"Екібастұз МАЭС-2" станциясының қызметкерлері су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып, табиғи апат салдарынан зардап шеккен отандастарымызға көмектесуде. Осы орайда олар өз еркімен қаражат жинау туралы шешім қабылдады.
МАЭС-2 ұжымы гуманитарлық көмек ретінде өңірлерге 40-тан астам электр генераторын жіберді. Сондай-ақ, станция қызметкерлері Солнечный кентінің тұрғындарымен бірлесе Атырау, Орал, Атбасарға ауыз су мен азық-түлік жіберген.
Сонымен қатар МАЭС - 2 ұжымы Екібастұз қаласының еріктілерімен бірге зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек жинау пунктін ұйымдастырды.
"Осындай қиын кезеңдерде шынайы жанашырлық пен бірлігімізді көрсету керек. Өйткені тек өзара көмек, қолдау болса ғана апат салдарын жеңеміз. Біздің көмегіміз отандастарымыздың игілігіне жарасын", - деді " Екібастұз МАЭС-2 станциясы " АҚ Басқарма төрағасы Болат Қашағанов.