«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен өткен Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі.
Қайрат Мақсұтов өз баяндамасында қол жеткізілген өндірістік көрсеткіштер мен 2023 жылы жүзеге асырылған инвестициялық жобалар туралы хабардар етті.
Қысқы жылу беру кезеңінің өтуіне қатысты компания басшысы «Самұрық-Энерго» электр стансаларында жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатқанын атап өтті. Энергетикалық нысандар отынның нормативтен тыс қорымен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, электр энергетикалық холдинг басшысы компанияның 2024 жылға арналған бірқатар инвестициялық жобаларын іске асырудың жоспарларымен бөлісті.
Электр энергетикасы саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында «Самұрық-Энерго» Энергетика министрлігімен тығыз байланыста және Үкіметтің қолдауымен аталған бағытта көптеген жұмыстар атқаруда.
2023 жылы негізгі инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдететін нормативтік құқықтық актілерге бірқатар түзетулер енгізілді. Қайрат Мақсұтов заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстары биыл да жалғасатынын атап өтті.