрылысына қатысқан.



