«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Екібастұз ГРЭС-1, Екібастұз ГРЭС-2 және «Богатырь Көмір» ЖШС-де көшпелі отырыстар өткізді.
Жұмыс сапары аясында электр энергетикалық холдинг басшысы Екібастұз ГРЭС-1-дегі №1 энергоблокты қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексеріп, күзгі-қысқы жылыту маусымы бойынша, сондай-ақ №3 энергоблокты жаңғырту жұмыстары туралы есепті тыңдады.
Содан кейін Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» АҚ Инвестициялық-инновациялық кеңесінің кезекті отырысын өткізіп, отынмен қамтамасыз ету өндірісі кешенін қайта құру және жаңғырту мәселесін қарады.
ГРЭС-2 станциясында «Самұрық-Энерго» АҚ басшысына қысқы жылу беру маусымы бойынша есеп берілді. Жалпы, ГРЭС-1 және ГРЭС-2-де жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Электр станциялары отынның нормативтен тыс қорымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар отырыста 2024 жылға жоспарланған ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары, сондай-ақ үшінші және төртінші энергоблоктарды орнату арқылы ГРЭС-2-ні кеңейту және қайта жаңғырту жобасының барысы қаралды.
«Богатырь Көмір» ЖШС-де «Самұрық-Энерго» басшысы көмір өндірудің циклдік-ағынды технологиясы және циклдік-ағындық аршу жүйесі жобаларын жүзеге асыру жұмыстарымен танысты. Одан басқа көмір сату нарықтарын дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.