12 қазан күні «Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік орталығында «Energy Solutions Center» ЖШС еншілес компаниясының 2022 жыл бойынша Корпоративтік басқаруды жетілдіру жоспарының аясында, «Самұрық Энерго» комплаенс қызметімен бірге ұйымдастырылған оқыту семинары өтті. Семинардың басты мақсаты – энергетикалық холдинг қызметкерлері мен еншілес компаниялардың жұмыскерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру және алдын алу шараларының әсерін күшейту.
Семинардың негізгі спикерлері ретінде арнайы шақырылған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі, ұйымның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, алдын алу қызметі» басқармасының басшысы Нұрдәулет Самет пен аталған басқарманың сарапшысы Асан Айдарханов «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбына баяндама оқыды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңына соңғы кездері бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Соның бірі – сыбайлас жемқорлықтың субъективтік құрамының кеңеюі.
Енді мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық Фондпен қаржыландырылатын квазимемлекеттік компаниялардың сатып алу шараларына жауапты барлық қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтың субъектілері қатарына жатады.
Яғни, аталған Заң шеңберіндегі жемқорлыққа қарсы барлық шектеулерді қабылдап, коррупциялық құқық бұзушылық фактілерінде жауапкершілікке тартылады. Бұрын мұндай талаптар квазимемлекеттік компаниялардың тек бірінші басшыларға ғана қатысты болған.
Сонымен қатар, ҚР салық және басқа да міндетті төлемдері жөніндегі Кодексіне сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, соның ішінде шетелдік мамандар мен олардың жұбайлары салық органдарына активтері мен міндеттемелері туралы жыл сайын декларация жасауға міндетті болады.
Бұдан өзге, Н.Саметтің баяндамасында жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар аясындағы жаңа заңнамалық толықтырулар туралы айтылды. Атап айтқанда, квазимемлекеттік ұйымдарда сый-сыяпат қабылдауға, жақын туыстарды жұмысқа алуға, шетелдік банктерде шот ашуға тыйым салынған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілінің айтуынша, компаниялар мен оның еншілес ұйымдарында, жыл сайын комплаенс офицерлерімен бірге ұйымдастырылған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп отыруы тиіс.
Семинар соңында Жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілдері компания қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, ақпарат алмасты.
Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың пікірінше, семинардың түпкі мақсаты орындалды. Өйткені шара барысында мемлекеттік тиісті органдар жүргізіп жатқан халық арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті күшейту және коррупцияның алдын алу жұмыстары туралы ақпарат берілді.
Жемқорлықтың әлеуметтік құбылыс ретінде мемлекетке саяси және экономикалық тұрғыда әкелер зиянының ауықымын түсіне білу қажет. Сонымен қатар Қоғамда оның орын алмауын қамтамасыз ететін шешуші шараларды қолданған жөн.