28 сәуірде Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) бастамасы бойынша бүкіл әлемде жұмыс орындарында жазатайым оқиғалар мен аурулардың алдын алуға жәрдемдесу мақсатында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі.
Жыл сайын бұл күні бүкіл әлемде еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Оның екінші атауы бар – Дүниежүзілік өндірістегі жұмысшылардың денсаулығын сақтау күні. Бұл күн 2003 жылдан бастап тарихқа енді. Өндірісте қайтыс болған немесе мүгедек болып қалған қызметкерлерді еске алу күні ретінде Америка мен Канадада (1989 ж.) өткен Қайтыс болған жұмысшыларды еске алу күні осы атаулы күнді белгілеуге түрткі болды.
ХЕҰ жариялаған 2022 жылғы Дүниежүзілік күннің тақырыбы – «Ортақ күш-жігермен еңбекті қорғаудың оң мәдениетін қалыптастыру», оның басты тақырыбы – әлеуметтік диалогтың және еңбекті қорғаудың оң мәдениетін қалыптастыру үшін барлық мүдделі тараптардың тартылуының маңызы.
Еңбекті қорғауға байланысты оң мәдениет еңбекке қатысуға негізделген, ол барлық тараптардың үнемі еңбекті қорғауды нығайтуға белсенді қатысуын білдіреді. Еңбекті қорғаудың жоғары мәдениеті қамтамасыз етілген жерде жұмысшылар өздерінің қауіпсіздігі мен денсаулығына немесе өндірістік қауіп-қатерлерге қатысты алаңдаушылық білдіруден қысылмайды, ал әкімшілік қызметкерлермен бірлесіп туындаған мәселелердің негізді, тиімді әрі сенімді шешімдерін іздеу туралы бастама көтереді. Бұл үшін қажетті шарт – сенім мен өзара құрметке негізделген ашық ақпарат алмасу және диалог.
«Самұрық-Энерго» АҚ-да, еншілес және тәуелді ұйымдарда түрлі іс- шаралар, байқаулар өткізіледі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі айлықтар жарияланды.