«АлЭС» АҚ және Satbayev University өндірісте сұранысқа ие инженерлік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі өзара ынтымақтастық, сондай-ақ білім, ғылым және бизнесті интеграциялау туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар білім беру және ғылыми қоғамдастықты ілгерілету мен дәріптеуде әріптестікті күшейтуге, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, тағылымдамаларды, практикаларды ұйымдастыруды бірлесіп жүргізуге ниетті. Сондай-ақ, ЖОО түлектері «АлЭС» АҚ-ға жұмысқа қабылдау кезінде басым құқыққа ие болады.
«Энергетика саласына сауатты, дайындығы мықты жастардың келуі, кәсіпорынымызда жұмыс істеуі біз үшін өте маңызды. Сондықтан біз ЖОО-мен бірлесіп жұмыс істеуге және білім беру бағдарламаларын бірге дамытуға дайынбыз. Қазір біз мамандарды дайындау мәселесін басты назарда ұстаймыз. Біздің көптеген ардагерлеріміз қазіргі кезде зейнетке шығуда. Алдағы уақытта АлЭС өндірістерін жаңғырту бойынша үлкен жоспарларымыз бар. Оларды жүзеге асыру үшін жас техникалық кадрлар қажет», - деді «АлЭС» АҚ Басқарма төрағасы Ерік Маширов.
Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев кадрларды сапалы даярлау үшін ғылымның өндіріспен өзара байланысының маңыздылығын атап өтті.
«Біз АлЭС-пен ынтымақтастықты құптаймыз, зерттеу жүргізу үшін зертханалық базаны ұсынуға және оқытуға қолдау көрсетуге дайынбыз. Тиімді серіктестікті қамтамасыз ету үшін Сіздің компанияңыздың ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеруге дайынбыз. Мысалы, сіздің қызметкерлеріңізге ыңғайлы болу үшін қашықтан оқу мүмкіндіктерін ұсыну. Біз магистратура мен докторантура бойынша арнайы бағдарламаларды ұсынамыз, оларды өндірістік қызметпен үйлестіруге болады», - деп атап өтті Мейрам Бегентаев.
Сонымен қатар, университет басшылығы өндірістік процесс бойынша бейіндік бөлімнің студенттерінің де білім алуына қолайлы онлайн дәрістер курсын бірлесіп әзірлеуді ұсынды.