«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (бұдан әрі – ҚДБ, Банк) «Алматы электр станциялары» АҚ-мен (бұдан әрі – АлЭС) кредиттік желі ашу туралы келісімге қол қойды. Басқа кредиторлармен – Азия даму банкімен және Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесе бөлінетін қарыз қаражаты Алматыдағы Жақұтов атындағы №2 ЖЭО жаңғыртуға жұмсалады.
Аяқталуы 2026 жылдың соңына жоспарланған жобаны іске асыру нәтижесінде осы ЖЭО жабдығының белгіленген электр қуаты 510 МВт-тан 600 МВт-қа дейін, ал жылу қуаты-957 Гкал-ға дейін өседі.
Бұл ретте станцияны отынның неғұрлым экологиялық түріне – тас көмірдің орнына табиғи газға ауыстыру станцияның қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша атмосфераға күкірт диоксиді мен күл (шаң) шығарындыларының бөлінуі толығымен жойылады, ал көміртектің қостотығы (СО2) бір жарым есе азаяды.
«АлЭС квазимемлекеттік компания болғанымен, ҚДБ жобаға екі себеп бойынша қатысқалы отыр. Біріншіден, халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп қаржыландыру негізінде. Екіншіден, жоба ЖЭО-ның қоршаған ортаға әсерін төмендету, сонымен бірге Алматы агломерациясын энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру арқылы ESG қағидаттарына сәйкес келеді. Бұл жобаның экологиялық әсері біздің қаржыландыру туралы шешім қабылдауымызда жоғары маңызға ие болды», - деп түсіндірді ҚДБ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Елібаев.
АлЭС экономика және қаржы жөніндегі Басқарушы директоры Әсел Арғынбаева келесідей атап өтті: «Біз жоғарыда аталған жобаны іске асыру жұмысын жоспарлы түрде кезең-кезеңмен жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі келісімге қол қою – құрылысты белгіленген мерзімде бастау тұрғысынан оны ілгерілету жолындағы маңызды қадам. Біз бірлесіп жұмыс істеудің жаңа сатысына көтерілеміз».
Кредиттік келісімге АлЭС Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Әсел Амантайқызы Арғынбаева және ҚДБ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Талғатұлы Елібаев қол қойды.