2024 жылғы 17 қаңтарда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға сапары қарсаңында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, Ansaldo Energia S.p.A Бас директоры Фабрицио Фаббри және Cassa Depositi e Рrestiti басшылығы арасында кездесу өтті.
2024 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан-Италия дөңгелек үстелінің алаңдарында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Самұрық-Энерго» АҚ мен Ansaldo Energia арасында энергетикалық жобаларды, оның ішінде «Алматы ЖЭО-3-ті қуаты 450 МВт-ға дейінгі БГҚ базасында қайта құру» жобасын іске асыру шеңберінде Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Алматы ЖЭО-3-ті қайта құру жобасы қуаты анағұрлым көп және маневрлік режимде жұмыс істейтін жаңа электр станциясын салуды көздейді. Құжат тараптардың ағымдағы және әлеуетті жобаларды іске асыру үшін өзара тиімді әріптестігін нығайту ниетін бекітті.
Келісім энергетикалық жобаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмысты және оларды уақтылы іске қосу бойынша бірлескен күш-жігерді үйлестіруді, оның ішінде жабдықты жеткізуді, техникалық қызмет көрсету мен сервисті ұйымдастыруды көздейді. Қол қойылған құжат шеңберінде Ansaldo Energia компаниясы энергетикалық жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісуге, сондай-ақ білім алмасуға және жергілікті персоналдың біліктілігін арттыруға жәрдемдесуге ниетті.
Ansaldo Energia -электр станцияларын салуды, өндіруді, қызмет көрсетуді және энергетикалық жабдықты жеткізуді қамтитын интеграцияланған моделі бар энергия генерациялайтын жабдықтарды өндіру саласындағы халықаралық нарықта жұмыс істейтін жетекші компания. Cassa Depositi e Рrestiti Ansaldo Energia компаниясының 88% үлесіне ие.
2035 жылға дейін «Самұрық-Энерго» АҚ Қазақстанның энергетика саласында жиынтық көлемі 12 ГВт-тан асатын бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Бұл туралы бүгін «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов ҚР Үкіметі отырысында баяндады. Айтылған жобалар қатарында - 5,9 ГВт жылу станциялары, 600МВт – су электр станциялары, 5,7 ГВт – ЖЭК нысандары (жаңартылған энергия көздері). Электр энергетикалық холдинг басшысының мәлімдеуінше, жобалардың бірқатары стратегиялық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылады.
Қайрат Мақсұтов өз баяндамасында Алматы ЖЭО-2, ЖЭО-3 орталықтарында жаңа бу-газ қондырғыларын салу жобаларының іске асырылуы туралы ақпараттарды айтты.
«Алматы ЖЭО-2 жобасы бойынша белгіленген электр қуаты 557 МВт, ал жылу қуаты 816 Гкал құрайтын жаңа газ станциясын салу көзделіп отыр. EPC келісімшартына сәйкес жобаның құны 330 млрд. теңгені құрайды.
«Алматы ЖЭО-3» жобасы бойынша белгіленген электр қуаты 544 МВт-қа дейінгі және жылу қуаты 160 Гкал болатын бу-газ қондырғысын салу жоспарлануда. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жобаның құны: 273 млрд. теңге. Компания басшысының айтуынша, бүгінгі күні Алматы 2 және 3 ЖЭО жобаларын қаржыландыру мәселелері толығымен шешілді, құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары, геологиялық ізденістер, жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар компания басшысы Қазақстанның үш қаласында салынатын жаңа жылу электр орталығын салу жобалары туралы баяндады. 2023 жылдың 9 қарашасында ҚР және РФ министрліктері арасында Көкшетау қаласында қуаттылығы 240 МВт, Семей қаласында қуаттылығы 360 МВт және Өскемен қаласында қуаттылығы 360 МВт жылу электр орталығын салу жобалары бойынша Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Жобаларды іске асыру бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ мен ресейлік «ИНТЕР РАО Экспорт» компаниясы жауапты болып анықталды.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасының айтуынша, Көкшетау қаласындағы станция бойынша техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭО) әзірлеу аяқталды және Семей станциясы бойынша ТЭО-ны әзірлеу ағымдағы жылдың наурыз айына жоспарлануда. Ал Өскемендегі станция бойынша ТЭО әзірлеу жұмыстарын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Аталған үш ЖЭО құрылысын аяқтау 2027-2028 жылдарға жоспарланып отыр.
Бұдан өзге, ҚР Үкіметі отырысында Самұрық-Энерго жобаларының портфелінде қазіргі кезде бірнеше су электр станцияларын салу бойынша инвестициялық жобалар пысықталуда деп айтылды. Оның ішінде: Іле өзенінде қуаттылығы 50 МВт Кербұлақ ГЭС-і, Ертіс өзенінде қуаттылығы 300 МВт-ға дейін Семей ГЭС-і және Шелек өзенінде қуаттылығы 70 МВт ГЭС-29. Осы жобалар бойынша жобалау алды құжаттаманы әзірлеу, сондай-ақ құрылыс үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ, холдинг басшысының айтуынша, қазіргі таңда Самұрық-Энерго әрқайсысының қуаты 1 ГВт болатын, жалпы қуаты 5 ГВт жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру жұмыстарына атсалысуда.
МАЭС-3 жобасы бойынша әрқайсысының қуаттлығы 660 МВт болатын екі энергоблок, жалпы қуаттылығы 1320 МВт болатын жаңа станцияның құрылысы жоспарланған.
«Самрұқ-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов бастаған делегация Семей қаласына барды. Облыстық акиматта өткен алқалы жиынға өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев пен әкімдіктің бөлім басшылары қатысты. Жиында «Семей қаласында ЖЭО құрылысы» жобасын алдағы уақытта жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Семейде жаңа ЖЭО салу және қаланың даму перспективасын есепке ала отырып, қаланы жылумен қамту сызбасын дайындау және ТЭН әзірлеуді аяқтау.
Екі тарап бірлесе Жұмыс тобын құрып, жобаны жүзеге асыру бойынша нақты Жол картасын құруға келісті.
Басқарма Төрағасы Қайрат Берікұлы Мақсұтов бастаған «Самұрық-Энерго» АҚ делегациясы Екібастұз МАЭС-1-де болды. Сапар барысында компания басшылығы №1 энергия блогын қалпына келтіру бойынша жұмыстардың аяқталу үдерісімен танысты.
Сондай-ақ, делегация мүшелеріне күзгі-қысқы кезеңнен өту бойынша және отын беру объектілерінің ағымдағы жағдайы туралы айтылды.
Екібастұз МАЭС-1-дің нысандарын аралау нәтижесінде кеңес өткізіліп, онда ағымдағы және перспективті инвестициялық жобаларды іске асыру туралы мәселелер талқыланды.
ЕМАЭС-2 объектісін аралаудың қорытынды жиналысында өндіріс орнының басшылығы қысқы кезеңнен өту туралы есеп беріп, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жайында тоқталып өтті.
Өткізілген жиналыстардың нәтижесі бойынша, МАЭС-1 және МАЭС-2 басшылығына станцияның үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету және инвестициялық жобалар бойынша іс-шараларды уақытында жүзеге асыру тапсырмасы берілді.
«Самұрық-Қазына» Қорының басшысы ресейлік әріптестермен энергетика мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді
Мемлекет басшысының Санкт-Петербург қаласына жұмыс сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов «Фирма ОРГРЭС» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Сұлтан Яхьяевпен және «Интер РАО - Экспорт» бас директоры Максим Сергеевпен кездесті.
