Мереке қарсаңында Қапшағай СЭС-інің құрылысы мен Қонаев қаласының негізін қалауға атсалысқан Қазақстанның көрнекті тұлғаларына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Дінмұхамед Қонаевтың 110-жылдығы, Асанбай Асқаровтың 100-жылдығы, Шапық Шөкиннің 110-жылдығы құрметіне орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты Ш.Шөкин атындағы Қапшағай су электр станциясында болды.
Қапшағай СЭС-і еліміздің оңтүстік өңіріндегі маңызды электр энергетикалық нысандардың бірі. Оның құрылысының жоспары XX ғасырдың 30 жылдары пайда болған. Станция құрылысының қажеттілігі жөнінде 1942 жылы алғаш рет белгілі қазақстандық энергетик-ғалым, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының президенті, академик Ш.Шөкиннің «Іле өзеніндегі Қапшағай СЭС-інің техникалық-экономикалық көрсеткіштері» атты кітабында айтылған.
1969 жылы 20 маусымда СЭС ғимараты фундаментінің астына «Қапшағай су электр станциясының бірінші куб бетоны құйылды» деген жазбасы бар ескерткіш тақтайша орнатылды. Осынау тарихи мезетте Қазақ ССР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен станция құрылысына басшылық еткен Алматы обком партиясының бірінші хатшысы Асанбай Асқарұлы Асқаров болды.
1970 жылдың желтоқсанында алғашқы екі су агрегаты іске қосылғаннан кейін Қапшағай СЭС-і электр энергиясын өндіре бастады!
Уақыт өте келе Қапшағай СЭС-і маңында жаңа қала пайда болды. Ол бүгінде Алматы облысының жаңа әкімшілік орталығының сәні десек те болады.
Ескеркіштің ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Серік Түйтебаев, Д.Қонаевтың, А.Асқаровтың, Ш.Шөкиннің жанұясы, Қапшағай СЭС-інің ардагерлері, «АлЭС» АҚ қызметкерлері қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында Қапшағай СЭС-і мен «АлЭС» АҚ-ның бірқатар жұмысшылары, ардагер энергетиктері және басшылары марапатталды.
«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Серік Түйтебаев өз сөзінде станция жұмысшылары, қала тұрғындары мен мерекелік іс-шараға қатысушылар Республика күні қарсаңында ескерткішті ашу арқылы өздерінің еңбегімен елеулі із қалдырған жерлестеріне, әріптестеріне құрмет көрсетіп жатқанын атап өтті. Басқарма төрағасы «Қапшағай су электр станциясында талай энергетиктер толқыны өз тәжірбиесін шыңдады. Бүгінде станцияда өз ісіне берілген, квалификациялық категориясы жоғары санаттағы мамандар жұмыс істейді»,- деді.
Сондай-ақ, Серік Түйтебаев Алматы қаласы мен Алматы облысындағы маңызды жобаларға тоқталды: «Бүгінгі жағдайда, судың азайып бара жатқан уақытында, «Самұрық-Қазына» Қоры мен «Самұрық-Энерго» компаниялары Қапшағай СЭС-і жұмысының тиімділігін жақсарту мақсатында Іле өзеніндегі Кербұлақ су электр станциясының құрылысына қатысты жобаны жүзеге асыру бойынша жұмысты белсенді түрде жүргізуде. Жалпы Алматы облысына қатысты айтар болсам, Кербұлақ СЭС құрылысы, Каскада СЭС-ін қайта жаңғырту, Алматы жылу электр станциясын көгілдір отынға өткізу, Шелектегі жел электр станциясының іске қосылуы, оның қуатын 300 МВт арттыру, Қапшағай және Мойнақ СЭС-ін есепке алар болсақ, аталған өңір «жасыл энергетика» бойынша алда тұр»,- деп атап өтті «Самұрық-Энерго» басшысы.
Серік Түйтебаев сөзін қорытындылай келе, осы жобаға қатысы барлық қызметкерлерге және энергетика саласында еңбек етіп жүрген барлық әріптестеріне сәттілік тілеп, алдарына қойған мақсаттарының орындалуын тіледі.