Биыл «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Қазақстан халқына» қоры бірлесе, аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған 8 орталық ашып, 1000 баланың еміне жағдай жасалмақ. Олардың алғашқылары Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күніне орай Шымкент және Павлодар қалаларында сәуірдің 2-3 күндері ашылды.
«Қазіргі таңда аутизм спектрі бұзылған балалар тәрбиелеудегі ата-аналарға мамандардың көмегі қолжетімсіз немесе қалтасы көтермейді. «Қамқорлық» орталықтарының ашылуы аутизмнің ауыр түрлерімен ауыратын балаларға олар тұратын жерде ұзақ мерзімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларына осындай маңызды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткендеріне алғысымызды айтамыз», - деді «Қамқорлық қоры» директоры Арайлым Еркінова. Орталықтың ашылу салтанатында жергілікті әкімдіктің, «Қазақстан халқына» қорының, «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдерімен қатар «Самұрық-Энерго» өкілдері – ГРЭС-1, ГРЭС-2 басшылары да қатысты.
Орталықтарды жабдықтауда аутист балалармен жұмыс істеу ерекшелігі ескеріліп, ең замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. EN және ISO халықаралық талаптары мен стандарттарына сәйкес келетін берік, қауіпсіз және жылжымалы жиһаз қолданылады.
Әлемдік тәжірибеде аутист балаларды оңалту жұмыстарында робототехника кеңінен қолданылады. Барлық бала мұғалім нұсқауын орындай бермейді. Өйткені мұндай іс-қимыл олардың кейбірі үшін жайсыз тікелей көз байланысын қажет етеді. Ал роботтар бұл ыңғайсыздықты жояды. «Қамқорлық» орталығында Nao және Furhat атты роботтар мамандарға балаларды тұрмыстық дағдыларға үйретуге, диалог құруға, зейінді дамытуға арналған жаттығулар өткізуге, сондай-ақ кеңістіктегі қозғалысқа көмектесетін болады.
Құрамына «Самұрық-Энерго» АҚ кіретін «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының игі жобаларын жүзеге асырушы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жыл соңына дейін аутизм орталықтарын Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Жетісу облыстарында және Алматы қаласында ашуды жоспарлап отыр. Бұл ұйымдарда жыл сайын 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мамандардың көмегін тегін ала алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, Шымкентте аутизм спектрі бұзылған 220-дан астам, Павлодар облысында 300-ден астам бала тіркелген.