«Самұрық-Энерго» АҚ-ның ЖЭК-ті дамыту саласындағы перспективті жобаларының қатарына Алматы облысындағы СЭС каскадын қайта жаңарту және жаңғырту жатады. Станция өңірдегі ең көне станция болып табылады, ол қазақстандық ірі электр энергетикалық холдинг құрамындағы компания - «АлЭС» АҚ-ға тиесілі.
Астанада «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығының Дүниежүзілік банк пен AFRY Switzerland швейцариялық консалтингтік компаниясының өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы қазақстандық СЭС-ті жаңғырту әлеуетін, атап айтқанда, СЭС каскадын зерттеу бойынша жұмыстар кешенін жүргізу мәселелерін қарастыру және талқылау болды.
AFRY Switzerland энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым және ақпараттық технологиялар саласында мамандануда. Компанияны Дүниежүзілік банк Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық шеңберінде республиканың гидроэнергетика секторына оның экологиялық таза өндіруші қуаттарының жұмысын жақсарту үшін тартты.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов компанияның Жобалау және өндіріс саласындағы мамандарымен бірге жұмыс жоспарының таныстырылымымен және СЭС-ті қайта құру мен жаңғырту бойынша зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру бөлігінде ұсынылатын шешімдермен танысты. Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, жоба қайта жаңартылатын СЭС-те электр энергиясын өндіруді ұлғайта отырып, Үлкен Алматы өзенінің гидротехникалық ресурстарын тиімді пайдалануы тиіс.
Кездесуде атап өтілгендей, швейцариялық компания жоспарлаған техникалық-экономикалық зерттеу екі кезеңнен тұрады, олардың нәтижелері бойынша технологиялық параметрлері, сондай-ақ жобаның құны мен оны іске асыру мерзімдері көрсетілген талдамалық есеп ұсынылатын болады.
Астанада талқылаулар аяқталғаннан кейін AFRY Switzerland консультанттарының техникалық тобы СЭС каскадында зерттеулер жүргізу үшін Алматы қаласына келуді жоспарлап отыр.