Бүгін "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов "АлЭС" АҚ-на қарасты 2-ЖЭО-ға жұмыс сапарымен келді. Станцияны аралау барысында "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов та болды.
«АлЭС» АҚ басшысы Ерік Маширов Қор жетекшісіне жылыту маусымының үрдісі туралы есеп беріп, 2023 жылғы компанияның қызметі мен ағымдағы жылға арналған жоспарлары туралы айтып берді.
Одан өзге, Ерік Қанышбекұлы Қор басшысына энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ете отырып, зиянды заттардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік беретін «Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» жобасын жүзеге асырудың барысы туралы баяндады. Айта кетейік, ЖЭО-2-ні табиғи газға көшіру жобасы - зиянды шығарындыларды азайтуға қол жеткіздіреді.
Қазіргі уақытта жобаға дайындық жұмыстары, оның ішінде геологиялық барлау және ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың аяқталуы 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Еске салайық, 2023 жылғы 31 мамырда «АлЭС» АҚ мен Dongfang Electric International Corporation, PowerChina Sepco1 Electric Power Construction Co., Ltd және PowerChina Hebei Electric Power Engineering Co компаниялары кіретін консорциум арасында ЖЭО-2 жобасы бойынша EPC келісімшарты жасалған болатын. Консорциум - компаниялар одағы, оның бірінші мүшесі – өнеркәсіптік құрал-жабдықтарды шығаратын ірі өндіруші, екіншісі – EPC шарттары бойынша жобаларда жұмыс істеу тәжірибесі бар компания болса, үшіншісі – жобалауға маманданған ұйым.