«Самұрық-Энерго» электр энергетикалық холдингі нысандарында 2022-2023 жылдың жаңа күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындықтың қарқыны жоғары.
Бүгінде жоспарланған іс-шараның 45% бөлігі атқарылды. Компания мамандарының айтуынша, биылғы жылдың наурыз айынан бастап негізгі жабдықтардың 37-сі жөндеуден өтті. Атап айтқанда, Екібастұздағы ГРЭС-1-дің 3 қуат блогы, ГРЭС-2-нің 1 қуат блогы, «АлЭС» электр станцияларының 7 қазандық агрегаты, 4 құбыр агрегаты, 12 су агрегаты, 10 сужылыту агрегаты жаңа маусымға дайын.
Жөндеу жұмыстары 15 қазанға дейін жалғасады.
Келе жатқан жылыту маусымына көмірдің негізгі қорын «Богатырь Көмір» ЖШС қамтамасыз етеді.
Жаңа күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық аясындағы іс-шаралар «Самұрық-Энерго» басшылығының Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1-ге жасаған іссапары барысында талқыланған. Бұл шараға ГРЭС-2 мен «Богатырь Көмір» ЖШС-нің техникалық және қаржы мамандары да шақырылды.
«Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының мәлімдеуінше жөндеу жұмыстарының қарқыны жақсы, оған қажетті құрылғы, жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары өз жолына қойылған. Сондықтан да 2022 жылдың жөндеу науқаны жоспарланғандай сәтті болуы тиіс.