"Самұрық-Энерго" АҚ қызметкерлері Ұлттық киім күні өздерінің күнделікті офистік киімдерін ұлттық нақыштағы киімдерге ауыстырды. Бұл – дәстүрге деген құрмет қана емес, сонымен бірге ұжымдағы бірлік пен мерекеге берік негіз болды.
Мерекелік күн ұжымды өзінің мән-мағынасымен ұйытып, командалық рухты нығайтуға, мәдени мұраны дәріптеуге үлкен бастама болды.
Жедел деректер бойынша 2025 жылдың 2 айында (қаңтар-ақпан) «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының электр энергиясын өндіру көлемі 7972 млн кВт.сағ құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5% - ға артық.
Сондай-ақ, электр желілік, электр қуатын өткізумен айналысатын компанияның электр энергиясын беру және сату көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда сәйкесінше 16% және 23% - ға өсті. Электр энергиясын беру көлемінің ұлғаюы шағын және орта бизнестің дамуымен, Алматы қаласы мен Алматы облысының жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарының қуаттылығының артуымен байланысты болып отыр.
«Богатырь Көмір» ЖШС-нан көмір тиеу де ұлғайды. 2025 жылдың екі айында тұтынушыларға соңғы 10 жылдағы көмірдің рекордтық мөлшері - 8 454 мың тонна сатылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көмір жөнелтілімінің өсуі 8% құрады.
Құттықтау сөзінде «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов әйелдердің компанияның дамуына және энергетика саласына қосқан ерекше үлесін атап өтті.
«Энергетика дәстүрлі түрде ер адамдардың жұмыс істейтін саласы болып саналады, бұл кәсіпорындардағы физикалық еңбектің қыр-сыры мен ерекшеліктеріне байланысты. Осыған қарамастан, әйелдер жылдан жылға осы салаға көбірек келіп, инновацияларға, энергетика саласының одан әрі дамуына ықпал ететін жаңа идеялар, ұстанымдар әкелуде», - деді Қайрат Мақсұтов.
Ол әйелдердің жоғары жауапкершілік, орындаушылық, ұқыптылық қасиеттерімен ерекшеленетінін және компанияның жетістігі көбінесе әйелдерге байланысты екенін атап өтті.
Самұрық-Энерго басшысы ұжымдағы қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, амандық және кәсіби қызметте табыс тіледі.
Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі - 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн біз үшін Сіздердің еңбектеріңіз, кәсіпке деген адалдықтарыңыз үшін ризашылығымызды білдіруге тамаша мүмкіндік.
Сіздер күн сайынғы қажырлы еңбек пен табандылықтарыңыздың арқасында қоғамның қай саласында болмасын шынайы да адал қызмет арқылы зор биіктерге жетуге болатындығын дәлелдеп келесіздер. Сіздер энергетика саласында да белсенділік танытып, өздеріңіздің берік ұстанымдарыңыздың нәтижесінде осы саланың болашақ дамуына зор үлес қосудасыздар.
Бүгінгі таңда қыз-келіншектердің «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобындағы үлесі 26%, ал «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының басқару органдарындағы үлесі 20% құрап отыр. Алдағы уақытта да бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыра беретін боламыз.
Өткен жылы «Самұрық-Энерго» АҚ-да алғаш рет Қоғамның компаниялар тобы бойынша Әйелдер клубы құрылып, менің қолдауыммен 2024 жылдың қыркүйегінде Компанияда алғашқы Әйелдер форумы өтті.
Біз командамызда өз мамандығы бойынша биік асуларды бағындырып, кәсіби шеберлігін таныта білетін дарынды да сенімді іскер ханымдардың бар екенін мақтан тұтамыз. Сіздердің күш-жігеріңіз, білім-тәжірибелеріңіз бен жоғары жауапкершіліктеріңіз командамызды толағай табыстар мен нәтижелі істерге жетелейтініне сенімдімін.
