Самұрық-Энерго халықаралық серіктестермен бірге Қазақстандағы ең ірі жел электр станциясының құрылысын бастады

Самұрық-Энерго халықаралық серіктестермен бірге Қазақстандағы ең ірі жел электр станциясының құрылысын бастады

Жамбыл облысында Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станциясының құрылысы бастау алды. Уақыт капсуласын салу рәсімі Мойынқұм ауданындағы Хантау ауылы маңында салтанатты түрде өтті. Жоба Қазақстан мен Франция Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік аясында «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз» ҰК» және әлемге әйгілі TotalEnergies компаниясымен жүзеге асырылуда.

Іс-шараға бейнеконференция байланысы арқылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, Францияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Сильван Гиоге, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның өкілдері қатысты.

Тікелей алаңда құрылыс жұмыстарына ресми түрде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, TotalEnergies Renewables басқарушы директоры Тьерри Плезан және «KMG Green Energy» ЖШС-ның Бас директоры Әділжан Нұрсипатов бастау берді. 

«Жоба аясында 20 мың гектар аумақта әрқайсысының қуаты шамамен 7 МВт болатын 150 жел генераторын орнату көзделген. Станция жылына шамамен 4 млрд кВт·сағ «таза» электр энергиясын өндіреді. Бұл Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі энергия тапшылығын жабуға елеулі үлес қосады. Жалпы жоба Қазақстан энергетикасы үшін стратегиялық маңызға ие», - деп атап өтті құттықтау сөзінде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басшысы Қайрат Мақсұтов.

«Мирный» жобасы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын, сыйымдылығы 600 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесін, сондай-ақ ілеспе электр желілік инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.

Жоба еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Оның жүзеге асырылуы ұлттық энергожүйені нығайтып, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырады. Сонымен бірге ЖЭС жаңа жұмыс орындарын құруға және Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін береді.