Самұрық-Энерго мен Energy China Қазақстанда ірі күн электр станциясын салуға кірісті

Самұрық-Энерго мен Energy China Қазақстанда ірі күн электр станциясын салуға кірісті

«Самұрық-Энерго» АҚ Қытайдың Energy China компаниясымен серіктестікте Түркістан облысында энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 300 МВт күн электр станциясын салуға кірісті.

Бүгін салтанатты рәсім аясында болашақ станция құрылысының басталуын білдіретін уақыт капсуласы салынды. Бұл Компанияның ұлттық энергия секторын жаңғыртуға және елдің оңтүстік өңірлерін энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған жаңартылатын энергетика саласындағы негізгі жобаларының бірі.

Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, Energy China басшылары, ҚХР-ның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Хань Чуньлин, сондай-ақ Түркістан облысының басшылығы қатысты.

Тікелей алаңда құрылысты «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, China Energy Overseas Investment Company Директорлар кеңесінің төрағасы Лин Сяо Дань және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ресми түрде бастады.

Жоба компанияның «жасыл» генерация портфелін дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Құрылыс кезінде мынадай инновациялық шешімдер қолданылады: күнді бақылау механизмі бар жаңа буынның фотоэлектрлік панельдері, сондай-ақ генерацияның тұрақтылығын қамтамасыз ететін және электр энергиясын желіге беру тиімділігін арттыратын энергияны жинақтау жүйелері орнатылады.

Жобаны іске асыру қосымша жұмыс орындарын ашады, өңірге инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді және инфрақұрылымды дамытуға ынталандырады. Станция еліміздің күн объектілері арасындағы ең ірі қуаттардың біріне ие болады, бұл оңтүстік облыстардың энергия теңгерімін едәуір нығайтады.

«Самұрық-Энерго үшін бұл станцияны салу инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесі болып табылады. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз», - деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов.