2022 жылы Шелек дәлізінде жаңа жел электр станциясы жұмысын бастайды

2022 жылы Шелек дәлізінде жаңа жел электр станциясы жұмысын бастайды

Алматы қаласынан 140 шақырым жерде салынып жатқан қуаты 60 МВт жаңа жел электр станциясын (ЖЭС) осы жылдың тамыз айының басында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Станция жылына 225,7 млн. кВтс электр энергиясын өндіретін болады. Өндірістік сипаттамаларынан басқа, жоба осы өңір үшін өзінің экологиялық құрамдас бөлігі жағынан маңызды деуге болады. ЖЭС салу және іске қосу парниктік газдар шығарындыларын 206 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жылына шамамен 89 мың тонна дәстүрлі отынның орнын басады.

Энергетикалық нысан Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Шелек дәлізі деп аталатын, ЖЭК әлеуетін дамытуға арналған бірегей өңірде салынуда. Мұнда желдің орташа жылдық жылдамдығы 50 метр биіктікте – 7,8 м/с деңгейіне жетсе, ағынның тығыздығы - 310 Вт/м2 құрайды. Болашақта ЖЭС қуатын 300 МВт-қа дейін арттыру жоспарлануда.

Жалпы құны 37,4 млрд теңгені құрайтын жоба әрбір номиналды қуаты 2,5 МВт болатын 24 жел энергетикалық қондырғысын, қосалқы станцияны, электр қуатын тасымалдайтын әуе желілерін және ілеспе инфрақұрылым нысандарын салуды көздейді. Станцияның негізгі жабдықтары – «GoldWind» компаниясында шығарылған. Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ қазақстандық электр энергетикалық холдингі «Power China» қытай корпорациясымен серіктестікте іске асыруда.

Самұрық-Энерго сарапшыларының айтуынша, Алматы қаласы мен облысында жұмыс істеп тұрған энергетикалық қуаттарға - Алматы ЖЭО, Қапшағай және Алматы Каскад ГЭС, Жамбыл ГРЭС, сондай - ақ Есік, Мойнақ, Қатарал, Талдықорған ГЭС-теріне қарамастан, бұл өңірде энергия тапшылығы бар. Өйткені еліміздің ең ірі мегаполисі орналасқан облыстағы өндіруші күштер мұндағы электр қуатына деген сұраныстың тек 50% өтейді. Тапшылық сыртқы энергия өндірушілер (республиканың солтүстік облыстарынан, Жамбыл ГРЭС және Қырғызстаннан) есебінен жабылады. Осы аталған факторлар, сондай-ақ өңірде жаңартылатын энергия көздерінің қолайлы ресурстық базасының болуы Самұрық-Энерго жобасы - Шелек дәлізіндегі 60 МВт-тық жел электр станциясы құрылысын іске асыруға негіз болды.

«Самұрық-Энерго» АҚ-да бүгінде 5 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. 2021 жылы олардың электр энергиясын өндірудегі жиынтық көлемі 325,3 млн. кВтс құрады. Бұл ҚР-дағы барлық ЖЭК объектілері өндіретін электр энергиясы көлемінің 7,7% құрайды.

Компания жаңартылатын энергия көздерін дамыту бастамасын белсенді қолдап келеді. Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама аясында энергетикалық холдинг электр энергиясы нарығының маңызды бөлігі болып табылатын ЖЭК электр энергиясын өндіру үлесін ұлғайтуға ұмтылады.

Бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» Алматы облысындағы ЖЭС нысанынан басқа, Ақмола облысының Ерейментау қаласы ауданында қуаты 50 МВт-тық жел электр станциясын салу жобасын іске асыруда.