«Самұрық-Энерго» АҚ-да халықаралық қаржылық даму институттарының өкілдерімен кездесу өтті. Ортаға салынған тақырып – Самұрық-Энерго компаниялар тобында көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу және осы бағытта жобаларды қаржыландырып, іске асыру болды.
Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесуде «Самұрық-Энерго» АҚ Председателі қызметін атқарушы Серік Түйтебаев энергетика саласында «жасыл» энергия бағытында жобаларды іске асыру аясындағы экономикалық мәселелер туралы айтты.
Делегация басшысы – Дүниежүзілік банктің энергетика саласы бойынша жетекші маманы Мануэль Берленджиеро ұйымның «жасыл» энергияға көшу бағдарламасын жүзеге асыруға ат салысып, жобаларды қаржыландыру мәселелерін ҚР Үкіметімен талқылап, барынша қолдауға дайын екендігін жеткізді.
Одан өзге, кездесуде Дүниежүзілік банк және Қазақстанның Қаржы министрлігі мен Энергетика министрлігі өкілдерімен бірге жүргізілетін іс-шаралар да талқыланды.
Сонымен қатар, өз кезегінде Дүниежүзілік банк «АлЭС» АҚ-на қарасты Каскад ГЭС-ін қайта құру және жаңғырту бойынша техникалық-экономикалық негіздемесін жасауды қаржыландыруға грант бөлуге дайын екендігін мәлімдеді.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің Вице-президенті Алан Пию ұйымның 2022 жыл бойынша Қазақстандағы қызметі мен инвестициялық жоспарлары туралы ақпарат берді.
Жиында халықаралық қаржы мекемесі мен «Самұрық-Энерго» АҚ арасындағы келешекке жоспарланатын ынтымақтастық бағыттары туралы да сөз қозғалды. Атап айтсақ, Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасы бойынша, станцияны газға көшіруді қаржыландыру аясындағы маңызды іс-шаралар туралы айтылды.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның өкілдері компанияның Алматы қаласы және облысының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Компанияның аталған бағыттағы сәтті жұмыстарына дәлел ретінде Алматы облысындағы Шелек дәлізінде құрылған 60 МВт жел электр станциясының іске қосылуы мен оның қуатын арттыру жобасының шеңберіндегі жасалған келісім туралы айтылды.
ЕҚДБ Вице-президенті қазақстандық энергетикалық холдингтің көміртекті бейтараптылық жолындағы жұмыстарына жоғары баға беріп, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Алматы ЖЭО нысандарын жаңғырту жұмыстарымен ғана шектелмейтін, «жасыл» энергияны дамытудағы жүйелі әрекеттеріне қолдау көрсетуге ниет білдірді.