«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов пен Қытай Халықаралық су шаруашылығы және энергетика корпорациясы (ары қарай Қытай энергетика корпорациясы) директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Ши Интао Қазақстанда алғашқы гидроаккумуляциялық электр станциясының (ГАЭС) жобасы бойынша ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Тараптар жобаны әзірлеу және оны іске асыру бойынша бірлескен жұмыс туралы уағдаласты.
Атап айтқанда, Қытай энергетика корпорациясы Қазақстанның гидроэнергетикалық әлеуетін талдауды қоса алғанда, жоба бойынша техникалық-экономикалық зерттеуді жүзеге асыруға ниетті. Сондай-ақ, қытайлық мамандар гидроэнергетикалық жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісуге және еліміздегі алғашқы ГАЭС құрылысына жәрдемдесуге дайын екендіктерін білдірді.
Бұған дейін Қытай энергетика корпорациясы Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі су электр станциясы - Мойнақ ГЭС-ін салуға қатысқан болатын. Аталған келісім елдің энергетикалық секторының жаңа бағыттағы серпінді жобасын іске асыру үшін өзара тиімді әріптестік ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы ниетті бекітті.
Айта кетейік, ГАЭС – электр жүктемесі кестесінің тәуліктік әркелкілігін теңестіру үшін қолданылатын су электр станциясы. Бұл станция электр энергиясын өндіріп және оны жинақтау үшін тиімді. Сонымен қатар ГАЭС төтенше жағдайларда, тіпті жүктеме көп болған кезде де электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ете алады.