Бейжіңде Солтүстік Қытай электр энергетикасы университеті (NCEPU) ұйымдастырған Қытай–Орталық Азия энергетика және электр энергетикасы саласындағы инновациялар альянсының Басқарушы комитетінің екінші отырысы өтті.
Отырыстың мақсаты — бірлескен ғылыми зерттеулерді іс жүзінде іске асыру, кадрлық әлеуетті дамыту және университеттер мен өнеркәсіп арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Отырысқа «Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Энергия тиімділігі, инновациялық даму және экологиялық қауіпсіздік» департаментінің директоры Рустам Қадыров қатысып, генерацияны жаңғырту, цифрландыру және жаңартылатын энергия көздерін дамыту сияқты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады.
«Біздің ортақ міндетіміз — өңір энергетикасының тұрақты, сенімді және экологиялық жауапты дамуын қамтамасыз ету. Бұған біз тек технологияларды, инвестициялар мен құзыреттерді біріктіру арқылы ғана қол жеткізе аламыз», — деп атап өтті Рустам Қадыров.
Кездесу қорытындысы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ Альянсқа қосылу туралы келісімге қол қойып, Қытай–Орталық Азия энергетика және электр энергетикасы саласындағы инновациялар альянсының құрамына кірді. Бұл бірлескен ғылыми және технологиялық жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қытай–Орталық Азия энергетика және электр энергетикасы саласындағы инновациялар альянсы — Қытай мен Орталық Азия елдерінің университеттерін, ғылыми ұйымдарын және энергетикалық компанияларын біріктіретін, инновациялар мен тұрақты энергетиканы дамытуға бағытталған халықаралық алаң.





