«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы өңірлердегі су тасқыны салдарын жоюға 1 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді. Қаражат Samruk-Kazyna Trust қорына аударылады.
Бүгін портфельдік компаниялардың қатысуымен «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың төрағалығымен ТЖ-ға ден қою жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Отырыс барысында су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі шаралар қаралды.
«Самұрық-Энерго» АҚ кәсіпорындарында энергетикалық нысандарды су басу фактілері жоқ. Барлық еншілес ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеуде. Су тасқыны қаупі жоқ, жағдай бақылауда.
Шүлбі және Өскемен СЭС-те жабдықтарды, ғимараттар мен гидротехникалық құрылыстарды көктемгі табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберуден өтуге дайындау бойынша жоспарлар әзірленіп, бекітілді.
Күн сайын су қоймаларының деңгейлік режиміне мониторинг жүргізіледі, ҚР Су шаруашылығы комитеті тарапынан берілген шығыстарға СЭС су жіберу мөлшерінің сәйкестігіне және СЭС-тің төменгі бьефінде су басудың болмауына бақылау жүргізілуде.