«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды, онда ел астанасы Бейжіңде энергетика саласындағы кең ауқымды бағыттарға маманданған ірі қытай компанияларымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Сапар аясында қазақстандық электр энергетикалық холдингтің басшысы Energy China, Power China, CMEC, TBEA, MITIME, Сһіпа Railway, China huadian сияқты компаниялардың штаб-пәтерлерінде болды.
Кездесулерде «Самұрық-Энерго» АҚ мен Қазақстан Республикасының аумағында энергетикалық объектілерді бірлесіп салу, жаңғырту және реконструкциялау жөніндегі қытайлық әріптестер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қытайлық компаниялар ЖЭК нысандарын, гидро электр станцияларын, маневрлік энергия көздерін салуда қолданылатын соңғы әзірлемелер мен технологиялық шешімдерді ұсынды. Қазақстандық компанияның өкілдері шығарындыларды қысқарту және шартты отын шығыстарын азайту бөлігінде көмір станцияларын қайта құру және жаңғырту бойынша жаңа технологиялармен танысты.
Кездесулерде ынтымақтастықтың өндірістік-технологиялық аспектілерінен басқа, «Самұрық-Энерго» АҚ жобалар портфелін іске асыру шеңберінде қаржыландыру тарту перспективалары талқыланды.
Қытай компанияларының өкілдері Қазақстан аумағында электр станцияларын салу, жаңғырту және реконструкциялау жөніндегі энергетикалық жобаларды іске асыруға қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесті. Қайрат Мақсұтов қазақстандық Елшіні қытайлық компаниялармен ынтымақтастық жөніндегі перспективті жоспарлар туралы хабардар етті, іске асырылған бірлескен жобалардың табысты тәжірибесімен бөлісті, сондай – ақ 2023 жылғы 17-18 қазанда Бейжің қаласында өтетін «Бір белдеу – бір жол» форумына дайындық барысы туралы айтты.