Кездесулердің қортындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Интер РАО – Экспорт» компаниясы арасында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш ЖЭО салу жобалары, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Фирма ОРГРЭС» компаниясы арасындағы Екібастұз ГРЭС-2-де, №3 және №4 энергоблоктарды салу жөнінде ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Қос тарап энергетика саласы бойынша әріптестік пен инфрақұрылымды дамыту жөнінде тәжірибе алмасуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Бүгін «Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік орталығында энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға «Самұрық-Қазына» Қорының Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов Самұрық-Энерго қызметкерлерін арнайы құттықтап келді. Ұжым алдында сөйлеген сөзінде Қор басшысы Қазақстандағы ең ірі электр энергетикалық холдингтің еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен ел экономикасына маңызы зор инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы рөлі туралы айтты. Н.Жақыповтың айтуынша қазақстандық энергетиктердің біліктілігі мен қажырлы еңбегі халқымыздың сенімді ертеңіне негіз бола алады. Ол Самұрық-Энергоның осынау игі ісі жолындағы көптеген жетістіктерінде холдингте еңбек етіп жүрген әрбір қызметкердің үлесі зор екендігін алға тартты.
Іс-шара аясында «Самұрық-Энерго» АҚ-ның бірқатар қызметкерлері «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды. Марапат иегерлері: Гаухар Жарманова, «Құқықтық сүйемелдеу» департаментінің бас менеджері; Ғалымбек Ауталипов, «Генерация және Отын» департаменті директоры; Олег Квон, Директор «Активтерді басқару» департаменті директоры; Мадина Айсариева, «Корпоративтік басқару және Орнықты даму» департаменті директоры; Еркебұлан Сәрсембеков, Ішкі аудит қызметі бас аудиторы; Руслан Төлегенов, Департамента «Стратегия және Экономикалық талдау» департаментінің бас маманы; Сұлтан Мұқаев, «Қазынашылық және Корпоративтік қаржы» департаментінің директоры; Ержан Дүйсенов, «Нарықты талдау және дамыту» департаментінің директоры.
«Самұрық-Энерго» Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов өз кезегінде «Самұрық-Қазына» Қорына және басшысына мереке күні білдірген жылы лебізі және мемлекеттік маңызы зор энергетикалық жобаларды іске асыруда көрсеткен қолдау үшін алғыс айтты. Мақсұтовтың айтуынша, компания Қор тарапынан болатын қолдаудың нәтижесінде ел экономикасындағы маңызды салалардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін сенімді энергожүйесінің құрылуы жолында қызмет етіп келеді.
Сонымен қатар Мақсұтов: «Компаниямыздың отандастарымызға жылу мен жарық беріп, өндіріс ошақтарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуі – сіздердің және энергетик мамандардың қажырлы еңбегінің арқасы. Компанияларымыздың мол тәжірбиесі, онда жұмыс жасайтын білікті мамандар әрдайым тек жетістіктерге жеткізетініне сенімдімін!», - деп ұжымына алғыс білдірді.
Салтанатты марапаттаудан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Самұрық-Энерго» АҚ басшыларының қатысуымен жиналыс өтті. Онда «Самұрық-Энерго» АҚ Қор басшыларының алдында 2023 жылдың 11 айы бойынша жұмысына есеп берді.
PwC Kazakhstan сарапшылар тобы «ESG ақпаратын ашу бағытындағы үздік 50 компания рейтингі» зерттеуінің нәтижелерін жариялады.
«Самұрық-Энерго» АҚ ESG ақпаратын ашу практикасы бойынша көшбасшылар қатарына енді және қазақстандық 96 компания арасындағы жалпы рейтингте 4 орынды және сала бойынша 1 орынды иеленіп, ESG ақпаратын ашу деңгейі бойынша үздік электр энергетикалық компанияға айналды (рейтингпен мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.pwc.com/kz/en/assets/esg-2023-final-draft.pdf).
Зерттеу аясында PwC Kazakhstan сарапшылар тобы қазақстандық компаниялардың жария есептілігінде ESG-ақпараттың сапасы мен қолжетімділігін бағалады. Бағалау өлшемдері 129 критерийді және жария етудің негізгі бес блогын қамтыды: 1) тұрақты даму стратегиясы; 2) корпоративтік басқару; 3) қоғам; 4) экология; 5) есеп беру практикасы. Ақпарат көрсетілімінің анықтығы мен сапасы үшін қосымша ұпайлар берілді.