Әрбір атқан таң Сіздерге қуаныш, шабыт және жаңа жетістіктер әкелсін! Сіздерге және отбасыларыңызғаденсаулық, шаттық, бақ-береке тілеймін! Мереке құтты болсын!
«Богатырь Көмір» ЖШС нысанында көмір өндіруші кәсіпорынның қызметі бойынша кеңес өткізіліп, өндірістік бағдарламаларды, жөндеу және аршу жұмыстарын орындау мәселелері талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша «Богатырь Көмір» ЖШС-ның 2032 жылға дейінгі Даму бағдарламасын әзірлеу бойынша «Богатырь» және «Северный» көмір кеніштерінің өндіріс қуатын ұлғайту, қолданыстағы тау-кен көлік жабдықтарын жаңғырту, сондай-ақ аршу жұмыстарын ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру ескеріле отырып нақты тапсырмалар берілді.
Келесі нысан Екібастұз 1-МАЭС станциясы болды. Самұрық-Энерго басшысы Қайрат Мақсұтов №1 түтін құбырын салу бойынша Жол картасының іске асырылу барысымен, отын-берудің блогын енгізу құрылысымен танысты, сондай-ақ №4 энергия блогының ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарының орындалуын тексерді.
Жөндеу жұмыстарының орындалу мерзімдері мен сапасына, сондай-ақ станция жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттыру үшін қабылданатын шараларға ерекше назар аударылды.
Өндірістік қауіпсіздік аудитінің нәтижелері бойынша қорытынды кеңес «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі Басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов пен «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтовтың қатысуымен өтті. Олар «Богатырь Көмір» ЖШС және Екібастұз 1-МАЭС кәсіпорындары бірінші басшыларының еңбекті қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамасын тыңдады.
Көшпелі кеңес аясында Қордың, басқа да портфельдік компаниялардың сарапшылары көмір кеніші мен 1-МАЭС нысанын аралап, өндірістік қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер бойынша тәжірибелерімен алмасты. Нөлдік жарақатқа қол жеткізу үшін ең алдымен қызметкерлердің қауіпсіздік мәдениетін арттыру және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қажет екендігі атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша кәсіпорын қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және олардың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға қатысты нақты тапсырмалар берілді.
«Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік шешімдеріне сәйкес «жасыл» энергетиканы дамытуға мамандандырылған жеке заңгерлік құрылымда ЖЭК және СЭС активтерін шоғырландыру мақсатында «Qazaq Green Power PLC» жария компаниясына (акциялары «Самұрық-Энерго» АҚ-ға 100% тиесілі), «Өскемен СЭС АЭС» ЖШС мен «Шүлбі СЭС АЭС» ЖШС берілді,.
Активтерді осылайша беру Qazaq Green Power PLC жарғылық капиталын Qazaq Green Power PLC-тің акцияларын өзінің Жалғыз акционері – «Самұрық-Энерго» АҚ-ға орналастыра отырып ұлғайту арқылы жүзеге асырылды. Qazaq Green Power PLC-тің орналастырылған акцияларын төлеуге «Өскемен СЭС АЭС» ЖШС мен «Шүлбі СЭС АЭС» ЖШС-ның 100% қатысу үлесі берілді.
Жоғарыда аталған активтерді беру нәтижесінде «Самұрық-Энерго» АҚ өзінің 100% еншілес компаниясы Qazaq Green Power PLC арқылы «Өскемен СЭС АЭС» ЖШС мен «Шүлбі СЭС АЭС» ЖШС үлестерін иеленуді жалғастыруда.
ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқасының отырысы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өтті.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов қол жеткізілген өндірістік көрсеткіштер, сондай-ақ 2024 жылы іске асырылған инвестициялық жобалар мен 2025 жылға арналған жоспарлар туралы хабардар етті.
2024 жылы Самұрық-Энерго компаниялар тобы барлық межеленген жоспарларды асыра орындады, бұл көрсеткіштер 2023 жылы қол жеткізілген көрсеткіштерден жоғары. Мәселен, 2024 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 39,7 млрд. кВтсағ, жылу энергиясын өндіру көлемі 6,6 млн Гкал құрады.
