Қазақстандағы ең ірі көпсалалы энергетикалық холдинг ретінде «Самұрық-Энерго» АҚ дәстүрлі көмір отынымен жұмыс істейтін базалық генерациялау объектілерінен бөлек жаңартылатын энергия көздерінің бірқатар энергия өндіруші кәсіпорындарын қамтиды. Компанияның жел электр станциялары, күн станциялары мен СЭС-тері негізінен республиканың оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда Алматы облысында орналасқан. Өңірдегі ЖЭК объектілеріне жұмыс сапарымен «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов келді. Сондай-ақ, сапар аясында холдинг басшысы Алматы энергия кешені кәсіпорындарының басшылығымен жұмыс кеңестерін өткізді. Бұл іс – шаралардың мақсаты – компаниялардың ағымдағы қызметімен танысу, сондай-ақ алдағы жылыту кезеңіне дайындық бойынша жоспарлы жұмыстарды және ел энергетикасы үшін аса маңызды инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексеру.
Объектілерді аралау шеңберінде Қайрат Мақсұтов Еңбекшіқазақ ауданы Нұрлы кентінде орналасқан «Samruk-Green Energy» ЖШС - жел электр станциясының (ЖЭС 5 МВт) жұмысымен танысты.
Келесі аралау объектісі – 2022 жылдың жазында іске асырылған «Шелек дәлізінде қуаты 60 МВт жел электр станциясын салу» жобасы. Станцияға әрқайсысы номинал қуаты 2,5 МВт болатын 24 жел электр станциясы кіреді. «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Power China» компаниясының бірлескен жұмысы энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгісі болды. ЖЭС ойдағыдай жұмыс істеуде және 2023 жылдың соңына дейін шамамен 223 млн.кВт*сағ электр энергиясын өндіруді жоспарлап отыр.
2023 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Power China» арасында Шелек дәлізіндегі ЖЭК жобасын 810 МВт-ға дейін кеңейту бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар Алматы облысында қуаты 310 МВт болатын ЖЭС, СЭС гибридті станциясын салуға және өңірде қуаты 500 МВт болатын жел электр станциясын салуға байланысты жобаларды іске асыру арқылы жобаның бірінші кезеңін 810 МВт-ға дейін кеңейту мүмкіндігін толық зерделеуге ниет білдірді.
Жаңа ЖЭС қуатын кеңейту және ұлғайту жөніндегі осы жоба шеңберінде «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы су электр станциясын салу жоспарланып отырған Шелек өзенінде болды.
Өңірге жасаған сапары соңында Қайрат Мақсұтов «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС басшылығымен кездесіп, онда Компанияның Бірыңғай сатып алушының 2023 ж. 1 шілдеден бастап жұмыс жағдайындағы ағымдағы қызметін талқылады. Сондай-ақ «АлЭС» АҚ басшылығымен және мамандарымен кеңес өткізді. Компания құрамына Алматы қаласын электр энергиясымен, сумен және жылумен қамтамасыз ететін бірқатар негізгі өндірістік бөлімшелер кіреді. Олардың қатарында қалалық ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, Қапшағай ГЭС, Каскад ГЭС, Батыс жылу кешені бар. Талқылаудың негізгі тақырыптары - 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту кезеңіне сапалы дайындық жасау және 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО нысандарын газға көшіруді іске асыру бойынша іс-шаралар кешені болды.