PwC Kazakhstan сарапшылары өз есебінде: ««Рейтингтің алғашқы ондығына ESG ақпаратын ашудың халықаралық стандарттарына да сай жоғары деңгей көрсете білген компаниялар енді. Біздің рейтингтегі көшбасшылар жаһандық ESG күн тәртібінің жаңа трендтері үдесінен жылдам көріне білді және тұрақты ілгерілеу деңгейінде жұмыс істеуде», деп атап көрсетті.
«Самұрық-Энерго» АҚ жария есептілік барлық стейкхолдерлермен өзара іс-қимыл жасаудағы негізгі құрал екенін толық түсінеді, сондықтан біз жария есептіліктің ашықтығына, қолжетімділігіне және өзектілігіне ұмтылысымызды жалғастыра беретін боламыз.
«Самұрық-Қазына» Қорында «гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» жаһандық акциясы аясында қызметкерлердің құқықтарын гендерлік негізде бұзудың алдын алу тақырыбында таныстыру семинары өтті. Харассментке қарсы іс-қимыл саласындағы сарапшылармен кездесу корпорацияда қауіпсіз және қолдау көрсететін жұмыс ортасын дамытудағы маңызды қадам болды.
Әлеуметтік өзара іс-қимыл және коммуникациялар орталығының (ӘӨКО) бас директоры Елдос Өмірзақов семинарды ашып, жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қысымның әртүрлі түрлеріне қарсы іс-қимыл әдістерін зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Ол бұл әлеуметтік тұрақтылық мәселесі ғана емес, еңбек ұжымдарын дамытудың негізгі элементі екенін атап өтті.
Самұрық-Қазына Қоры Комплаенс қызметінің басшысы Асқар Дәрменов «харассмент» терминін түсіндірудегі айырмашылықтарға тоқталып, заңнамада нақты айқындау қажеттігін атап өтті. Ол терминологиядағы белгісіздік корпоративтік ортада түсініспеушілік проблемалары мен тәуекелдерін тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
Дәрменов сондай-ақ «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы қызметкерінің этикалық мінез-құлқының ішкі кодексінде кемсітушіліктің кез келген түріне тікелей тыйым салынғанын, бұл харассментке ұшыраған өтініш берушілердің қауіпсіздігі үшін құқықтық негіздерді қамтамасыз ететінін атап өтті.
Қазақстандық Қоғамдық даму институтының сараптамалық талдау басқармасының талдаушысы Айнұр Тукумова осы құбылысқа қарсы күрес пен осы бағыттағы мемлекеттік институттардың жұмысы туралы халықаралық конвенциялар туралы айтып берді.
Іс-шарада сондай-ақ халықаралық конвенциялар, осы бағыттағы мемлекеттік институттардың жұмысы, сондай-ақ харассмент түрлерінің әртүрлілігі және оларды жұмыс орнында еңсеру әдістері қаралды.
Құқықтық саясатты зерттеу орталығының Аймақтық директоры Аяжан Ойрат харассменттің әртүрлі түрлерімен күресудің маңыздылығын атап өтіп, осы құбылысқа қарсы тұрудың қолданбалы әдістерін ұсынды.
Іс-шараны қорытындылай келе, ӘӨКО өндірістік қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ділдабаева мұндай кездесулер тұрақты негізде өткізіліп тұратынына баса назар аударды.
Қазақстандық ірі электр энергетикалық холдинг – «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдері осы күндері БАӘ астанасы Дубай қаласында өтіп жатқан БҰҰ – COP28 халықаралық климат жөніндегі саммиттің жұмысына қатысты. Конференцияның негізгі міндеті – адамзаттың Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолындағы жетістіктерін талдау.
Жаһандық конференция аясында Орталық Азия елдері үшін «Орнықты дамуға және климаттың өзгеруіне төзімділік үшін салынатын инвестициялар» атты жеке таныстырылымдық бағдарлама (Жасыл питчинг) өтті. Оны БҰҰДБ және АХҚО бірлесіп ұйымдастырды. Осы іс-шарада Қазақстан Республикасынан «Самұрық-Энерго» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Алмасби Камалов баяндама жасады. Қазақстандық спикер «Самұрық-Энерго» Компаниялар тобында көмір жылу электр станцияларын қаржы құралдарын (орнықты дамуға байланысты облигацияларды) пайдалану арқылы газға ауыстыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.
Алмасби Камаловтың айтуынша, 2016 жылы Қазақстан парниктік газдар шығарындыларының көлемін азайтуға бағытталған Париж келісімін ратификациялады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2022 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Энергияға көшу бағдарламалары бекітілді. Бағдарламалар 2032 жылға қарай СО2 шығарындыларын кезең-кезеңмен төмендетуді және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейді.
Спикер атап өткендей, Энергияға көшу бағдарламасын іске асыру үшін Қазақстанда ресурстар жеткілікті. Мысалы, елдің оңтүстік өңірлеріндегі күн энергиясының әлеуеті жылына 3 000-ға жуық күн сағатын құрайды, бұл әлемнің ең шуақты елдерімен бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Қазақстанның су әлеуеті 62,6 млрд кВтсағатқа бағаланады, бұл елдегі қазіргі тұтынудың шамамен 55%-ын құрайды (Қазақстанның жалпы су әлеуеті шамамен жылына 170 млрд кВт/сағатқа бағаланады, іске асыруға техникалық тұрғыдан мүмкін болатыны - 62 млрд). Қазақстанда жел энергетикасының әлеуеті жылына 1,8 трлн. кВт сағат, бұл Қазақстанның ағымдағы тұтынуынан шамамен 16 есеге көп.
«Осы ресурстарды пайдалана отырып, біз 2030 жылға қарай стратегиялық инвесторлармен 4 ГВт жел электр станциясын, 1 ГВт күн электр станциясын, 1,7 ГВт су электр станциясын салу бойынша ЖЭК жобаларын іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ өкілі.
Алмасби Камалов өз сөзінде Алматы ЖЭО-ны газға көшіру жобасына егжей-тегжейлі тоқталды. Ол экологиялық жағдайға, елдің 2 миллион халқы бар оңтүстік астанасындағы аурушаңдыққа байланысты проблемалар туралы айтты.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарушы директорының айтуынша, бүгінде компания іске асырып жатқан жобалар өңірдегі әлеуметтік және экологиялық маңызы бар жобалар болып қана қоймай, елдің энергия тапшылығы проблемасын шешуге де бағытталған. ЖЭО-ны жаңғырту жобалары енгізілгеннен кейін және жаңа станциялар пайдалануға берілген соң сарапшылардың бағалауы бойынша парниктік газ шығарындылары 28% - ға, ал зиянды заттар эмиссиясы 92% - ға азаюы тиіс. Бұл ретте Қазақстан өкілі объектілерді іске қосқаннан кейінгі мультипликативтік әсерлерді атап өтті. Мысалы, шын мәнінде, жаңа ЖЭО-3-ті енгізу 500 МВт жасыл энергетиканы реттеуге мүмкіндік береді.
Алматы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жобасы туралы айта келе, Алмасби Камалов бүгінгі күнге дейін жобаны іске асыру шеңберінде даму банктерімен кредиттік келісімдер жасалғанын атап өтті. Қалалық ЖЭО-3 жобасы бойынша орнықты дамумен байланысты облигацияларды (Sustainability-linked bonds) шығару процесі жүріп жатыр. Қаржыландыру сомасы - шамамен 500 млн. доллар.
БҰҰ халықаралық климат жөніндегі саммитіндегі Green Pitching ынтымақтастықты дамытуға, Орталық Азияның жасыл және тұрақты болашағы үшін инновациялар мен инвестицияларды ынталандыруға бағытталған. Көрмеге жаңартылатын энергетика, су ресурстарын басқару, тұрақты ауыл шаруашылығы және экотуризм сияқты әртүрлі секторлардағы жобалар қойылған, олар климаттың өзгеруінің әсерін азайтып қана қоймай, сонымен қатар Орталық Азия халқының өмір сүру сапасын да жақсарта алады.
