Алматы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жобасы бойынша 2023 жылдың ақпан айында жаңа бу-газ қондырғысын салуға арналған тендердің бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылатын болады. Осы жылы станцияда мердігер анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. 2025 жылы жиынтық қуаты 543,6 МВт болатын екі бу-газ қондырғысын іске қосу арқылы Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңарту аяқталады. 2023 жылғы желтоқсанда Екібастұз ГРЭС-1-де қуаты 500 МВт қалпына келтірілген № 1 энергия блогын пайдалануға беру жоспарланып отыр және екі жаңа энергия блогын орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту бойынша жұмыстар жалғасады. Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы бойынша жобалау алдындағы іс-шаралар басталды.
Энергетика саласындағы аса маңызды жобаларды іске асыру «Самұрық-Қазына» Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің «Самұрық-Энерго» АҚ Алматы энергокешенінің кәсіпорындарына жұмыс сапары барысында Алматы қаласында өткен кеңестің талқылау тақырыбына айналды.
Қор басшысының айтуынша, энергетика ел экономикасын дамытудың негізгі факторы болып табылады және еркін энергетикалық қуатсыз Қазақстан индустрияны да, экономиканың басқа маңызды секторларын да дамыта алмайды.
Кеңес барысында «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының – «Алматы электр станциялары» АҚ және «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басшылары қазіргі кезде өңірде жүзеге асырылып жатқан бірнеше жобаларды кеңінен таныстырды. Бұдан басқа, Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін сыртқы газ инфрақұрылымы құрылысының барысы туралы «QazaqGaz» ҰК» АҚ өкілдері баяндады.
«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Серік Түйтебаевтың айтуынша, еліміздің энергетикасындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалар Екібастұз бен Алматы энергокешендерінде жүзеге асырылуда. Бірқатар жаңа нысандар қазірдің өзінде пайдалануға берілді, басқалары бойынша іске асыру мерзімі 2030 жылға дейінгі кезеңге болжанып отыр, оның ішінде:
-Жаңа электр сүзгілерін орната отырып, ГРЭС-1-де №1 энергия блогын қалпына келтіру. Жоба станцияның қуатын жобаланған 4000 МВт-ға дейін арттырады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау және блокты пайдалануға беру 2023 жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр.
- №3 энергия блогын орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау. Жаңа энергия блогының құрылысы станцияның белгіленген қуатын 636 МВт-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді және жылына қосымша 4,8 млрд.кВтсағ энергия өндіруді қамтамасыз етеді. Іске асыру мерзімі - 2026 жылға дейін.
- №4 энергия блогын орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау. Жоба станцияның белгіленген қуатын 636 МВт-ға ұлғайтуға және жылына қосымша 4,8 млрд.кВтсағ өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Іске асыру мерзімі - 2027 жыл;
- №5 және № 6 энергия блоктарын орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау, 2029-2030 жж.;
- Екібастұз ГРЭС-3-ті салу. Қолда бар инфрақұрылымды пайдалана отырып және қоршаған ортаға ластаушы шығарындыларды азайту үшін жаңа технологияларды қолдану арқылы параметрлері жоғары 1200 МВт жаңа станцияның жобасы. Іске асыру мерзімі. 2028-2029 жж;
- Алматы қаласы мен Алматы облысының кабельдік желілерін реконструкциялау. Жобаны аяқтау кабельдік желілердегі шығынның азаюына және апаттық істен шығудың қысқаруына әкеледі. Жобаны кезең-кезеңмен іске асыру 2030 жылға дейін көзделген;
- Шелек энергия торабының желілерін дамыту. Алматы облысы жаңартылатын энергия көздерін дамытуда үлкен әлеуетке ие. Бұл жоба өңірдің ЖЭК объектілерін салуда өңірдің әлеуетін пайдалану үшін Шелек энергия торабының желілік шаруашылығының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. 2025 жыл;
- Іле өзенінде қарсы реттегіш Кербұлақ СЭС-ін салу. Жобаны іске асыру Қапшағай СЭС-інің реттегіш қуатын 80-нен 150 МВт-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жыл;
- Қоршаған ортаға әсерін барынша азайта отырып, Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту. Ескі алаңда жаңа станция салу ЖЭО-2-ні табиғи газ жағуға көшіру есебінен Алматы қаласының экологиялық жағдайына теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде ашық екі сатылы халықаралық тендер жарияланды. ЕҚДБ-мен жобаны қаржыландыру туралы Кредиттік келісімге қол қойылды. Сәуірде АДБ-мен және ҚДБ-мен кредиттік келісімдерге қол қою жоспарлануда. 2026 жыл;
- Станцияның қуатын 544 МВт-ға дейін ұлғайту арқылы БГҚ негізінде Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңарту. Жоба Қазақстанның оңтүстік аймағындағы маневрлік қуаттардың тапшылығын ішінара жабу үшін станцияда бу-газ жабдығын орнатуды көздейді, сол арқылы өңірде ЖЭК-ті дамытуға серпін береді. 2025 жыл;
- «Қаскелең» ҚС АТҚ-ға қосылу арқылы «Көкөзек» қосалқы станциясын салу. Бұл жобаны іске асыру Алматы облысы Қарасай ауданының индустриялық аймағын дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2023 жыл.
Кеңесте технологиялық, рәсімдік және қаржылық аспектілерден бөлек проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша Қор басшысы қысқа мерзімде орындау үшін бірқатар тапсырмалар берді.