«Самұрық-Энерго» АҚ-да жөндеу науқаны аяқталуда

«Самұрық-Энерго» АҚ-да жөндеу науқаны аяқталуда

Болат Жәмішевтің төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында «Самұрық-Энерго» және «KEGOC» компаниялары 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық нәтижелерін ұсынды.

Қордың басқарушы директоры Бақытжан Таубаевтың айтуынша, еншілес компаниялар өткен жылыту маусымын сәтті өткізді.

2026 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ энергетикалық нысандарында негізгі жабдықтың 111 бірлігін жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 19 күрделі, 5 кеңейтілген және 87 ағымдағы жөндеу жұмысы бар. Жөндеу жұмыстары энергетикалық блоктарды, қазандықтар, турбиналар, электр беру желілерін, қосалқы станциялар мен жылу желілерін қамтиды. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» басшысы Қайрат Мақсұтов мәлімдеді.

Компания еліміздің энергетика саласын дамытуда маңызды рөл атқарады. Қазақстанның 2035 жылға дейінгі жоспарына сәйкес көзделген жаңа генерацияланатын қуаттың жартысына жуығы «Самұрық-Энерго» үлесіне тиесілі.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық дайындық іс-шараларын уақытылы аяқтап, жылыту маусымы кезінде энергетикалық нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.