Самұрық-Энерго және O-GREEN жалпы қуаты 2 ГВт болатын ЖЭК жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол қойды

Самұрық-Энерго және O-GREEN жалпы қуаты 2 ГВт болатын ЖЭК жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол қойды

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Самұрық-Энерго және O-GREEN стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат Қазақстанда, Орталық Азияда және басқа да халықаралық нарықтарда энергия жинақтау жүйелерін қолдана отырып, жалпы белгіленген қуаты шамамен 2 ГВт болатын күн және жел энергетикасы жобаларын бірлесіп дамытуды көздейді.

Келісімге «Самұрық-Энерго» АҚ Инвестициялар жөніндегі бас директоры Аңсар Айдаров және O-GREEN Бас атқарушы директоры Мұстафа Әл Хинай қол қойды.

Серіктестік көтерме электр энергиясы нарығын, өнеркәсіптік тұтынушыларды және деректерді өңдеу орталықтарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері есебінен тәулік бойы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететін шешімдерді іске асыруға бағытталған.

O-GREEN жобаларды дамытуға үлес қосып, техникалық сараптамалық қолдау көрсетеді. Самұрық-Энерго Қазақстандағы еншілес ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, энергия жүйесінің операторымен және әлеуетті тұтынушылармен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдеседі. Басқа нарықтарда серіктестер мемлекеттік органдармен, энергия жүйелерінің операторларымен, электр энергиясын сатып алушылармен және жергілікті серіктестермен бірлесіп жұмыс істейді, сондай-ақ жобаларды іске асыруға және қаржыландыруға қатысады.

«Қазақстанның жаңартылатын энергетиканы одан әрі дамыту үшін айтарлықтай әлеуеті бар және біз Орталық Азия мен басқа да халықаралық нарықтарда мүмкіндіктердің артып келе жатқанын көріп отырмыз. Негізгі назар техникалық тұрғыдан негізделген, коммерциялық жағынан өміршең және іске асырылатын энергия жүйелерінің қажеттіліктеріне сәйкес келетін жобаларға аударылуы тиіс», — деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ Инвестициялар жөніндегі бас директоры Аңсар Айдаров.

«Сенімді таза энергия өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту үшін шешуші маңызға ие. Samruk Energy-мен бірлесіп, біз жаңартылатын энергия генерациясы мен энергия жинақтау жүйелерін электр энергиясын тұтынушылардың қажеттіліктерімен ұштастырып, Қазақстанда және жалпы өңірде инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ұмтыламыз», — деп атап өтті O-GREEN Бас директоры Мұстафа Мохамед Әл Хинай.

O-GREEN — Оман Сұлтандығының жасыл энергетика, технологиялар және цифрлық инфрақұрылым саласындағы жаһандық платформасы. Компания жаңартылатын энергетикаға және жасанды интеллектке арналған инфрақұрылымға маманданған.