«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Асқар Балтабаев «Гидрокс» ЖШС-ның сұйық каустикалық сода өндіретін зауытына барды.
Сапар барысында кәсіпорынның технологиялық үдерісімен, өнім сапасын бақылау жүйесімен танысып, кәсіпорынның энергетика саласындағы ірі өнеркәсіптік тұтынушылармен жұмыс істеуге дайындығына баға берілді.
Каустикалық сода — энергетикалық кәсіпорындардағы су дайындау жүйелерінде кеңінен қолданылатын негізгі реагенттердің бірі. Қазандық агрегаттар мен бу генераторларында қолданылатын су химиялық құрамы бойынша қатаң талаптарға сай болуы тиіс.
Сапалы каустикалық соданы қолдану pH деңгейін тиімді реттеуге, қышқыл қоспаларды бейтараптандыруға және химиялық режимнің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл энергетикалық нысандарды сенімді әрі қауіпсіз пайдаланудың негізі болып табылады.
Сапар аясында өнім сапасының тұрақтылығы, технологиялық параметрлерді сақтау және жеткізілімдердің үздіксіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолданыстағы сатып алу жүйесі шеңберінде отандық өндірушілерді қолдау шаралары түсіндірілді.
Химиялық реагенттердің жергілікті өндірісін дамыту — Қазақстанның энергетика саласының тұрақтылығы мен технологиялық тәуелсіздігін арттырудың маңызды факторы.
https://youtube.com/shorts/lXwvqU98RrU

