Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ рейтингтерін растады

Fitch Ratings агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ-ның шетелдік және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «тұрақты» болжамымен «BB+» деңгейінде растады. 

Рейтингтің расталуы Компанияның операциялық көрсеткіштердің жақсаруына және мемлекеттік қолдауға негізделеді. «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан жарғылық капиталға қаражат құюды жүзеге асыру және алдағы жылдарға арналған ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін борыштық міндеттемелер бойынша кепілдіктер беру жоспарлануда. 

Агенттік мемлекеттік саясаттың рөлін «өте күшті» деп бағалайды. «Самұрық-Энерго» АҚ еліміздің ірі жұмыс берушілерінің бірі ретінде әрі мемлекет мүддесі үшін көптеген стратегиялық жобалардың жауапты орындаушысы бола отырып, Қазақстанда электр энергиясын өндірудің шамамен 34% және көмір өндірудің 40% қамтамасыз етеді. 

Расталған рейтинг сондай-ақ операциялық тиімділікті арттыруға бағытталған менеджменттің дәйекті әрекеттерін, тариф белгілеуді жақсарту жөніндегі іс-шараларды және электр энергетикалық станциялардың инвестициялық келісімдері бойынша қуатқа бекітілген жеке тарифтердің бар екендігін көрсетеді. 

Сонымен қатар, компанияның несиелік портфеліндегі халықаралық қаржы институттарының үлесінің өсуі байқалады, бұл борыштық профильдің жоғары сапасын көрсетеді. Сонымен бірге, Агенттік «Самұрық-Энерго» АҚ қысқа мерзімді міндеттемелерін толық жабу үшін жеткілікті өтімділік пен қаражат көлеміне ие екенін көрсетеді. 

«Самұрық-Энерго» АҚ мемлекеттің стратегиялық міндеттерін орындай отырып және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның энергетикалық секторындағы өзінің негізгі мәртебесін растауды жалғастыруда. 

 

Энергия тиімділігі жөніндегі семинар: заманауи шешімдер мен тәжірибе

«Самұрық-Энерго» АҚ-да «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру: заманауи тәсілдер мен практикалық шешімдер» тақырыбында семинар өткізілді. Іс-шараға компанияның еншілес ұйымдарының өкілдері қатысты.

Cеминарды «Энергиялық тиімділік, инновациялық даму және экологиялық қауіпсіздік» департаментінің директоры Рустам Қадыров ашты. Оқу барысында энергияны үнемдеудің заманауи технологиялары, энергия тиімділігі саласындағы нормативтік-құқықтық база, үнемдеу шешімдерін енгізудің үздік тәжірибелері және ұйымдардағы энергия ресурстарына жұмсалатын шығындарды азайту мәселелері талқыланды. Энергия аудитіне, энергия тұтыну мониторингіне және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану перспективаларына ерекше назар аударылды. 

Семинар тәжірибе алмасу және орнықты даму саласындағы өзекті міндеттерді талқылау үшін тиімді алаң болды, нәтижесінде барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.

 

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар бойынша оқыту семинары

«Самұрық-Энерго» АҚ-да қызметкерлер үшін негізгі халықаралық ұйымдарға және олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарына арналған оқыту шарасы өтті. Іс-шараны «Комплаенс» қызметі ұйымдастырды, семинар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаһандық тәжірибелері және оларды корпоративтік процестерге енгізу қажеттілігі бойынша қызметкерлердің білім деңгейін арттыруға бағытталған.

Халықаралық сәйкестік стандарттарын қолдану инвесторлар мен серіктестердің сенімін арттырады, тәуекелдерді азайтады, сонымен қатар энергетика секторының тұрақты дамуына ықпал етеді.

Оқыту семинары қатысушыларға халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар туралы білімді жүйелеуге, оларды іске асырудың практикалық тәсілдерін игеруге мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобында адал бизнес мәдениетін нығайтуға ықпал етеді және халықаралық әріптестер тарапының сенімін нығайтады.

 

Самұрық-Энерго басшысы 2025 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өндірістік қауіпсіздікке қатысты кеңес өткізді

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов еншілес және тәуелді ұйымдардың бірінші басшыларының қатысуымен өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне арналған кезекті кеңес өткізді.

Отырыс аясында «Еңбекті қорғау» департаментінің директоры Дүйсенбек Шардарбеков хаттамалық тапсырмаларды орындаудың аралық қорытындылары туралы есеп берді, сондай-ақ компаниялар тобының кәсіпорындарындағы өндірістік қауіпсіздіктің ағымдағы жай-күйі туралы баяндады.

