Елордада «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 15 жылдығына орай ұйымдастырылған Қор компаниялары тобының қызметкерлері арасында өткен VIII спартакиада мәресіне жетті. «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингі командасы турнирде 5 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, екінші орынға ие болды. Энергетика саласының спортшылары Спартакиаданың бас жүлдесі – суперкубоктың иегері атанған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ командасынан кейінгі жүлделі екінші орынды иеленді. Дүбірлі спартакиаданың үшінші жүлдегері – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ командасы атанды.
Ауқымды сайыс барысында Қор құрамындағы 16 компания өкілдері 11 спорт түрінен күш сынасты. Осылайша Қазақстандағы 250 мыңнан астам қызметкері бар ең ірі жұмыс берушінің салауатты өмір салтын насихаттаған спорт шарасы 845 еңбеккер мен оларға жанкүйер болып, қолдау танытқан отбасы мүшелері үшін нағыз мерекеге айналды.
«Самұрық-Энерго» АҚ командасы, спорт түрлері бойынша жүлделі 1 орын иегерлері:
- Руслан Рахметов, шахмат (Екібастұз ГРЭС-2)
- Ульяна Каплич, жүзу (Екібастұз ГРЭС-1)
- Индира Байжанова, армрестлинг, 65 кг астам. (АЖК)
- Кристина Гринченко, армрестлинг, 65 кг. дейін (Екібастұз ГРЭС-2)
- Асық ату командасы (Богатырь Көмір және АЖК спортшылары)
- Арқан тарту командасы (АЖК құрамасы)
2 орын:
- Камила Ердякова, үстел теннисі (Богатырь Көмір)
- Кибер-спорт командасы (АлЭС құрамасы)
3 орын:
- Магинур Латыпова, тоғызқұмалақ (Богатырь Көмір).
«Міне қызықты да әсерлі үш күнге созылған мерейтойлық спартакиада да аяқталды. «Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығында алып ұжым тамаша корпоративтік рух, ажырамас бірлік танытты. Қазақстанның барлық өңірінен жиналған 1000-ға жуық еңбеккер салауатты өмір салтының маңыздылығын паш етті. Әріптестеріміз жарысты, тартысты, бірақ сыйластықтан ажырамады, нәтижесінде достық жеңіске жетті. Осы орайда сегізінші Спартакиаданың Суперкубок иелерін құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер. Отбасыларыңызға бақыт, бастарыңызға амандық тілеймін. Биіктерге бірге жете берейік, достар!», - деп әріптестерін құттықтады «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару, еңбек-әлеуметтік қатынастар және еңбек қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Спартакиаданы өткізудегі негізгі мұрат - корпоративтік мәдениет пен ұжым ішіндегі байланыстарды нығайтып, барлық қатысушыны «Бір команда - бір мақсат!» ұраны аясында ортақ идеяның айналасына біріктіру, жеңіске бірге жету идеясын насихаттау. Мұнай-газ өнеркәсібі, металлургия, көлік және басқа да инфрақұрылымды қоса алғанда көптеген экономика салаларында сенімді серіктес компаниялар спортта да көшбасшы екенін дәлелдеді.
Жеңімпаздар жекелеген спорт түрлерінен үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, армрестлинг және жүзуден марапатталса, топтық спорт түрлерінен футзал, волейбол, баскетбол, арқан тарту, асық ату және киберспорт шеберлерінің мерейі үстем болды. Жүлдегерлер туралы толық ақпарат VIII Спартакиаданың әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырылады @spartakiada.sk.