Inbusiness.kz ақпараттық порталындағы 05.12.23ж. жарияланымға қатысты (Алматы ЖЭО-3 жаңғырту мерзімі ұзартылды) «Самұрық-Энерго» АҚ қазіргі уақытта көрсетілген материалдағы ақпарат өзекті емес екендігін хабарлайды, себебі 2023 жылғы 30 маусымдағы, сондай-ақ 2023 жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ-ның шоғырландырылған аралық қаржылық есептілігінде «Алматы ЖЭО-3 нысанын қайта жаңғырту» жобасын іске асыру туралы ақпарат төмендегіше ашып көрсетілген:
«Жобаны іске асыру мерзімі 2023-2027 жылдарға өзгертілді».
Жобаны іске асыру мерзімдерінің 2023-2027 жылдарға өзгеруі туралы ақпарат Siemens Energy компаниясынан негізгі жабдықты (бу-газ турбиналары мен генераторларды) жеткізу мерзімдеріне қатысты алдын ала жорамалардарға негізделген.
Айта кететін жайт, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы мен 9 айының қорытындысы бойынша әзірленген шоғырландырылған қаржылық есептілігінің жарияланған кезеңінде осы жобаны іске асыру бойынша ЕРС мердігер (консорциум құрамында: «KBI Energy Group» ЖШС «Энерго Спец Строй» ЖШС-мен бірлескен, «СтандартЭнерго KZ» ЖШС және «СТРОЙИНДУСТРИЯ» ЖШС) мен Siemens Energy компаниясы арасында негізгі технологиялық жабдықты жеткізудің ақырғы күні бойынша, «АлЭС» АҚ тапсырыс берушісі үшін қолайлы мерзімде, яғни 2026 жылдың соңына дейін АТЭЦ-3 пайдалануға берілетін болып түпкілікті уағдаластыққа қол жеткізілген жоқ.
Осыған байланысты, ЕРС мердігер жабдықтардың баламалы жеткізушісі - Ansaldo Energia компаниясының келіссөздер жүргізді, оның нәтижелері бойынша ағымдағы жылдың 9 қарашасында АТЭЦ-3 үшін жабдық дайындау бойынша резервтеу (Slot reservation agreement-SRA) туралы келісімге қол қойылды.
Ansaldo Energia компаниясымен қол қойылған келісім талаптарына сәйкес «Алматы ЖЭО-3 нысанын қайта жаңғырту» жобасын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP28) аясында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов ҚР-ның ресми делегациясы құрамында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Инвестициялар министрімен, ADQ Holding-тың басқарушы директоры Мұхаммед әл-Сувейдимен, ACWA Power Директорлар кеңесінің Төрағасы Мұхаммед Абунайянмен өткен екіжақты кездесулерге қатысты. Онда тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы серіктестікті дамыту және жасыл энергетика бағытындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жоспарларды нақтылады.
2023 жылдың 2-желтоқсанында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қ.Мақсұтов және Abu Dhabi Future Energy Company (Masdar), W Solar Investment LLC и Kazakhstan Investment Development Fund өкілдері қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының жобасын бірге дайындау бойынша Келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Құжатта жобаны бірлесе әзірлеу және оны жүзеге асыруда координацияны күшейту мәселесі қамтылған. COP28 конференциясы аясында ҚР мен БАӘ арасында жел электр сатнциясы жобасын жүзеге асыру бойынша Үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ, БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне қатысты 28-ші Конференциясының (COP28) алаңында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қ. Мақсұтов «Самұрық-Қазына» Басқарма төрағасы Н.Жақыпов пен ACWA Power Басқарма төрағасы М.Арчеллидің бірлескен кездесуіне қатысты. Онда қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясы құрылыс жобасын жүзеге асыру және серіктестікті одан ары дамыту мәселесі талқыланды.