2035 жылға дейін «Самұрық-Энерго» АҚ Қазақстанның энергетика саласында жиынтық көлемі 12 ГВт-тан асатын бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Бұл туралы бүгін «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов ҚР Үкіметі отырысында баяндады. Айтылған жобалар қатарында - 5,9 ГВт жылу станциялары, 600 МВт – су электр станциялары, 5,7 ГВт – ЖЭК нысандары (жаңартылған энергия көздері). Электр энергетикалық холдинг басшысының мәлімдеуінше, жобалардың бірқатары стратегиялық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылады.
Қайрат Мақсұтов өз баяндамасында Алматы ЖЭО-2, ЖЭО-3 орталықтарында жаңа бу-газ қондырғыларын салу жобаларының іске асырылуы туралы ақпараттарды айтты.
«Алматы ЖЭО-2 жобасы бойынша белгіленген электр қуаты 557 МВт, ал жылу қуаты 816 Гкал құрайтын жаңа газ станциясын салу көзделіп отыр. EPC келісімшартына сәйкес жобаның құны 330 млрд. теңгені құрайды.
«Алматы ЖЭО-3» жобасы бойынша белгіленген электр қуаты 544 МВт-қа дейінгі және жылу қуаты 160 Гкал болатын бу-газ қондырғысын салу жоспарлануда. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жобаның құны: 273 млрд. теңге. Компания басшысының айтуынша, бүгінгі күні Алматы 2 және 3 ЖЭО жобаларын қаржыландыру мәселелері толығымен шешілді, құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары, геологиялық ізденістер, жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар компания басшысы Қазақстанның үш қаласында салынатын жаңа жылу электр орталығын салу жобалары туралы баяндады. 2023 жылдың 9 қарашасында ҚР және РФ министрліктері арасында Көкшетау қаласында қуаттылығы 240 МВт, Семей қаласында қуаттылығы 360 МВт және Өскемен қаласында қуаттылығы 360 МВт жылу электр орталығын салу жобалары бойынша Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Жобаларды іске асыру бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ мен ресейлік «ИНТЕР РАО Экспорт» компаниясы жауапты болып анықталды.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасының айтуынша, Көкшетау қаласындағы станция бойынша техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭО) әзірлеу аяқталды және Семей станциясы бойынша ТЭО-ны әзірлеу ағымдағы жылдың наурыз айына жоспарлануда. Ал Өскемендегі станция бойынша ТЭО әзірлеу жұмыстарын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Аталған үш ЖЭО құрылысын аяқтау 2027-2028 жылдарға жоспарланып отыр.
Бұдан өзге, ҚР Үкіметі отырысында Самұрық-Энерго жобаларының портфелінде қазіргі кезде бірнеше су электр станцияларын салу бойынша инвестициялық жобалар пысықталуда деп айтылды. Оның ішінде: Іле өзенінде қуаттылығы 50 МВт Кербұлақ ГЭС-і, Ертіс өзенінде қуаттылығы 300 МВт-ға дейін Семей ГЭС-і және Шелек өзенінде қуаттылығы 70 МВт ГЭС-29. Осы жобалар бойынша жобалау алды құжаттаманы әзірлеу, сондай-ақ құрылыс үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ, холдинг басшысының айтуынша, қазіргі таңда Самұрық-Энерго әрқайсысының қуаты 1 ГВт болатын, жалпы қуаты 5 ГВт жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру жұмыстарына атсалысуда.
МАЭС-3 жобасы бойынша әрқайсысының қуаттлығы 660 МВт болатын екі энергоблок, жалпы қуаттылығы 1320 МВт болатын жаңа станцияның құрылысы жоспарланған.