Fitch Ratings агенттігі Самұрық-Энергоның шетелдік және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді кредит рейтингін «BB+» деңгейіне дейін көтерді, сондай-ақ Самұрық-Энергоның дербес негіздегі кредит қабілетін «b+» деңгейінен «bb-» шамасына дейін көтеріп, қамтамасыз етілмеген кредиттер бойынша рейтингті «BB» - ден «BB+» - ге дейін арттырды. Болжам «Тұрақты».
Рейтингтердің жоғарылауы Самұрық-Энерго кредит қабілеттілігі рейтингінің дербес негізде айтарлықтай жақсаруына орай, атап айтқанда - қаржылық көрсеткіштердің үздіксіз жақсаруы, қарыз қаражаты үлесінің қысқаруы және қаржылық көрсеткіштерге, соның ішінде EBITDA-ға жағымды ықпал етіп отырған тарифтердің ұлғаюы негізінде мүмкін болып отыр. Компанияның басымдыққа ие қамтамасыз етілмеген рейтингтерінің жоғарылауы қамтамасыз етілмеген кредиторлар үшін құрылымдық субординацияның төмендеуімен байланысты.
Компанияда кірістің едәуір мөлшерде өсуі мен табыс деңгейінің артуын кешенді түрде қарастырып отырған Агенттік қарыздың едәуір мөлшерде қысқаруын оң бағалап отыр, нәтижесінде операциялық қызметтен түскен ақша қаражаттары бойынша жалпы левередж көрсеткішінің айтарлықтай төмендеуі және 2021 жылдың нәтижесі бойынша пайыздық төлемдердің қамтамасыз етілуінің артуы байқалады. Агенттік қарыз қаражаттарының үлесін қысқарту 2022-2026 жылдар аралығында да жалғасады деген болжам жасайды.
Компания инфляцияның өсіп отырғанына қарамастан өзгермелі мөлшерлемемен берешекті мерзімінен бұрын өтеу жұмыстарын жүргізді, осылайша 2021 жылдың аяғынан баланстық қарыз 13%-ға төмендеді. Бұған қоса 2022 жылдың 9 айындағы жағдай бойынша инфляцияның құбылмалылық тәуекелі әсер еткен борыш соңғы 12 айда уақтылы қайта қаржыландыру, кэш-пулинг құралын қолдану және 2021 жылы «жасыл» облигациялар шығару арқылы азайып, Компанияның жалпы қарызы 28%-дан 7%-ға дейін төмендеді. Бүгінгі таңда Компания кредиттік портфелін оңтайландыру және қаржылық шығындарды азайту саясатын жүргізуді жалғастыруда.
Осы айтылғандарға қоса, Компанияның кредиттік портфелінің құрылымында шамамен 18% мөлшердегі халықаралық қаржы институттарының үлесінің болуы борыштық портфельдің жеткілікті деңгейдегі жоғары сапасын көрсетеді және Топтың қаржылық көрсеткіштерін бағалауға айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл ретте Компания алдағы уақытта халықаралық кредиторлармен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отыр.
Агенттік Алматы ЖЭО нысандарын газға көшіру жобалары іске асырылған жағдайда Компанияның ұзақ мерзімді рейтингтері өзгермейтінін, өйткені бұл жобалар кредитор ретіндегі халықаралық және жергілікті қаржы институттарының талаптарына негізделген акционер мен мемлекеттің қолдауы болған жағдайда жүзеге асырылатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Агенттік Самұрық-Энерго өзінің қысқа мерзімді міндеттемелерін толық жабу үшін өтімділік пен ақшалай қаражаттың жеткілікті деңгейіне ие екенін атап өтті.
Компанияның 100 пайызы мемлекет меншігінде. 2021 жылы өнідірілген электр энергиясының шамамен 30% және еліміздегі жалпы көмір өндірісінің шамамен 40% Самұрық-Энерго үлесін құрайды.
Самұрық-Энерго басшылығы Fitch Ratings агенттігінің Компанияның кредиттік рейтингтерін көтеруі қаржылық стратегияның сақталуын растау, сондай-ақ Компанияның әлемде орын алып отырған макроэкономикалық жағдайда қаржылық тұрақтылық көрсеткіштерін жақсарту және қаржылық тұрақтылықты нығайту бағытында тиімді саясат жүргізіп отырғанының нәтижесі екенін атап өтті.
Анықтама: «Самұрық-Энерго» АҚ – акцияларының 100% «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі Қазақстандағы ірі электр энергетикалық холдинг. 2007 жылы құрылған. Қызметінің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергетикалық және көмір кәсіпорындары кіреді, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ СЭС» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және басқалары бар.