«Самұрық-Энерго» АҚ БАӘ серіктестерімен энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

«Самұрық-Энерго» АҚ БАӘ серіктестерімен энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Астанада АХҚО алаңында Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль әл-Мазруи мен АХҚО басқарушысы Ренат Бектуровтың қатысуымен Қазақстан-Әмірліктер бизнес-дөңгелек үстелі өтті. Кездесуде «Самұрық-Энерго» АҚ атынан Инвестициялар жөніндегі бас директор Аңсар Айдаров қатысты.

Кездесу қатысушыларына компанияның инвестициялық жобалары таныстырылды. «Самұрық-Энерго» Қазақстанда жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысады. Компанияның жобалар портфеліне көмір, газ, су, жел және күн электр станциялары кіреді. Олар БАӘ, Франция, Катар, Қытай және Ресей серіктестерімен бірлесіп салынуда.

Қазақстан-Әмірліктер ынтымақтастығының негізгі жобасы — Жамбыл облысындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы. Ол Үкіметаралық келісім аясында Masdar компаниясымен бірлесіп салынуда. Станция қуаты 300 МВт / 600 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесімен жабдықталады. Инвестиция көлемі шамамен 1,4 млрд АҚШ долларын құрайды. Алаңдағы жұмыстар қазіргі кезде басталып кетті, нысанды 2029 жылғы қазанда пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар тараптар Директорлар кеңесі дамудың жаңа бағыты ретінде мақұлдаған компанияның шетелдік нарықтарға шығу мәселесін талқылады. Компания БАӘ серіктестерімен бірлескен жобаларды, оның ішінде миноритарлық қатысушы ретінде де қарастыруға дайын.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдірді.