Самұрық-Энергоның басшысы Mitsui & Co., Ltd. делегациясымен жұмыс кездесуін өткізді

Самұрық-Энергоның басшысы Mitsui & Co., Ltd. делегациясымен жұмыс кездесуін өткізді

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Жапонияның Mitsui & Co., Ltd. сауда-инвестициялық корпорациясының делегациясымен кездесті. Делегацияны Токио қаласындағы штаб-пәтердің Бас директорының орынбасары Томоюки Моригучи бастап келді.

Кездесу барысында жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары және Joint Crediting Mechanism (JCM) — көміртек бірліктерін есепке алудың жапон-қазақстандық екіжақты тетігін қолдану мәселелері талқыланды. Сонымен қатар тараптар жылу электр станцияларын жаңғырту, озық жапон технологияларын енгізу, нысандарды цифрландыру және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді пайдалану бағыттарындағы өзара іс-әрекеттерді қарастырды.

Бұл кездесуге дейін, 2025 жылғы желтоқсанда Токиода Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары аясында келіссөздер өткен болатын. 

«Қазақстан стратегиялық серіктестер аясын жүйелі түрде кеңейтіп келеді және еліміздегі жапон бизнесінің қатысуы біз үшін үлкен маңызға ие. Бүгінгі келіссөздер бірлескен жобаларды іске асырудың бастауы болатынына сенеміз», — деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов.

Mitsui & Co., Ltd. — Fortune Global 500 тізіміне кіретін Жапонияның жетекші көпсалалы сауда-инвестициялық корпорацияларының бірі. Компания өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда, технологиялық жабдықтарды экспорттауда, сондай-ақ жобалық қаржыландыруды ұйымдастыруда ауқымды жаһандық тәжірибеге ие.