Алматы әкімдігінің қаулысына сәйкес қалада 2023-2024 жылғы жылыту маусымы 15 сәуірде аяқталды.
«Жылыту маусымы сәтті өтті. Қала мен Алматы өңірінің тұтынушылары жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етілді. Осы жылыту маусымында Алматы электр станциялары тұтынушылар алдындағы шарттық міндеттемелерді толық көлемде орындап, 2,9 млрд кВт*сағ электр энергиясын және 4,6 млн Гкал жылу энергиясын өндірді», – деп атап өтті «АлЭС» АҚ Басқарма төрағасы Ерік Маширов.
АлЭС Алматы мен Алматы өңірінің негізгі энергия көзі болып табылады. Компания орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағы бойынша жылудың шамамен 76% -ын және электр энергиясының 60% -ын қамтамасыз етеді. «АлЭС» АҚ құрамына: үш ЖЭО, Батыс жылу кешені, Қапшағай ГЭС, Каскад ГЭС, «Энергожөндеу» өндірістік-жөндеу кәсіпорны, ОҚТО кіреді.
Сәуір айында жоспарларға сәйкес Компания энергия көздерінің негізгі және қосалқы жабдықтарында жөндеу науқанын бастайды.