Самұрық-Энергодағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері

Самұрық-Энергодағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері

1.jpg

 «Самұрық-Энерго» АҚ-да компанияға қарасты кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері талқыланып, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында осы бағытта атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның барлық еншілес ұйымдарының және компанияның мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің бірінші басшылары қатысқан кеңес электр энергетикалық холдингінің Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтовтың басшылығымен өтті.

2.jpg

«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялары қызметкерлерінің өндірістік қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету саласындағы есепті кезеңдегі қызметі туралы негізгі баяндаманы «Еңбекті қорғау» департаментінің директоры Төлеген Максилов жасады. Бөлімше басшысы жарақаттанудың алдын алу, оқиғаларды тіркеудің цифрлық әдістерін қолдану, қауіпсіздік техникасының бұзылуына жүргізілген мониторингтің сапасы бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы айтып берді. Кеңес барысында негізгі мақсатқа – жарақат деңгейін нөлге жеткізу жолында шешілуі қажет басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

3.jpg

«Богатырь Көмір» ЖШС, Екібастұз МАЭС-1 және МАЭС-2, «АлЭС» АҚ, «АЖК» АҚ және холдингтің басқа да компанияларының басшылары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерінің қалай шешілетіні туралы айтып берді. Өндірістік қауіпсіздікті арттырудың кейбір аспектілері бойынша талқылауға қатысқан «Самұрық-Энерго» жергілікті кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас та өз ұстанымын білдірді.

Кеңесті қорытындылай келе, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов компанияның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру бойынша үздіксіз жұмыс істеп жатқанын атап өтті. «Өндірістегі қауіпсіздік, әрбір қызметкер үшін лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – бұл мүлтіксіз орындауды талап ететін негізгі сегмент», - деді компания басшысы.

Қайрат Мақсұтов кәсіпорындарда еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі шараларын күшейтуге байланысты бірқатар маңызды тапсырмалар берді. «Самұрық-Энерго» басшысы тәуекел аймағында жұмыс істейтін жүрек-қан тамырлары аурулары бар қызметкерлер бойынша уақтылы медициналық бақылауға, жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларды жетілдіруге, компаниялардың бірінші басшыларының қызметкерлердің өндірістегі қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауы үшін дербес жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударды.