2024 жылғы 26 қаңтарда Өскемен қаласында жылу электр орталығын (ЖЭО) салу жобасы бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі Е.Б. Көшербаевпен кездесу өтті. Жиынға ШҚО әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығы қатысты. Отырыс барысында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭО) әзірлеуді бастау және оны биыл аяқтау қажеттігі айтылды. Қаланың алдағы уақыттағы даму перспективасын ескере отырып, болашақ станцияның электр және жылу қуатын есептеу қажеттігі де сөз болды. Жоба бойынша қорытынды деректер ТЭО бекітілгеннен кейін белгілі болмақ, сол кезде құрылыстың құны да анықталатын болады.
Одан бөлек, жиында болашақ ЖЭО салынатын жер учаскесін анықтау, қаланы жылумен қамту схемасын өзгерту қажеттілігі, инженерлік инфрақұрылым мен жылу желілерін салу мәселелері талқыланды.
Отырыс нәтижесінде Самұрық-Энерго мен ШҚО әкімдігінің бірлескен Жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды, ол жобаны жүзеге асыру бойынша Іс-шаралар жоспарын жедел әзірлеуі тиіс.