«Богатырь Көмір» ЖШС және «Б. Нұржанов атындағы «Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС басшылары кеңеске қатысушыларды өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Отырыс қорытындысы бойынша Қайрат Мақсұтов бірқатар тапсырмалар берді, оның ішінде электр станцияларында күрделі және ағымдағы жөндеулерді жүзеге асыратын мердігерлік ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейту және ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық тексерулерді жүргізу сапасын қамтамасыз ету.

 

Самұрық-Энерго 2025 жылдың басынан бастап 24 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасасты

«Самұрық-Энерго» АҚ-да отандық өндірісті дамытуға және жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті. Қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор Асқар Балтабаев компанияның сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша нәтижелері мен жоспарлары туралы айтып берді. 

2024 жылы 140,7 млрд теңгеге елішілік құндылығы 62% немесе 87,2 млрд теңге болатын тауарлар бойынша шарттар жасасу жоспарланған болатын. Іс жүзінде үлес 73%-ды немесе 102,7 млрд теңгені құрады.

2025 жылға 74% елішілік құндылық үлесімен 199,5 млрд теңге сомасына тауарларды жеткізу бойынша шарттар жасасу болжанып отыр. Елішілік құндылығы бар тауарлар көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 44%-ға артқанын айта кету керек. Бұл отандық өндірушілердің сатып алу жүйесіне қатысуы тұрақты өскенін және кеңейгенін растайды.

Сондай-ақ, компания офтейк-келісімшарттар бойынша жоспардан асып түсті: 2024 жылы 10,2 млрд теңгеге 41 келісімшарт жасалды. 2025 жылы қазірдің өзінде 24 млрд теңгеге 22 келісімшарт жасалды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 135% - ға артық.

Дөңгелек үстел аясында «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС мен «Экотек Инжиниринг» ЖШС арасында 117,3 млн теңге сомасына кері осмос орнату үшін мембраналарды жеткізуге офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Сондай-ақ, іс-шара аясында В2В-кездесулер өтті, онда отандық өндірушілердің сатып алуға қатысуы бойынша негізгі мәселелер талқыланды. 

«Самұрық-Энерго» АҚ отандық өндірісті қолдау және жергілікті өнім берушілермен әріптестікті нығайтуды жалғастыруда.

Самұрық-Энергода өндірістік қауіпсіздік бойынша үздік мамандар таңдалды

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы аясында «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтерінің мамандары арасында Олимпиада өтті. 

Іс-шараның мақсаты - өндірістік қауіпсіздік саласындағы мамандардың кәсіби білім деңгейін арттыру. 

Олимпиада екі кезеңде өтті. Біріншісі - теориялық білімді тестілеу, екіншісі - нақты өндірістік жағдайларға мүмкіндігінше жақын келетін ситуациялық мәселелерді шешу.

Байқау қорытындысы бойынша:

- «Шүлбі СЭС АЭС» ЖШС еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Евгений Поломошнов;

- «Бірінші жел электр станциясы» ЖШС еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженері Әсем Жылқайдарова;

- «Өскемен СЭС АЭС» ЖШС еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженері Дархан Есілбаев өз мамандығының үздіктері болып табылды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді. Қатысушыларды құттықтаймыз және өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз!

 

АлЭС энергия объектілері жылу беру маусымына дайындық паспорттарын алды

«Алматы электр станциялары» АҚ күзгі-қысқы кезеңге дайындықты аяқтап, алдағы 2025-2026 жылу беру маусымына дайындық паспорттарын алды.

«АлЭС» АҚ-ның барлық өндірістік департаменттерінде КҚК-ге дайындық жүргізілді:

- ЖЭО мен СЭС-те жабдыққа күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді;

- отын мен материалдардың қажетті қоры қалыптастырылды;

- персонал оқу курстарынан өтті және жоғары жүктеме жағдайында іс-қимыл сценарийлерін пысықтады.

«Дайындық паспорттарын алу - үлкен командалық жұмыстың нәтижесі. Әрбір цех, әрбір станция дайындыққа көп күш жұмсады. Біз Алматы мен Алматы облысының тұрғындары қысты алаңсыз қарсы алуы үшін үлкен жұмыс жасадық», - деп атап өтті «АлЭС» АҚ бас инженері Бауыржан Қалиев.

Самұрық-Энерго мен Қазақстан Халық Банкі ынтымақтастық перспективаларын талқылады

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметовамен жұмыс кездесуін өткізді. 

Тараптар Қазақстан Республикасында энергетика саласын белсенді дамыту мәселелерін, сондай-ақ іске асырылып жатқан ауқымды инвестициялық бағдарламаны ескере отырып, Самұрық-Энергоның осы бағдарламаларды іске асырудағы рөлін талқылады. 

