«Самұрық-Қазына» қорының Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов жұмыс сапарымен «Самұрық-Энерго» АҚ Екібастұз энергетикалық кешенінің кәсіпорындарын аралады. Қор басшысына «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша объектілердегі жоспарлы жұмыстардың, сондай-ақ еліміздің энергетикасы үшін аса маңызды инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын таныстырды.
«Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің құрылымына Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС көмір кесігі, сондай-ақ Екібастұз МАЭС-1 және МАЭС-2 кіреді. Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр, олардың тәртібі «КЕGОС» АҚ жүйелік операторының ұлттық диспетчерлік орталығымен келісілген, қоймаларда 2023-2024 жж. КҚК-ге арналған көмір қорын жинақтау жоспар бойынша жүріп жатыр.
Сапар Қазақстандағы ашық тәсілмен көмір өндіретін ірі компания - Богатырь Көмір ЖШС-ның «Богатырь» көмір кесігінен басталды. Кәсіпорында 6 550 адам жұмыс істейді. «Богатырь Көмір» ЖШС-ның өндірістік қуаты жылына 42 млн.тонна көмірді құрайды, оның ішінде «Богатырь» кесігі бойынша - 32 миллион тонна, «Северный» кесігі бойынша - 10 миллион тонна. «Богатырь Көмір» ЖШС – ның үлесі - 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда өндірілетін барлық көмір көлемінің шамамен 40%-ы (42,5 млн.тонна). Жыл сайын энергетикалық көмір ҚР мен РФ-ның энергия өндіруші ұйымдарына жөнелтіледі.
«Богатырь» кесігінде Нұрлан Жақыпов көмір берудің циклдық-ағындық технологиясын енгізу жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен танысты. ЦАТ жобасы өзінің жобалық қуатына кезең-кезеңімен шыға отырып, ағымдағы жылдың тамыз айында толық аяқталады. Бұл жоба тұтынушыларға отын жеткізуді арттыруға мүмкіндік береді.
Келесі аралау нысаны «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС электр станциясы болды. Белгіленген қуаты 4000 МВт және қолда бар қуаты 3500 МВт ЕМАЭС-1 Қазақстан энергетикасының флагманы болып табылады. ЕМАЭС-1-дің электр энергиясын өндіру көлемі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 23 млрд. кВтсағ құрады, бұл станция тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Ағымдағы жылдың 6 айында станция 11,2 млрд. кВтсағ өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3% - ға артық.
Қор басшысы № 1 энергия блогының блоктық басқару қалқанын қарап, оны қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Ағымдағы жылдың соңында №1 энергия блогы пайдалануға берілгеннен кейін станцияның белгіленген қуаты 4000 МВт құрайды. Жобаның мақсаты станцияның қолда бар қуатын жобалық қуатқа дейін ұлғайту, сұранысты қанағаттандыру және Қазақстан Республикасында электр энергиясының тапшылығын төмендету болып табылады. Энергия блогын қалпына келтіру кезеңінде 500-700 адамға арналған жаңа жұмыс орындары құрылды, пайдалану кезеңінде 54 адам тартылатын болады. Сондай-ақ, заманауи электр сүзгілерін орнату есебінен экологиялық нормативтердің орындалуы қамтамасыз етілетін болады. «№1 энергия блогын қалпына келтіру» жобасын белгіленген мерзімде аяқтау жоспарлануда.
Қазіргі уақытта станцияда №3 энергия блогына күрделі жөндеу жүргізілуде. Көмір жеткізуге ұзақ мерзімді шарттар жасалды. Жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, олардың тәртібі «КЕGОС» АҚ жүйелік операторының ұлттық диспетчерлік орталығымен келісілді. 2023-2024 жж. КҚК-ге қарай қоймаларға жоспар бойынша көмір жинақталып жатыр.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасының жұмыс сапары «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-ға барумен аяқталды.
Оның белгіленген электр қуаты 1000 МВт құрайды. Станция жыл сайын шамамен 6,0 млрд.кВтсағ электр энергиясын өндіреді, сондай-ақ жақын маңдағы Солнечный кентін жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылдың 6 айында станция 3,0 млрд. кВтсағ электр энергиясын өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5% - ға артық.
Станциядағы 2023 ж. жөндеу науқаны белгіленген мерзімде өткізіледі, № 2 энергия блогы 2 мамырдан 26 шілдеге дейінгі мерзімді қоса алғанда күрделі жөндеуде, ол аяқталғаннан кейін №1 энергия блогын ағымдағы жөндеуге шығару жоспарлануда. Станция қоймаларында қажетті отын қорлары (көмір, мазут) жинақталған, жеткізу уақтылы жүзеге асырылады.
МАЭС-2-ге бару барысында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы станцияда №3 және №4 энергия блоктарын салу жобаларын іске асыру бойынша жұмыстармен танысты. №3 энергоблоктың қуаты 636 МВт құрайды деп болжануда, жоспарланып отырған өндіру - жылына 4,8 млрд.кВтсағ. Энергия блогын пайдалануға беру ҚР-дағы электр энергиясының тапшылығын ең төменгі деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.