ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өтті.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов 2025 жылы қол жеткізілген өндірістік нәтижелер туралы баяндап, 2026 жылғы жоспарлармен таныстырды.
Компания Қазақстанның электр энергиясы нарығында тұрақты көшбасшылық позицияны иеленеді және қызметтің барлық бағыттары бойынша тұрақты өсу көрсетуде.
Энергетика министрлігімен тарифтердің әділ және нарықтық деңгейіне қол жеткізу бойынша бірлескен жұмыстың нәтижесінде тарифтен алынған кірістер өндірістік қуаттарды ұстап тұруға және пайдалануға әзірлікті қамтамасыз етуге бағытталады. Нәтижесінде жабдықтың тозуы төмендеп, станциялардың техникалық жағдайы жақсаруда.
Бұл ретте негізгі өндірістік үдерістерді цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, дрондар мен зияткерлік алгоритмдерді пайдалана отырып, көмір қорларын есепке алуды автоматтандыру жобасы іске асырылды, ЖИ негізінде электр станцияларындағы ақауларды болжамды анықтау, жаңартылатын энергия көздерінің генерациясын болжау және басқа да озық шешімдер бойынша жобалар енгізілуде.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның инвестициялық портфелі жалпы белгіленген қуаты 11,4 ГВт құрайтын нысандарды салу және жаңғырту жөніндегі 21 жобаны қамтиды. Олар 2033 жылға дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бірқатар жобалар Франция, Катар, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы және БАӘ халықаралық серіктестерімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл ауқымды энергетикалық бастамаларды іске асырудың озық технологиялары мен үздік тәжірибелеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, өндіруші қуаттарды жаңғырту мен кеңейтудің кешенді бағдарламасы сұраныстың өсуін жабуға және энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған.





