«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Компанияның Алматы энергетикалық кешеніні кәсіпорындарына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында электр энергетикалық холдингінің басшысы алдағы жылыту кезеңіне дайындықпен байланысты жұмыстарды тексеріп, Алматы қаласы мен өңірдің энергетикасындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
«Алатау Жарық Компаниясы» (АЖК) орталық диспетчерлік пункті Қайрат Мақсұтов тоқталған алғашқы нысандардың бірі болды. «АЖК» АҚ– республиканың оңтүстігіндегі халыққа электр энергиясын жеткізетін және тарататын ірі өңірлік электр желілік компаниялардың бірі. Ол Алматы аймағының 4 миллионға жуық халқын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бүгінде АЖК энергетиктері жөндеу жұмыстарының бекітілген кестесіне сәйкес ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын әуе және кабель желілерінде жұмыс жүргізуде. Алматы облысы мен қала бойынша 869 тарату және трансформаторлық қосалқы станцияларда, 600-ден астам күштік трансформаторларда жоспарлы жөндеу жұмыстары іске асып жатыр.
Қайрат Мақсұтовтың келесі аралаған нысаны «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) және оның бірқатар негізгі энергия өндіруші объектілері болды.
АлЭС мамандарының айтуынша, 2023-2024 жж. жылыту маусымына дайындық аясында негізгі жабдықты жөндеу кестесі әзірленіп, бекітілді. Жөндеу науқаны барысында 70 негізгі жабдықты (қазандықтар, турбиналық - және гидроагрегаттар) жөндеу, оның ішінде 12 күрделі және 58 ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарлануда. Көмір мен газды жеткізуге ұзақ мерзімді шарттар жасалды. Жөндеу жұмыстарының тәртібі «КЕGОС» АҚ жүйелік операторының ұлттық диспетчерлік орталығымен келісілді.
«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Алматы ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстарының барысына ерекше назар аударды. ЖЭО-2-ні газға көшіру жобасының басты мақсаттарының бірі – станцияның қала атмосферасына зиянды шығарындыларын азайту. Бүгінгі таңда жоба практикалық іске асыру сатысына шықты, мердігермен EPC-келісімшартына қол қойылды. Бұл – жабдықты жобалау мен жеткізуден бастап іске қосу-жөндеу жұмыстарына дейін және пайдалануға беруге дейінгі жұмыстардың толық циклін орындауды білдіреді.
Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңарту – ҚР оңтүстік аймағындағы маневрлік қуаттарды жабу және қоршаған ортаға шығарындыларды азайту үшін қуаты кемінде 450 МВт бу-газ қондырғысын салуды көздейді. Бұл жобаларды іске асыруды аяқтау 2026 жылдың соңына жоспарланған.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Алматы энергокешені нысандарын аралаудың қорытынды жиналысында компания Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов бірқатар тапсырмалар берді:
«АЖК» АҚ-на – коммерциялық шығындарды азайту жұмыстарын жалғастыруды, тәулік сайынғы дисбаланстың орын алмауын және Алматы энергоорталығының тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету.
«АлЭС» АҚ-на алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша жоспарланған жұмыстарды толық аяқтау және Алматы ЖЭО-2, ЖЭО-3 нысандарын газға көшіру бойынша инвестициялық жобаларды бекітілген мерзімде іске асыру тапсырылды.
«Самұрық-Энерго» АҚ – 2007 жылы құрылған Қазақстандағы ірі электр энергетикалық холдинг. Қызметінің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергетикалық және көмір кәсіпорындары кіреді, оның ішінде «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «Мойнақ СЭС» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және басқалары. Компанияның акциялары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға 100% тиесілі.