«Самұрық-Энерго» АҚ Екібастұз Энергия кешенінің кәсіпорындары - Екібастұз ГРЭС-1 мен ГРЭС-2, сондай-ақ «Богатырь Көмір» ЖШС күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде және республика энергетикасы үшін аса маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруда. Нысандардың өндірістік алаңдарына жұмыс сапарымен «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов келді.
Сапар «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС электр станциясынан басталды. ЕГРЭС-1 белгіленген қуаты 4000 МВт және қолда бар қуаты 3500 МВт болатын қазақстандық энергетиканың флагманы болып табылады. Ағымдағы жылдың соңында №1 энергия блогын пайдалануға бергеннен кейін станцияның қолда бар қуаты 4000 МВт-ны құрайды. ЕГРЭС-1-дің электр энергиясын өндіру көлемі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 23 млрд. кВтсағ құрады, бұл станция тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Ағымдағы жылдың 6 айында станция 11,2 млрд. кВтсағ өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3% - ға артық.
ЕГРЭС-1-дің ақпараты бойынша, 2023-2024 жж. жылыту маусымына дайындық шеңберінде негізгі жабдықты жөндеу кестесі әзірленіп, бекітілді. Жөндеу науқаны барысында барлық энергия блоктарын жөндеу жоспарлануда. Қазіргі уақытта №3 энергия блогына күрделі жөндеу жүргізілуде. Көмір жеткізуге ұзақ мерзімді шарттар жасалды. Жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, олардың тәртібі «КЕGОС» АҚ жүйелік операторының ұлттық диспетчерлік орталығымен келісілді. 2023-2024 жж. КҚК-ге қарай қоймаларда көмірді жоспарлы жинақтау жүріп жатыр.
Қайрат Мақсұтов станцияның 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығының, оның ішінде жөндеу науқанын орындаудың және көмір қорын уақтылы жинақтаудың маңыздылығын атап өтті. «№1 энергия блогын қалпына келтіру» жобасын іске асыру туралы айта келе, «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы оны белгіленген мерзімде аяқтау міндетін қойды.
Келесі нысан «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ электр станциясы болды. Оның белгіленген электр қуаты 1000 МВт-ны құрайды. Станция жыл сайын шамамен 6,0 млрд.кВтсағ электр энергиясын өндіреді, сондай-ақ Солнечный кентін жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылдың 6 айында станция 3,0 млрд. кВтсағ өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5% - ға артық.
Қайрат Мақсұтов 2023 жылғы жөндеу науқанының барысымен танысты. № 2 энергия блогы 2 мамырдан 26 шілдеге дейін күрделі жөндеуде, ол аяқталғаннан кейін №1 энергия блогын ағымдағы жөндеуге шығару жоспарлануда. Станция қоймаларында қажетті отын қорлары (көмір, мазут) жинақталған, жеткізу уақтылы жүзеге асырылады. Ағымдағы жылғы отын жеткізуге арналған шарттар бар.
Сондай-ақ, электр станциясының басшылығы «Самұрық-Энерго» басшысын №3 және №4 энергия блоктарын салу жобаларының іске асырылу барысымен таныстырды.
Одан әрі Басқарма Төрағасы «Богатырь» кесігіне келіп, көмір берудің циклдық-ағындық технологиясын енгізу жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен танысты. «Богатырь Көмір» ЖШС жыл сайын ҚР және РФ энергия өндіруші ұйымдары үшін шамамен 42 млн тонна энергетикалық көмір жеткізеді. ЦАТ жобасын аяқтау тұтынушыларға көмір жөнелтуді жылына 52 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың тамыз айында жоспарлануда.
«Самұрық-Энерго» АҚ – 2007 жылы құрылған Қазақстандағы ірі электр энергетикалық холдинг. Қызметінің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергетикалық және көмір кәсіпорындары кіреді, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «Мойнақ СЭС» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және басқалары бар.