«Самұрық-Энерго» АҚ-да 2026 жылдың 9 айындағы өндірістік қауіпсіздік жұмыстары қорытындыланды

«Самұрық-Энерго» АҚ-да 2026 жылдың 9 айындағы өндірістік қауіпсіздік жұмыстары қорытындыланды

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов компаниялар тобының кәсіпорындарындағы өндірістік қауіпсіздік мәселелері бойынша биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Жиынға қатысушылар ағымдағы көрсеткіштерді, профилактикалық бағдарламалардың іске асырылу барысын жан-жақты талдап, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындады.

Кеңес барысында өндірістік жарақаттанудың алдын алу, процестерді цифрландыру, ішкі бақылаудың тиімділігін арттыру және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиында еншілес және тәуелді ұйымдар басшыларының жүргізілген тексерулердің қорытындылары және анықталған кемшіліктерді жедел жоюға бағытталған кешенді шаралар туралы баяндамалары тыңдалды.

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов күзгі-қысқы кезеңде сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты нақты талаптар қойды.

«Бақылау тиімділігінің басты өлшемі – апаттардың болмауы, сондай-ақ қызметкерлеріміздің толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды қорғау», – деп атап өтті Қайрат Мақсұтов.

Кеңес соңында еншілес және тәуелді ұйымдардың басшыларына бірқатар нақты міндеттер жүктелді.