2024 жылы электр станциялары негізгі жабдықтарының 104 бірлігі бойынша жоспарланған жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды. 2025 жылға электр станцияларының негізгі жабдықтарының 105 бірлігі бойынша 114 жөндеу жоспарланған.
Самұрық-Энерго электр станциялары бойынша ағымдағы жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Электр станцияларында отынның нормативтен тыс қоры (көмір, мазут) қамтамасыз етілген.
Самұрық-Энерго басшысы 2024 жылы энергетика саласын дамыту мақсатында ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша көп жұмыстың атқарылғанын атап өтті.
2025 жылы ірі СЭС, ГАЭС жобалары үшін инвестицияларды қайтаруды қамтамасыз ету және қуат нарығы арқылы энергияны жинақтау, сақтау жүйелерін салу бөлігінде заңнамалық бастамалар бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.
Қайрат Мақсұтов сонымен қатар компанияның 2025 жылға арналған бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарларын таныстырды. Жалпы, Самұрық-Энерго 2032 жылға дейін 14,3 гигаватт жаңа өндіруші қуаттарды іске қосуды жоспарлауда.
«Самұрық-Энерго» АҚ және UCC Holding Қызылорда БГҚ жобасын іске асыру үшін Жобалау компаниясын құру туралы акционерлік келісім жасасты. Қол қою рәсімі Power International Holding (PIH) тобының CEO Рамез Әл-Хаяттың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Арман Исағалиевтің қатысуымен өтті.
Жоба Қызылорда облысында қуаты 1100 МВт бу-газ электр станциясын салуды көздейді. Жоба Қазақстанның энергожүйесінің тұрақтылығын арттыруға, саланың экологиялық тұрақтылығын жақсартуға және энергиямен жабдықтау тиімділігін арттыруға бағытталған.
Тараптар жобаны дайындаудағы елеулі прогресті атап өтіп, оны одан әрі бірлесіп іске асыру жөніндегі жоспарларды растады. Акционерлік келісім мынадай негізгі жобалық құжаттарға - Инвестиция туралы келісімге, Қуат нарығы туралы келісімге, 2025 жылы электр энергиясын сату туралы келісімге қол қоюдағы негізгі қадам болып табылады.
UCC Holding - Катардың құрылыс және инфрақұрылымдық жобалар саласында жұмыс істейтін жетекші холдингі. Компания бүкіл әлем бойынша жүздеген жобаларды сәтті іске асырған Power International Holding құрамына кіреді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының (AIX) биржасында I-REC (International Renewable Energy Certificate) сертификаттарының алғашқы сауда-саттығы өтті. I-REC сертификаттары электр энергиясының жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану арқылы өндірілгенін құжатпен растайтын халықаралық танылған құрал болып табылады.
Бірінші мәміле «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес компаниясы – «Samruk-Green Energy» ЖШС мен лондондық «Valor Carbon» трейдингтік фирмасы арасында жасалды. Биржалық мәміле шеңберінде «Samruk-Green Energy» ЖШС британдық Valor Carbon компаниясына 1000 I-REC сертификатын сатты.
«I-REC сертификаттарымен сауда-саттықтың биржалық тетігі мәмілелердің ашықтығын арттырып қана қоймай, сұраныс пен ұсыныстың өсуі арқылы сектордың дамуына оң әсер етеді. Жоспарланып отырған жасыл генерация бойынша маңызды қуаттардың салынатынын ескере отырып, біз болашақта сауда-саттық көлемі мен осындай құралдарға қызығушылық айтарлықтай өседі деп күтеміз», - деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Алмасби Камалов.
I-REC сертификаттары әлемнің 50-ден астам елінде мойындалған. Бұл бизнес пен ұйымдардың «жасыл» энергияны пайдалануына және декарбонизация мақсаттарына ұмтылуына, сондай-ақ ESG күн тәртібі мен экологиялық бастамаларды қолдауына көмектеседі.