 «Халық Банкі бұрыннан бері Самұрық-Энерго тобының негізгі қаржылық серіктестерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда компанияның айтарлықтай өсуін және оның перспективаларын ескере отырып, орнықты әрі өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамыту ерекше маңызға ие», - деп атап өтті Қайрат Мақсұтов. 

Кездесу барысында Самұрық-Энерго Басқарма Төрағасы банкке компанияның инвестициялық жобаларын, оның ішінде жетекші халықаралық әріптестермен бірлесіп іске асырылатын ауқымды ЖЭК — генерациялау жобаларын, сондай-ақ қолданыстағы энергетикалық қуаттарды жаңғырту және кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыруға белсенді қатысу туралы ұсыныс білдірді.

Сондай-ақ, кездесу қорытындысы бойынша тараптар қолданыстағы негізгі бағыттар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

 

 

Самұрық-Энерго басшысы Алматы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ны жаңғырту барысын тексерді

Алматы қаласына жұмыс іссапары аясында Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов 2-ЖЭО-ны жаңғырту және 3-ЖЭО-ны қайта жаңарту жобалары бойынша құрылыс алаңдарын аралады.

2-ЖЭО алаңында «АлЭС» АҚ басшылығы құрылыс жұмыстарының барысы және негізгі жабдықты монтаждау туралы баяндады. Қазіргі уақытта бірінші газ турбинасы мен генератор орнатылды, генераторлары бар екінші және үшінші газ турбиналарының іргетастары да жабдықты орнатуға дайын.

Siemens шығарған газ турбиналары мен генераторларын алаңға жеткізу тиісінше 2025 жылдың қазан айында және 2026 жылдың қаңтарында күтіледі. Бу турбинасы мен су жылыту қазандықтарын жеткізу 2025 жылдың 3 тоқсанына және 2026 жылдың 1 тоқсанына жоспарланған.

2-ЖЭО-дағы кеңестің қорытындысы бойынша Қайрат Мақсұтов объектіні 2026 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру үшін кестеге сәйкес барлық жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Алматы 3-ЖЭО-ны қайта құру алаңында ЕРС-мердігердің есебі тыңдалды. Мәселен, ағымдағы уақытта газ турбинасы мен генератордың бірінші жиынтығын орнату үшін 2025 жылғы қарашада жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, жабдықтың екінші жиынтығының Ansaldo Energia өндірістік алаңдарында сынақтан сәтті өткені және 2025 жылдың 20 қыркүйегіне дейін құрылыс алаңына одан әрі жеткізу үшін кемеге тиелетіні хабарланды.

Сонымен қатар, құрылыс алаңында жұмысшы персонал мен техниканың ұлғайғанын ескере отырып, ағымдағы жылы іргетастарды құю жұмыстары аяқталып, ғимараттар мен құрылыстардың құрылысы басталатыны хабарланды.

Сонымен бірге биыл негізгі жабдықтың екінші жиынтығын орнату үшін 110-220 кВ электр желілерін ауыстыру жұмыстары жоспарланып отыр.

3-ЖЭО-ны аралау қорытындысы бойынша объектіні 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беруді қамтамасыз ету мақсатында жабдықты құрылыс алаңына уақтылы жеткізу үшін нақты тиісті тапсырмалар берілді.

 

«Самұрық-Энерго» АҚ Семей және Өскемен қалаларында «таза» көмір технологиясымен жұмыс істейтін ЖЭО салады

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдерімен Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кездесу барысында тұтынудың өсуі мен өңірлердің келешектегі дамуын ескере отырып, болашақ станциялардың электр және жылу қуаты анықталды. Сондай-ақ, жобалау алдындағы құжаттаманы әзірлеу мәселелері, ЖЭО үшін инфрақұрылым салу жоспарлары және қалаларды жылумен жабдықтау схемалары талқыланды.

«Самұрық-Энерго» АҚ басшылығы қазіргі уақытта жобалар үшін қаржыландыру тарту, инвестицияларды қайтаруды қамтамасыз ету, технологиялық шешімдерді бекіту бойынша жұмыстардың аяқталып жатқанын атап өтті.

Қайрат Мақсұтов ЖЭО салу кезінде қоршаған ортаға тигізетін әсері мейлінше аз заманауи «таза» көмір технологиялары қолданылатынын айтты.

Абай облысының және Шығыс Қазақстан облысының әкімдері экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында қалалар үшін ЖЭО салудың маңыздылығын атап өтіп, инфрақұрылым объектілерін уақтылы салу үшін жер учаскелерін бөлуге және іс-шараларды жүзеге асыруға жан-жақты қажетті жәрдем көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. 

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар белгіленген жоспарлардың орындалуына тұрақты негізде мониторинг жүргізуге және ағымдағы жылы Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО-ны жобалау және салу жөніндегі шарттарға қол қою үшін әзірлікті қамтамасыз етуге уағдаласты.