Азия Даму Банкі Алматы ЖЭО-2 құрылысын қаржыландырады

Азия Даму Банкі Алматы ЖЭО-2 құрылысын қаржыландырады

Бүгін Астанада Азия Даму Банкі (АДБ) мен «Самұрық-Энерго» АҚ қазақстандық электр энергетикалық холдинг құрылымындағы «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) компаниясы арасында Кредиттік келісімге қол қойылды. Құжат «Алматы ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып жаңғырту» жобасын қаржыландыруды көздейді, жоба бойынша жүргізілген жұмыстар бүгінде практикалық іске асыру кезеңіне өтті.

Іс-шара «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыповтың, АДБ президенті Масатсугу Асакаваидың (Masatsugu Asakawa) және «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Серік Түйтебаевтың қатысуымен өтті. Жалпы сомасы 98 млрд теңгені құрайтын Қарыз шартына «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Киркинбаев пен АДБ-ның Оңтүстік, Орталық және Батыс Азиядағы жеке сектордың инфрақұрылымдық жобалары жөніндегі департаментінің директоры Шантану Чакраборти (Shantanu Chakraborty) қол қойды.

Алматы ЖЭО-2 нысанын иеленетін «АлЭС» АҚ үшін АДБ аталған жобаны іске асыру шеңберінде кредиттік келісім жасалған үшінші қаржылық серіктес болып отыр. Бұрын Алматы қаласында ескі ЖЭО-2 жанындағы алаңда жаңа газ станциясының құрылысын қаржыландыру бойынша тиісті шарттар Еуропалық Қайта Құру және Даму банкімен (ЕҚДБ) және Қазақстанның Даму Банкімен (ҚДБ) жасалған болатын.

АлЭС басшысы Ерлан Киркинбаевтың айтуынша, АДБ-мен қарыз туралы келісімге қол қою жобаны қаржыландырумен байланысты барлық мәселелерді түпкілікті шешетін болады. Станция толығымен табиғи газға ауысып, көмірді отын ретінде пайдаланудан бас тартатын болады.

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту және газ отынына ауыстыру жөніндегі жоба «Самұрық-Қазына» Қоры» АҚ қолдауымен іске асырылуда. АлЭС пен АДБ арасындағы кредиттік келісімге қол қою жөніндегі іс-шара шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ мен АДБ арасында кепілдік шартына қол қойылды. Қор мамандарының айтуынша, қол қойылған құжат тәуекелдерді азайтуға және жобаны несиелеу шарттарын жақсартуға ықпал етеді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ЕҚДБ халықаралық стандарттары мен ережелері бойынша екі кезеңмен өткен ашық халықаралық тендер қорытындысы бойынша энергетика саласындағы жобаларды іске асыруға маманданған қытайлық үш ірі компаниядан тұратын консорциум жаңа газ турбиналы ЖЭО құрылысының мердігері ретінде айқындалған болатын. Ағымдағы жылғы мамыр айының соңында «АлЭС» АҚ конкурс жеңімпазымен жұмыстардың толық циклін - жобалау, жабдықтарды жеткізу, құрылыс-монтаждау және іске қосу-реттеу жұмыстарын орындауға, пайдалануға беруге EPC-келісімшарт жасасқан болатын.

АлЭС жобалар портфелінде Алматы ЖЭО-2 станциясын жаңғыртудан басқа - Алматы ЖЭО-3 аумағында қуаты 545 МВт болатын аралас циклді газ станциясын салу, қуаты 250 МВт дейінгі бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматы ЖЭО-1 нысанын қайта жаңарту жобалары да бар. Сонымен қатар, біз Іле өзенінде қарсы реттегіш нысанын салу және ГЭС каскадын қайта құру арқылы Қапшағай ГЭС-ін жаңғырту жобаларын әзірлеуге кірісіп кеттік.

Осы жобаларды іске асыру жүргізіліп жатқан басқа шаралармен қатар Алматы қаласы мен Алматы агломерациясының әуе бассейнін айтарлықтай сауықтыруға мүмкіндік бермек, тұрақты жылу және энергия қуатымен жабдықтауды, сондай-ақ өңірдің экономикалық дамуын қамтамасыз ететін боолады. Нәтижесінде, «Алматы электр станциялары» АҚ толығымен «жасыл энергетиканы» дамытуға бағыт алған еліміздегі ірі энергия компанияларының біріне айналатын болады.

 PHOTO 2023 06 09 12 58 07 1